Басты ақпаратЕл тынысы

Конституциялық реформаның діңгегі – әділеттілік



2019 жылғы 9 маусымдағы Президент сайлауынан кейін Қазақстан өзінің даму жолындағы жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Осы сайлау еліміздегі билік транзитінің үдерісіне нүкте қойды. Сол сайлауда 70,96 пайыз дауыс жинаған ­Қасым-Жомарт Тоқаев ел Президенті болып сайланды. Мемлекет басшысы сайлау алдындағы науқанда өзінің алдағы саяси бағдарын нақтылап, мемлекетті басқару мен экономиканы дамыту салаларындағы жүйелі реформаларын жариялады. Арада өткен 4 жылда Қазақстан ескі жүйе мен жаңа бағыттың бір-бірімен тартысуымен байланысты біршама ағыны қатты кезеңді бастан кешірді. Осы тұста реформатор-президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған, бүгінге дейін толық жүзеге асырған реформаның бірі – конституциялық реформа.

Реформалардың басталуы – өзгерістердің басы

Еліміздегі мемлекеттік басқару саласының институттары мен бұтақтарын жетілдіру реформалары кезең-кезеңмен іске асырылды. 2022 жылы 5 мамырда Мемлекет басшысы Конституцияға түзетулер енгізуге арналған Жарлыққа қол қойды. Бұл саяси маңызы аса зор шешім болды. Бұл референдумның ерекшелігі сол, Президент өзінің өкілетін кеңейтуге емес, басқа институттарға бөліп беруді көздейтін конституциялық реформаға бастамашы болды. Мысалы, Президенттің өкілеті 7 жылға қысқартылды, ол бір-ақ рет сайлана алады. Сөйтіп, қазақстандықтардың 78 пайызға жуығы Конституцияға енгізілген түзетулерді қолдады. Мұның өзі қоғамның Президенттің төңірегіне топтасудың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетті.

Ескі жүйеде Президент басшылық етіп келген билік партиясының гегемониясы сақталғанын білеміз. Осы орайда, саяси партиялардың шынайы бәсекелестікке түсуі үшін әділетті талаптар енгізу маңызды, қажетті қадам болды. Президент өзінің өкілетін пайдалану кезеңінде ешқандай саяси партияға мүшелікке өтпейді. Бұдан бөлек, Президенттің жақын туыстары жоғары лауазымды саяси қызметке, квазимемлекеттік сектордағы лауазымды орынға тағайындала алмайды деген норма енгізілді. Осы өзгерістермен қатар Тұңғыш Президенттің өкілеті мен мәртебесіне қатысты барлық норма Конституциядан сызылды. Бұдан былай Президент облыс әкімін өзі тағайындай салмай, осы орынға лайықты деген бірнеше адамды ұсынады, соның ішінен әкімді облыстық мәслихат депутаттары таңдайды. Сондай-ақ Президент Сенаттың 50 депутатының 10-ын ғана өзі тағайындайды, соның ішіндегі 5-еуін Қазақстан халқы ассамблеясы ұсынады.

Қазақстанның жаңа демократиялық саяси модельге көшкенінің бір дәлелі – Президенттің бір мерзімге ғана сайлануы (бұл норма ешқашан түзетілмейді, оны қайта қарауға болмайды) емес, Конституциялық сот судьяларының өкілеті Президент пен Парламенттің өкілетінен ұзақ болатыны. Мәжілістің өкілетін күшейтуге жасалған қадамның бірі, сенаторлар төменгі палата қабылдаған заң жобаларын мақұлдауға я болмаса мақұлдамауға құқығы бар. Алайда жоғарғы палата сот жүйесіне бақылау жасауды құзыретіне алды. Бұдан былай Жоғарғы сот кеңесінің құрамын бекіту, Жоғарғы сот пен Конституциялық соттың төрағаларын сайлау Сенаттың қызметіне жатады. «Сот жүйесі және соттардың мәртебесі туралы» заңға сәйкес, сот төрағаларын сайлау жүйесін енгізу көзделуде. Сот жүйесіндегі өзгерістердің ішіндегі ең елеулісі – Қазақстан өлім жазасынан түпкілікті бас тартты. Бұрынғы Есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып өзгерді. Палатаның төрағасы жыл сайын екі рет Мәжіліске келіп, есеп береді.

Парламент пен мәслихаттарды жасақтау тәртібі өзгерді, олардың өкілеті күшейді. 19 наурызда жаңа аралас жүйе (партиялық тізім мен бір мандатты округтер) бойынша Мәжіліс пен мәслихаттардың депутаттары сайланды. Облыс мәслихаттарын қалыптастыруда 50/50 жүйесі енгізілді, ал аудандық және қалалық деңгейде толықтай мажоритарлық жүйе қолданылады. Сайлаушылар өзін-өзі ұсынып, депутат болғандардың қызметіне көңілі толмаса, мандатын қайтарып алады. Жергілікті жерлердегі лауазымды тұлғалардың сайлауға ықпалын жою үшін заңнамаға түзетулер енгізілгенін білеміз. Бұл жолғы сайлаудың негізгі 10 ерекшелігін атап көрсетейік:

  1. 2004 жылдан кейін алғаш рет Мәжіліске депутаттар бір мандатты округтер арқылы сайланды (98 депутаттың 29-ы);
  2. Үміткерлерге партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар атынан ғана емес, өзін-өзі ұсынуға мүмкіндік туды;
  3. Бұл кезектен тыс сайлау болғанмен, оның өтетін мерзімі жарты жыл бұрын белгілі болды;
  4. Партиялардың Парламентке өтуі үшін белгіленген төменгі шегі 7 пайыздан 5 пайызға төмендеді;
  5. Әйелдер, жастар және ерекше мұқтаждығы бар адамдар үшін қарастырылған 30 пайыздық квота партиялық тізім мен мандаттардың бөлінісі кезінде сақталды;
  6. Мәжілістің жаңа құрамында Қазақстан халқы ассамблеясының квотасы жойылды;
  7. Алғаш рет Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында «бәріне қарсымын» деген баған сайлау бюллетеньдеріне енгізілді;
  8. Сайлауға 7 саяси партия қатыс­ты. Оның екеуі партиялар туралы заңның жаңа нормалары күшіне енгеннен кейін тіркелді;
  9. Облыстардағы аймақтық сайлау комиссиялары кәсіби түрде жұмыс істеді;
  10. Сайлаушылар бес бюллетень бойынша дауыс берді (республикалық маңызы бар қалалардағы бюллетень саны төртеу).

Үміт пен сенім жеңіске жетеледі

5 маусымда елімізде республикалық референдум өтті. Соның нәтижесінде Ата Заңымыздағы өлім жазасы түпкілікті шегерілді. Президент бірқатар өкілетін Парламентке берді. Конституциялық сот құрылып, іске кірісті. Конституцияға «жер мен табиғат байлығының қожайыны – халық» деген норма енгізілді. Ата Заңға енгізілген осындай түзетулерді қазақстандықтардың 70 пайыздан астамы жақтап, дауыс берді. Іле-шала халыққа үндеу жолдаған ­Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға енгізілген түзетулер ауқымды реформалардың басы екенін атап айтты. Ал қыркүйектегі Жолдауында Мемлекет басшысы Қаңтар қасіретіне қатысушыларға рақымшылық жариялады. Сондай-ақ алдағы уақытта Президент және Парламент сайлауы өтетінін мәлімдеді. Мемлекеттік саясаттың негізгі мақсаты Әділетті Қазақстанды құру екенін тағы қайталап айтты.

Ауқымды реформаларды жүзеге асыру үшін Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың өзіне деген сенімін сынап, мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізді. 2022 жылдың 20 қарашасы еліміздің саяси өмірінің тарихына айтулы оқиға болып жазылды. Сайлау додасына «Әділетті Қазақстан: әркім үшін және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрқашан» деген өз қолымен жазған бағдарламасымен түсті.

«Әділеттілік идеясы біздің мемлекеттік саясатымыздағы негізгі тұғырымыз болады. Сондықтан біз «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген формуламен өмір сүреміз. Жаңа Әділетті Қазақстанды құру үшін біз жаңа мемлекеттік саясатқа көшеміз» деді Президент.

20 қарашадағы сайлауда Қасым-­Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың 81,31 пайыз дауысын иеленіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Сайлауға қатысушылардың келуі 69,44 пайызды құрады.

«Осы сайлауда жұртымыз маған зор сенім білдірді. Шын мәнінде, ел сенімін еш нәрсемен өлшеу мүмкін емес. Халықтың сенімі – ең құнды нәрсе. Сайлау нәтижесін халқымыздың саяси бағдарыма – бағасы, алдағы жоспарыма батасы деп қабылдаймын. Халқының қолдауына ие болып, ел тізгінін ұстау – ең биік мәртебе әрі орасан зор жауапкершілік. Алдағы 7 жылды бүгінгі буынның және келешек ұрпақтың алдындағы борышымды өтеуге берілген бірегей мүмкіндік деп білемін. Қазақта «аманат» деген асыл ұғым бар. Халқымның сенімі – маған аманат. Осы аманатқа адал болу – мен үшін қасиетті парыз. Ел үмітін ақтап, Қазақстанды өркендеген, бақуатты мемлекетке айналдыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын» деп ант берді Президент ұлықтау рәсімінде.

Биыл 19 наурызда аралас жүйеде өткен Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы Қасым-Жомарт Тоқаев реформаларының нақты жүзеге асырылып жатқанын әлемге паш етті. Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліске сайлауға қатысуға ұсынылған барлық 7 саяси партияның үміткерлерін тіркеді. 6 партия Мәжілістен орын алды.

Расында да, референдумнан кейін Конституцияның жаңа талаптарына сәйкес билік тармақтарын түгелдей жаңарту басталды.

«Халықтың да көптен күткені осы еді. Конституциялық өзгерістерге сәйкес, Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті. Референдумды қосқанда, бір жылға жуық уақыттың ішінде өте маңызды 5 саяси науқан өткізілді. Оның бәрі аса күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Қаншалықты күрделі болса да, біз еліміз үшін өте қажет жолды қысқа мерзім ішінде жүріп өттік. Қазақстанның жаңарып, жаңғыра бастағанына жұрттың көзі жетті» деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде.

Саяси реформалар жалғасы

Қаңтар қасіретінен бастау алған жыл мемлекеттілігіміз бен тәуелсіз­дігімізге қауіп төндіргенін дүние жүзі түгел көрді. Алайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың байыпты, салиқалы және прагматикалық саясатының арқасында еліміздің тұтастығы мен қауіпсіздігі сақталып қалды. Көшбасшылық қабілеті өз алдына, Президент, ең бастысы, өзінің туған ұлтын, елін шексіз сүйетінін ісімен дәлелдеп берді. Ел басына қатер төнген алмағайып кезеңде ішкі ресурс пен сыртқы күштерді өзара үйлесіммен біріктіріп, жан-жақты ойластырылған қадам жасау аса маңызды еді. Мұндайда тұлғалық қабілеті толысқан, дипломаттық және мәмілегерлік қасиеті бар басшы ғана дұрыс шешім қабылдайтынын көзімізбен көрдік. Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңаша ойлайтын саясаткер екенін, кез келген саяси дағдарыстан шығатын жолды дәл таба білетін кризис-менеджер екенін көрсетті.

2022 жылы басталған мемлекеттік-саяси қайта құру жоспары биыл Мәжіліс және мәслихаттар сайлауымен аяқталды. Бұл қадамдар саяси жүйедегі ойындардың жаңа ережелермен жүргізілетінін меңзеді. Реформатор Президент Қазақстанның жаңа саяси моделінің авторы және жүзеге асырушысы ретінде танылды. Билік пен бұқараны жақындастырып, арасына сенім мен жауапкершілік көпірін орнатқан ел басшысы, әлбетте, халықтың қолдауына сүйеніп отыр. Соңғы жылдардағы сайлау нау­қандарында халықтың ықыласына бөленіп қана қоймай, әділетті және маңызды реформалар жүргізуге сенімін алғанының өзі – зор жетістік. Бұл бағыттағы Қасым-Жомарт ­Тоқаевтың ұстанымы – тұрақтылық пен байыптылық.

Қасым-Жомарт Тоқаев тиімді де табысты саясаткерге айналған тұлға десек қателеспейміз. Ішкі және сыртқы саясатта әділдік пен ұстамдылық тізгінін тең ұстап келеді. Бір жағынан, ұлттық мүддемізді қорғауды, ұлттық құндылығымызды ұлықтауды үнемі алға тартады, екінші жағынан, алпауыт көршілермен ғана емес, өзге елдермен де достық, ынтымақтастық қатынастарды барынша кеңейтуге ұмтылады. Заманауи технологияларды игергені мен бірнеше шетел тілін меңгергені – бұл істегі басты жетістігі. Кәнігі дипломаттығы мен білім-білігі Президентке халықаралық саясатта орнықты, салиқалы стратегия, әдіс-айла ұстануға көмектеседі. Өн бойындағы жаңа заманның, жаңа буынның өкіліне тән қасиеттері еліміз үшін табысты жолды жаңылмай таңдауға, мың құбылатын саяси әлемде көршілермен де, басқалармен де дұрыс, оң қарым-қатынас жасауға, сол арқылы өркениетті елдердің көшіне қосылуға мүмкіндік берері сөзсіз. Лайым солай болғай!


Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button