Елорда тынысы

Сан салаға серпін береді



Кеше елордадағы әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» тақырыбындағы Жолдауын талқылау бойынша білім саласындағы мамандардың дөңгелек үстел отырысы өтті.

Мемлекет басшысы Тоқаевтың Жолдауын жастарға ішкерілей түсіндіру мақсатында өткен бұл дөңгелек үстелге балабақша, мектеп, колледж, қосымша білім беру ұйымдарының жас мамандары қатысты.

Шараға спикер ретінде шақырылған елордадағы №82 «Дарын» мамандандырылған лицейі тарих пәнінің мұғалімі Жұмагүл Жүнісбекқызы алдымен Жолдаудың 5 бағдары туралы тоқталып, ондағы басты ерекшеліктерді егжей-тегжейлі түсіндіріп шықты. Соңынан жас мамандар топтарға бөлініп Жолдауды талқылады.

– Жолдау мемлекет дамуының стратегиялық жоспары саналады. Бұл жоспар барлық саланы дамытуға бағытталған. Демек, алдағы уақытта тек білім беру, емдеу денсаулық саласы ғана емес, барлық салаларда оң өзгерістер болатыны сөзсіз. Яғни Жолдау сан саланың дамуына тың серпін береді, – деді Астана қаласы әкімдігінің білім беруді жаңғырту орталығы басшысының орынбасары Дидар Байтасов.

– Жолдаудың жалпы мазмұнынан «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» образы менмұндалап тұр. Жолдауда айтылған жоспарлар алдағы уақытта түгел жүзеге асады деп сенемін. Қазір еліміз маңызды бұрылыс кезеңде тұр. Қазақстан халқының бірлігі мен мызғымас достығы да осы кезеңде сыналады. Сондықтан бізге береке, бірлік керек, – деді Астана қалалық техникалық шығармашылық орталығының мұғалімі Сайлаубек Қайратұлы.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button