Мәдениет

Ресейлік шахматшы алға шықты



Астанада шахматтан өтіп жатқан әлем чемпионатында үміткерлер ресейлік Ян Непомнящий мен Дин Лижень арасындағы 8-партия тең нәтижемен аяқталды.

Ал әзірге жалпы есеп 4,5:3,5. Ресейлік үміткер алға шықты. Алда әлі 6 партия бар.

Әлем чемпионаты аясында Қазақстан әйелдер құрамасы мен әлем құрамасы арасында командалық халықаралық матч өтті. Әлемдік рейтингте бірінші болып тұрған қытайлық Хоу Ифань бастаған әлемдегі үздік шахматшыларға Бибісара Асаубаева, Динара Сәдуақасова және Жансая Әбдімәлік секілді тәжірибелі гроссмейстерлеріміз бен жас шахматшыларымыз қарсы ойнады.

Блиц-шахматтан әлемнің екі дүркін чемпионы Бибісара Асау­баева әлемнің төрт дүркін әлем чемпионы Хоу Ифаньді екі рет тізе бүктіріп, отандастарымызды бір қуантып тастағанымен, жас шахматшыларымыз үздіктердің тегеурінді ойынына қарсылық көрсете алмады. Дегенмен, Астана қаласының 17 жасар шахматшысы, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы және 2022 жылғы классикалық шахматтан Қазақстан чемпионы Меруерт Камалиденованың әлемнің төрт дүркін чемпионы Хо Ифаньді жеңгенін үлкен жетістік деп бағалауға болады.

Ал екі күнге жалғасқан 8 турдың нәтижесінде Дана Рейзниеце-Озола жетекшілік еткен әлем құрамасы 34,5:29,5 есебімен жеңіске жетті. Халықаралық матчтың ережесіне сәйкес, жеңімпаз атанған құрамаға 30 000 АҚШ доллары, екінші орынға 20 000 доллар көлеміндегі қаржылай сыйақы берілді.

Ең бастысы, бұл кездесуде отандас шахматшыларымыз әлемнің ең үздік шахматшыларымен шеберлік байқасып, мол тәжірибе жинап қалды.

Айтпақшы, осы матчтың барысында Бибісара Асаубаеваға салтанатты жағдайда «Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері» атағы тапсырылды.


Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button