Елорда тынысы

Самокат айдауға куәлік талап етіледі



Елімізде электр самокатпен жүруге жүргізуші куәлігі талап етілмек. Бұл заң жобасы әлі де қаралып жатыр. Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Мәжілісте электр самокатпен жолда жүру тәртібі туралы айтты.

Кеше Мәжілістің жалпы отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды. Құжат аясында электр самокаттармен жолда жүру тәртібі реттеледі.

– Құжат депутаттардың ұсынысы бойынша енгізілді. Заң жобасы аясында самокатпен жолда жүру тәртібі реттелмек. Мәселен, жолдың оң жақ шеткі бөлігінде 18 жасқа толған, жүргізуші куәлігі бар, сондай-ақ басына тиісті шлем киген адамдарға жүруге рұқсат берілмек, – деді Марат Ахметжанов. Министрдің сөзінше, жаяу жүргіншілер жолағында самокатпен жүрсе, онда жаяу жүргіншілерге басымдық беріледі.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, электр самокаттардың жолдармен және тротуарлармен жүруі жаяу жүргіншілер мен жүргізушілерге қауіп төндіруде. «Жобаға сәйкес электр самокаттар көлік құралы ретінде танылады, сондай-ақ жүру жылдамдығы сағатына 25 километрге дейінгі көлік құралдары электр самокат санатына жатады. Электр самокаттар велосипед жолдары мен жол жиектерінде шектеусіз жүре алады. Тротуарларда сағатына 6 километрден аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі. Бұл тәсіл көліктің жаңа түрін пайдаланатындар мен жаяу жүргіншілер үшін ең қолайлы шешім» деді депутат. Оның пайымынша, тротуардағы жылдамдықты шектеу – жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button