Ел тынысы

Марафоншылар мәреге жетті



Жарысқа елімізге мемлекеттік органдардың басшылары, бизнес қауымдастық өкілдері, танымал әртістер, спортшылар мен жүгіру клубтарының мүшелері қатысты. Таңғы 06:00-де EXPO кешенінің маңына жиналған желаяқтар арасында Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев та болды.

Марафоншылар мерекесін ашқан Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев:

– Astana Marathon-ның танымалдылығы артып келеді. Биыл әлемнің 10-нан аса елінен марафоншылар арнайы келді. Олар 10 және 42 шақырымды бағындырады.

Жүгірудің пайдасы және оның ағзаға әсері мол. Салауатты өмір салтының негізі – жүру, адымдап жүру, жүгіру және жүгіру кезінде орындалатын түрлі жаттығу. Жүгіруді дағдыға айналдырған тұрғындардың саны арта берсін! – деді.

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Astana Marathon Events командасы спорттық жарысты ұйымдастырды. 18 жастан асқан қатысушылар 42,2 шақырымға, 16 жастан жоғары желаяқ­тар 10 шақырымға жүгірді. Марафон қатысушылары мен қонақтары көңіл көтеретін бағдарлама мен фитнес жаттықтырушылар ұйымдастырған дене қыздыратын жаттығуға қатыс­ты. Марафонға қатысушыларға әр 5 шақырым сайын су ұсынылды. 42,2 шақырымға жүгірген марафоншыларға изотоникалық сусындар берілді.

2018 жылы Astana Marathon халықаралық марафондар мен жүгірулер қауымдастығына (AIMS) кірді. Бұл жарыс Орта Азиядағы ең танымал марафонға айналды. 2019 жылы Astana Marathon World Athletics Bronze Label-ді жеңіп, ол әлемдік атлетика ұйымы мойындаған Орталық Азиядағы алғашқы Label марафоны болды. 2020 жылдан бастап Astana Marathon Abbott World Marathon majors Wanda Age Group біліктілігі жоғары марафондардың тобына кірді.

Жарыс қорытындысы бойынша 42,2 шақырымға жүгірген әйелдер арасында Гүлнұр Елемесова мәреге 3 сағат 1 минут 15 секундта бірінші келді. Екінші және үшінші орынды Әлия Тұранова (03:06:08) мен Айнұр Маликова (03:10:45) өзара бөлісті. Ерлер арасындағы марафонда өзбекс­тандық Нодир Таниев үздік болды. Ол 2 сағат 39 минут 20 секундта мәре сызығын кесіп өтті. Одан екі минут кеш келген астаналық Әкім Еркебай екінші орынды алса, Айдын Қасенге (02:48:32) үшінші орын бұйырды.

18-39 жастағы әйелдер арасында Нұршат Есенбаева, ерлер арасында Мақсұт Шарипов дараланды. 40-44 жас бойынша Бибігүл Сүлейменова мен Данияр Қасымов үздік шықты. 45-49 жастағы желаяқтар арасында Роза Баймусина мен Кирилл Сергеев мәреге бірінші келді. 50-54 жас категориясында – Радик Хасанов, 55-59 жас категориясында – Валентина Титовская, 60-64 жас категориясында – Байзақ Талапнұр, 65-69 жас категориясында Валерий Куликов бірінші орын алды.

10 шақырымға жүгірген әйелдер арасында Ольга Сауп (00:39:08), ерлер арасында Әлімжан Балтабек (00:33:08) жеңіске жетті.

– Алда Қазақстан чемпионаты өтеді, соған қатысамын. Бұл жарыста бабымды тексердім. Өзімнің ең үздік нәтижем – 31 минут. Рекордымды бұзбасам да, чемпион атанғаныма қуаныштымын, – деді жарыс жеңімпазы Әлімжан Балтабек.

 

 


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button