Елорда тынысы

«Мәңгілік ел» салтанат қақпасы



Әуежайдан Мәңгілік ел даңғылы бойымен қалаға кірген бетте тартқан сымдай түп-түзу шұбаған жолдың қақ ортасында келген қонақты «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы қарсы алады.

Көрсе көз сүйсінетін осы бас қала символына айналған сәулет өнері 2011 жылдың 16 желтоқсанында ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ашылды. Жоба авторы – Қазақстанға ғана емес, әлемге кеңінен танымал архитектор, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сағындық Жанболатов.

Еліміздің ең алғашқы жасампаздық қақпасы «Мәңгілік ел» сәулет нысанының биіктігі – 20 метр. Оның сыртқы қасбетінің безендірілуі де ұлттық ерекшеліктерге толы. Әрбір қабырғаның төменгі табанында биіктігі 4,4 метр болатын көлемді мүсіндер бар. Композициялық тұрғыда бұл барельефтер нысанның төменгі жағында орналасқан. Өз кезегінде тұғыр үстіндегі арнайы бос орындарға қазақ ұлтының терең де тамырлы ішкі дүниесі мен сыртқы келбетін ашатын бедерлік мүсіндер қойылған.

Қақпаның сол жағына халқымыздың санасында ертеден қалыптасқан  даналықтың, данышпандықтың, ғұламалықтың нышаны, халықтың рухы мен ойының қорғаушысы Ақсақалдың мүсіні орын тепкен. Оның нағыз қазақтың ақсақалы екендігін ұлттық киімі көрсетіп тұр.

Қақпаның оң жақ бетінде, ойшықтың ішінде отбасының ұйытқысы – Әйел-Ананың бедерлі мүсіні алыстан көз тартады. Ол «Отан-Ана», «Жер-Ана», «Ана тілі» сынды киелі ұлттық ұғымдарға ұласады.

Осы аталған әрбір мүсіннің астында қазақтың шежірелі «Мәңгілік» белгісі жазуы тұр. Бұл – мемлекеттің мәңгілік екендігін, қақпада көрсетілген композициялардың тақырыптары қазақ жұрты үшін қашанда маңызды болатындығын көрсетеді.

Әрбір мүсіннің жоғары жағында мемлекеттің Елтаңбасы орналастырылған. Елтаңба нысанға айбындылық береді және оның мемлекет үшін ерекше маңыздылығын көрсетеді.

Қақпа ойшықтарының сан алуан үлгідегі жолақтары құрылысқа ұлттық ерекшелік беріп тұр. Ал ең жоғарғы бөлігі Көк байрағымызда қолданылған күрделі ою-өрнектермен әсемделіпті. Осында Туымыздағы күн мен қыран құс ерекше әсер береді.

Сондай-ақ көшпелі сарбаздың және қазіргі Қазақстан жауынгерінің мүсіндері ұрпақ сабақтастығынан хабар береді.

Ал қос бүйіріндегі «Тайқазан» тыныштық пен тоқшылықтың, шалқар көңіл мен қонақжай пейілдің терең мәнін білдіреді. Одан жоғарырақ «Елім менің аңсаған, баба үмітін ақтаған» және «Бірлік, ынтымақ – баянды  болашақ»  жазулары түзіліпті.

«Мәңгілік ел» салтанат қақпасының ішінен көрме галереясын тамашалап, ұшар басына көтеріліп, төрт қапталға қойылған дүрбілерден Астанаға биіктен көз жүгіртуге болады.


Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button