Елорда тынысы

Латошинкадан табылды



Астана қаласының байырғы тұрғыны, еңбек ­ардагері Бақыт Қырғызбаева Ұлы Отан ­соғысына аттанып, із-түзсіз жоғалып кеткен атасының қай жерде жерленгенін тапты.

Ақмола облысының Қор­ғал­­жын әскери комиссариаты­нан 1942 жылы шақырылған ағайынды Хасен мен Нүркен Досмағанбетовтер бірден Сталинград майданына жіберілген. Олар бұрынғы Украинаға, қазір Ресейдің Волгоград облысына қарайтын Латошинка селосында болған. Көп ұзамай екеуінен де хабар-ошар үзілген. Кейіннен елге із-түзсіз жоғалды деген ақпарат келген. Бұл азаматтар Бақыт Досмағанбетованың әкесінің туған інілері еді. Бала кезінен осы аталарының соғыста жоғалып кеткенін естіп өскен Бақыт Сағиденқызы бертінде іздеуге кіріседі. Содан интернет арқылы Хасен Досмағанбетовтің Волгоград түбіндегі Латошинка селосында жерленгені туралы ақпарат алады.

2018 жылы Бақыт апай Айзада немересіне серік болып Украинада өткен халықаралық би конкурсына барады. Бір демалыс күнді пайдаланып Латошинкаға баруға шығады, алайда ол жерге тиісті құжатсыз адам жіберілмейді екен. Жергілікті әскери комиссариаттан немесе Сыртқы істер министрлігінен қағаз талап етеді. Осылайша Бақыт апа атасының жатқан жеріне жете алмай қайтады.

Ұзақ жылдар Астана қаласының дезинфекциялау стансасында жұмыс істеп, зейнет демалысына шыққан Бақыт апа бүгінде тиісті қағаздарын түгендеп қойыпты. Нүркен атамның да жатқан жерін іздестіре беремін дейді. Аталарымның басына барып, бейітінен топырағын ауылға әкеліп, құран оқытамын деп отыр. Біз болсақ апаның ақжарма тілеуінің орындалуына қолдау білдіріп, ақ жол тіледік.

Бақыт апаның тірлігіне қарап мыңдаған қазақтың басына қайғы-қасірет әкелген соғыстың жаңғырығы әлі басылмағанын аңғардық.


Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button