Басты ақпаратМәдениет

Махаббат – мәңгі тақырып



Атақты жазушы Уильям Шекспирдің шығармасына арқау болған әлемдегі ең танымал трагедия – «Ромео мен Жульеттаны» қою, сахналау – әлемдегі барлық театрдың арманы және оны өзіндік ерекшеліктерімен көрермендерге ұсынуды мақсат етеді. Бұл шығарманы сахналаған әлемдік өнер ошақтарымен қатар отандық театрлар да баршылық. Соның бірі – 2022  жылғы қараша айында Астанадағы Жастар театрында сахналанып, керемет шоуға айналған болатын. Көрермендердің зор ықыласына бөленген, аншлагпен өткен қойылым демалыс күндері тағы да елордалықтардың назарына ұсынылды.

Сахна шымылдығы түрілген сәттен баурап алар әдемі махаббат хикаясының арқасында Веронаның көшелері тек жас ғашықтардың кездесу орнына ғана емес, адамдар арасындағы қулық пен сұмдық және массалық шайқастардың да орнына айналады. Мұнда жастардың әзіл-қалжыңы да, әні де, әңгімесі де, қайшылыққа толы текетірестері де сахнадағы жарықтарды, жарық партитураларын сәтті пайдалануы, түрлі эффектерді, жылқының кісінеуі, асауды үйрету, ойды өрілген арқанмен білдіруі, тағы басқа режиссердің шешімі мен шығармашылық ұжымның ерекше ізденісін білдіреді. Осылайша романтикалық махаббат трагедиясы Жастар театрының сахнасында да өзіндік көркем бейнесін тапты. Ежелгі түрік елінің өмір салты, киімі, музыкасы стилінде қазақтың ұрмалы саз аспабы – дабылды, шаңқобызды пайдалану арқылы әлемнің классикалық жауhарын қазақ көрермендеріне өзінің туындысындай, Ромео мен Жульеттаны өз туысындай қабылдатқанын айтуымыз қажет. Екі есімді де қазақтың табиғатына жақындатып, атауы құлаққа жақын, ыстық естіледі. Қазақ сахнасы, қазақ көрермендері Ромео мен Жульеттаны өз ұлы мен қызындай қабылдағанын көрдік. Қойылымда, әсіресе, ежелден ұлтымыздың дыбыс беру құралы болған қол шоқпармен ұрып ойналатын дабылдың қойылымның мағынасын тереңдете түскендей әсер алдық. Ұлт аспабы шаңқобыздың ғашықтар қолында қауіп пен қатыгездікке қарсы жүректердің шырылындай сезілгенін де байқадық. Бұл саз, бұл әуен қос ғашықтың өлімін жоқтағандай әсер етті…

Осылайша, бір-біріне ғашық болған екі жас, келісті де келбетті Ромео мен Жульетта жасырын некелесіп, өмірдің бар қиындығын бірге көрмек болған екі жас, өкінішке қарай, қабірде қосылды. Осы қасіретті оқиғадан кейін бірін-бірі ата жау көрген екі әулет – Монтекки әулеті мен Капулетти отбасы татуласты, бірақ бәрі тым кеш еді…

Трагедияны да тың, тартымды көріністермен сахналаған жастар театрының ұжымына тек алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Басты рольдерді Ромеоны – Шыңғыс Жақыпбай сомдаса, Жульеттаны Әсем Жорабек әдемі ойнап шықты.

Махаббат – мәңгілік тақырыптардың бірі. Оның қасында өлім  дәрменсіз. Ғашықтар қол ұстасып өмірден өтсе де олар жаққан от, олар жаққан алау ғасырдан ғасырға жастардың кеудесіне жаңа сезімдерді жағып, лаулай бермек. Шығарманың басты мақсаты да – осы.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button