Елорда тынысы

«Орталық Азия – АҚШ» саммитіне қатысады



Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорк қаласындағы ­жұмыс сапары басталды. Сапар барысында Мемлекет басшысы БҰҰ Бас ­Ассамблеясы 78-сессиясының Жалпы дебатында сөз сөйлейді, сондай-ақ «Орталық Азия – АҚШ» саммитіне қатысады. Бұдан бөлек, Президент бірқатар мемлекеттің басшыларымен, халықаралық ұйымдардың және трансұлттық компаниялардың жетекшілерімен кездесу өткізеді деп жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысы Wabtec компаниясының президенті және бас атқарушы директоры Рафаэль Сантананы қабылдады. Кездесуде Қазақ­станның теміржол саласын жаңғырту аясында Wabtec компаниясымен арадағы ынты­мақтастық перспективалары талқыланды. ­Рафаэль Сантана Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанда сутегі технологиясын қолданатын  локомотивтер мен олардың қосалқы бөлшектерінің өндірісін іске қосу, инжиниринг орталығы мен технологиялық трансфертті ұйымдастыру үшін пысықталып жатқан инвестициялық жобалар туралы мәлімет берді.

Мемлекет басшысы компанияның көлік-логистика саласына шамамен 1 миллиард доллар инвестиция құю жоспарын құптап, мұның Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға ықпал ететінін және басқа да инфрақұрылымдық жобалар үшін негіз болатынын атап өтті. Президенттің АҚШ-қа сапары аясында «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамы мен Wabtec арасында стратегиялық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімге қол қойылды. Wabtec (Westinghouse Air Brake Technologies Corporation) Fortune 500 тізіміне кіреді, сондай-ақ ол көлік-логистика саласындағы жаһандық көшбасшылардың бірі саналады. Әлемнің 50-ден астам елінде компанияның филиалдары бар және онда 27 мыңнан аса адам жұмыс істейді.

***

Президент Citigroup компаниясының бас атқарушы директоры Джейн Фрейзермен кездесті. Кездесу барысында америкалық қаржы холдингінің еліміздегі қызмет аясын кеңейту перспективалары талқыланды. Еліміздегі бірден-бір америкалық банк саналатын Citibank Kazakhstan – халықаралық инвесторлар, мемлекеттік сектор және ірі кәсіпорындар үшін жетекші серіктестердің бірі.

Мемлекет басшысы жуыр­да жариялаған Қазақстан халқына Жолдауы аясында Үкіметке осы саладағы бәсекелестікті арттыру үшін елімізге үш сенімді шетелдік банкті тарту міндетін жүктегенін атап өтті. Осы ретте Президент Астана халық­аралық қаржы орталығының жаһандық инвесторлармен байланысын қамтамасыз ету және қаржы секторының цифрлық трансформациясын дамытуға атсалысу ісіндегі Citigroup компаниясының маңызды рөлін оң бағалады.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қазақстанның көлік-­логистика әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар жобаны қаржыландыруға ниет білдіріп отырған Citigroup холдингінің алдағы жоспарын қолдайтынын айтты.

Сонымен қатар әңгімелесу барысында макроэкономикалық болжамдар мен әлемдік қаржы нарығындағы негізгі үрдістер талқыланды. Кездесу аясында  «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен Citibank арасында Wabtec локомотивтерін сатып алу үшін қаржыландыруды ұйымдастырудың негізгі шарттары туралы келісімге қол қойылды.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button