Басты ақпаратЕл тынысы

Панфиловпен кездескен ардагер



Жеңіс күні қарсаңында сұрапыл соғыс жылдарында отандастарымыздың біздің осынау жарқын өміріміз үшін жан аямай жасаған ерлігі туралы еске алмасқа болмайды. Соғыс қаншама отбасына қайғы-қасірет әкелгенін, талай шаңырақ иесіз құлағанын, ерлеріміздің майдан даласында қаза тапқанын еске алу, елге оралғандарын құрметтеу – біздің борышымыз.

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагердің бірі – Жақан Сейсенбаев. Ол 1925 жылы 10 наурызда Алматы облысы Кербұлақ ауданы Сәтман ауылында дүниеге келді. Ғасырмен құрдас ақсақал 1942 жылы 17-ге енді толған кезінде әскерге шақырылып, Мәскеудің жанындағы Молты стансасында дайындықтан өткен соң, майдан шебіне аттанады. Белоруссияны азат ету ұрыстарына қатысады.

– Алғашында бізге соғыс техникаларын, артиллериялық құралдарды меңгеруге үйретті. Содан кейін мен 5-армиядағы 3-Белорус майданының 13-минометтік полкінде атқыш болдым, – дейді Жақан ақсақал бізбен әңгімесінде.

– Сол жылы басымнан жарақат алып, әскери госпитальға түсіп қалдым. Емделіп шыққан соң майдан шебіне қайта аттандым. Сол кезде маған «Батылдығы үшін» медалі берілді. Майдан даласында жүргенде тағы да екі рет жарақат алдым – сол қолыма бомбаның ұшы тисе, екіншісінде сол аяғым жараланды. Шамалы ем-дом алған соң бізді тағы да майдан шебі күтіп тұрды.

Соғыс туралы айту, бірге шайқасқан жауынгер достарын еске алу кім-кімге болса да оңай емес. Жақан ақсақал мына әңгіменің шетін шығарды.

– Майдан даласы өлім мен өмірдің айқасы болып жатқан сұрапыл соғыс қой, бір күні командирлерден «Жігіттер, біздің үстімізден алпыс шақты жаудың танкісі өтетін түрі бар. Дайын болыңдар!» деген бұйрық естілді. Шынында да, біз тұрған окопқа қарай жаудың қара құрттай қаптаған танкілері жөңкіліп келе жатқанын көрдік. Содан «Катюшамен» атқылап, автоматпен оқ жаудырып, қолдағы гранаталарды лақтырып, жанталасқан қиян-кес­кі ұрыстың ортасында қалдық. Дұрыс берілген бұйрық, жанқияр­лық ерлік, қайтпас рухтың ар­қасында немістің қаптаған танкісі дегеніне жетпей, көз алдында жанып, жойы­лады. Жауынгерлердің бұл таңғажайып ерлігі майдан даласына аңыз болып тарағаны есте.

Кебенек киіп елге оралған Жақан ақсақал сонау қаhарлы жылдарды мұңая еске алып, майдандас достарының суыққа да, желге де, боранға да, аңызақ шөлге де төтеп бергенін, су таппай қиналғанда лас суды да талғажу еткенін айтады.

Ардагер Жақан Сейсенбаев айтқан тағылымды естелік көп. Соның бірі – Мәскеу түбіндегі Волоколам тасжолын қорғаған атақты қолбасшы, генерал-майор И.Панфилов және ол басқарған 316-атқыштар дивизиясы (кейіннен 8-гвардиялық-панфиловшылар дивизиясы) туралы айтқаны. Жақан ақсақал генерал-майор И.Панфиловты көріп, аңыз адаммен жолыққанын ерекше толқып айтады, тіпті көңілі босағанын байқадық.

Жақан Сейсенбаев жеңісті Германияның Кёнигсберг қаласында қарсы алады. Таңғы сағат 8-де командирлері сап­қа тұрғызып, соғыстың аяқталғанын хабарлайды. Бұл жеңіс қаншама құрбандықпен келді, ойлаудың өзі қорқынышты, қаншама адам құрбан болды, жойқын жарылыстар, алапат оқиғалар орын алды, адамзат бұрын-соңды естіп-білмеген сұмдықтарды көрді. Сондықтан ақсақал да, оның қаруластары да қуанышты күнді жылап тұрып қарсы алады…

Жақан ақсақал соғыс біткеннен кейін бірден ауылға қайта қоймайды, әрі қарай жапон соғысына қатысады. 1947 жылды Владивостокта қарсы алады. Елге, Қазақстанға 1948 жылдың сәуір айын­да келеді. Он жетідегі көкөрім жасында соғысқа аттанған ол 23 жасында аман-есен елге оралып, Рыс есімді қызға үйленіп, шаңырақ көтереді. Еңбек ете жүріп, политехника техникумының бухгалтерлік есеп факультетін оқып шығады. Мамандығымен Көксу ауданының Алғабас ауылында бухгалтер болды, зейнетке шыққанға дейін ауыл шаруашылығында ферма меңгерушісі ретінде қызмет атқарады. Зайыбымен үш қыз бен ұлды тәрбиелеп, өсіріп, ел қатарына қосты. Бұл күнде ол – балаларынан тараған немере, шөберелердің сүйікті атасы. Ардагер Жақан ақсақал қазір Астана қаласының тұрғыны, кенже қызы Розаның қамқорлығында.

Елімізде, елордада кеудесіне орден-медальдары жарқыраған, кешегі күннің ыстық естелігіндей қарттар өте азайып барады. Ғасыр­ға жуық ғұмыр жасап, артына тек ізгілікті істерін қалдырған ардагер Жақан Сейсенбаев ақсақал ерекше жан ретінде тарих беттерінде қалатыны айдан анық.

Жасай бер, Жақан ақсақал дей бергің келеді!

Баянды ӘЛПИ,

Астана қаласы

Алматы ауданы Ардагерлер

кеңесінің мүшесі




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button