Руханият

Осы жұрт Нұрмановты біле ме екен?!



Айтса айтқандай, қазақтағы көп есімдердің бірі – Ақан. Сол есімдердің басында әйгілі композитор Ақан сері тұрады. Ақан серінің әндері халық құлағында, ел жүрегінде. Әлі күнге дейін қазақ радио-телебағдарламаларынан бір түскен жоқ. Тіпті той-томалақ отырыстарында да, дастарқан басында көпшілік жиналған ортада Ақан серінің әндері айтылмай кетпейді. Ақан сері туралы дарынды жазушы Сәкен Жүнісов «Ақан сері» романын жазды. Бұл кітап әлі күнге дейін оқырмандар сұранысын тудырып келеді. Оның алдында классик жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» драмасымен қазақ көрермендері ертеден таныс.

Жә, жеткілікті айттық делік, мұның бәрін тәптіштеп отырған себебім, қазақта тағы бір Ақан бар.

Ол – талантты жазушы, өмірден ертерек өткенімен, артында өшпес із қалдырып кеткен қаламгер. Оның «Құланның ажалы» деп аталатын құнды шығармасы бірден оқырмандар назарына ілікті. Оған өзімен бірге қалам тербеген талантты жазушылар Әкім Тарази, Сайын Мұратбеков, Қалихан Ысқақ, Рамазан Тоқтаров кезінде әдеби басылымдарда пайымды пікір айтып, қазақ әдебиетінің қоржыны тағы бір тың классикалық шығармамен толысқанын қуана құптаған болатын.

Анығын айтсам, өткен ғасырдың 60-70-жылдардағы қазақ әдебиетінде «Құланның ажалындай» аса танымал кітап болған жоқ.

«Өлдің, Мамай, қор болдың» дегендей, Ақанның көзі жұмылғаннан кейін талантты қаламгер туралы там-тұмдап қана айтылатын болды. Бірақ Ақанның шығармалары туралы әдеби талқы толастамай, тіпті ол туралы есте қалар естеліктер жиі жарық көріп жатты.

«Құланның ажалы» романының көркемдік құндылығын кеңінен талдап, тарихи маңызын тереңінен таратып айтқан қазақтың атақты сыншысы Мұхаметжан Қаратаев еді.

Қазіргі кезде Ақан армандаған қастерлі кейіпкер – Кейкі Көкембаевтың басы Санкт-Петербургтің кунст­камерасынан табылып, туған жері Торғай топырағына тап­сырылды

Қаратаевтың қалың оқырманды өзіне қаратқан дуалы сөзі әдеби қауымға зор әсер етті. Тіпті бұл шығарманы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынғысы келгендер де болды. Бірақ «көзі жоқ адамдарға сыйлық берілмейді» деген сол кездегі ынсапсыз пікір бұл әңгімені әрі қозғауға тыйым салып тастады.

Ақан тірі болғанда оның жолын талантты шәкірттері әлі күнге жалғастыра берер еді. Ақан дүниеден өткенімен, оның артында қалған құдіретті шығарма – «Құланның ажалы» бойынша қаншама деректі зерттеулер, ғылыми еңбектер, драмалар, кинотуындылар дүниеге келді. Солардың бірі болып мен, өзімнің де хас батыр – Кейкі тақырыбына қалам тербеуіме Ақан сынды асылды көзім көріп, аз да болса тәлім-тәрбиесін алған себеп болған шығар деймін.

Қазіргі кезде Ақан армандаған қастерлі кейіпкер – Кейкі Көкембаевтың басы Санкт-Петербургтің кунсткамерасынан табылып, туған жері Торғай топырағына тапсырылды. Бұл жөнінде Қазақ елінің баспасөз құралдары құлшына қуана хабар беріп, жер-жерге таратты.

Енді қалың елдің көкейінде қалған бір көмбе, Кейкі батырдың алғашқы жоқтаушысы, батыр туралы батыл ой орнықтырып, әдеби қазына қалдырған қазақтың классик жазушысы Ақан Нұрмановтың өзін әспеттеп, құрметтеу әлде де кемшін екенін еске салғым келеді.

Әзірге Ақанның туған ауылында оның есімімен аталатын бір мектеп бар екенін естігенбіз.

Ал жазушының ізі қалған Амангелді мен Арқалықта, Қостанай мен Алматыда Ақан есімінде бірде-бір көше, оның атын ардақтайтын бірде-бір нысан жоқ.

Құдайға шүкір, бұл күнде тәуелсіз мемлекет болдық. Осылай бүкіл халқымыз аңсаған тәуелсіздікті өзінің кейіпкері арқылы толғаған Ақанның есімін ұмытпай, ұлықтауға қозғалыс әлі болмай жатыр.

Бүгінгі таңда Ақанның оқырмандары – ел-жұрт азаматтары бірігіп, оның есіміне егемен елдің елордасында бір көше берілсе деген ұсынысын қалалық ономастика комиссиясының назарына «Астана ақшамы» газеті арқылы жеткізгім келеді. Бұл азат елдің астанасы үшін Ақан Нұрманов сияқты бүкіл оқырман және әдеби қауым баяғыдан бері классик деп таныған жазушы есімін қастерлеудің ұлттық үлгісі болары сөзсіз. Сайып келгенде, 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілістің сардары, халық батыры Амангелді Имановтың сенімді серігі болған, тәуелсіздік жолындағы күресте жанын қиған Кейкі мерген Көкембаевтай аңыз адамның көркем бейнесін сомдаған суреткер Ақан Нұрманов қалай қастерлесек те, соған лайықты тұлға. Бұл шара бүгін біз құрып жатқан «Жаңа Қазақстан» тарихына жазылып қалар, ұрпаққа үлгі жасампаз ісіміздің бірі болар еді.

Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының ­иегері, Қазақстанның ­еңбек сіңірген қайраткері




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button