Елорда тынысы

Оңалту орталығын ашуға көмектеседі



Елордадағы «Ерекше аналар» оңалту орталығында болған «TIKA» түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің басшылары оңалту орталығын ашуға көмектесетінін мәлімдеді. Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі жанындағы аталған агенттік президенті Серкан Каялар және агенттіктің Қазақстандағы үйлестіру кеңсесі үйлестірушісі Хүсейін Хикмет Өзденоулу кездесу барысында осылай деді.

Елордада былтыр ашылған «Ерекше балалар» оңалту орталығында қазіргі таңда ерекше қажеттіліктері бар 157 бала бар. Оңалту орталығының қызметі тегін. Мүгедектігі бар балалардың аналарының қолдауымен құрылған орталықта сал ауруы мен аутизмге, Даун синдромына шалдыққан балалардан құралған он топ жұмыс істейді. Балаларға дефектолог, логопед, музыкалық терапевт, массажист, нұсқаушы мамандар көмек көрсетеді.

Іс-шара барысында тараптар тәжірибе алмасуға уағдаласты. «TIKA» түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі президентінің оңалту орталығы сапарында екі жақ бірігіп жаңа жоба құруға келісті.

– Қазіргі орталыққа ең көп дегенде 160 бала ғана сыяды. Осы ретте Серкан Каялар бізге жаңа филиалдар ашуға көмегін бермек, жарақтандыруға жәрдемдесетін болды. Енді орталықты кеңейткіміз келеді. Алдағы уақытта олармен табысты жұмыс жүргіземіз деген ойдамын. Сондай-ақ екіжақты тәжірибе алмасуға уағдаластық. Олар біздің мамандарды оқытатын болды. Ол жақтан үйренген тәжірибемізді өз елімізде пайдаға жаратамыз, – дейді «Ерекше аналар» оңалту орталығының директоры Салтанат Қалеева. Серкан Каялар оңалту орталығымен танысқаннан кейін жүргізіліп жатқан жұмыстарды жоғары бағалап, өзінің сый-сыяпатын табыстады.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button