Басты ақпаратЕл тынысы

Семей полигоны ел қасіреті еді

1949 жылдың 29 тамызынан 1989 жылдың 29 тамызына дейін қырық жыл бойы қазақ даласына зәһарын шашып келген Семей полигоны 1991 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен жабылды. Осы қырық жылдан астам уақытта Семей өңірінде 456 жарылыс болыпты. Ең бір қауіптісі ол 1962 жылға дейін ашық, яғни ауада және жерүстінде  болған. Тек содан кейін ғана дүмпулер жер астына ауыстырылған. 

Байырғы тұрғындардың естілігінде айтылғандай, полигонды жабу туралы жарлық бір жұмыс күні ішінде дайындалып, оған сол күні-ақ қол қойылыпты. Негізі ол сол кездегі ел ішінде айқын көріне бастаған халық наразылығын басу үшін қолға алынған шешім болған көрінеді.

Жарлыққа қол қойылуының өзі де аяқ астынан болыпты. Оны өз естелігінде белгілі эколог, экономика ғылымдарының докторы, профессор Атамұрат Шәменов былай деп баяндайды:

«Кейін білгенімдей, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қолына жарлық нұсқасы тиісімен, жиналыс үзілісінде, тіпті өз кабинетіне бармастан, Жоғарғы кеңесте отырып, телефон арқылы Одақ басшысы Михаил Горбачевпен тікелей сөйлесіп, ядролық қару сыналатын полигонды жабу жөнінде шешім шығаруға көндіріп, келісімін алған. Сол сәтте-ақ жарлыққа қол қойып, осынау сүйінші хабарды алаңда шеруге жиналған халыққа жеткізуге тапсырма берілген.  Әшейінде заңды құжаттарға бірнеше ай бойы қол қойы­лып, мөр басылмай тұрып алатын болса, Семей полигонын жабудың құжаттық жұмыстары бір-ақ күнде жүзеге асырылды. Сонымен Қазақстан Республикасы Президентінің 1991 жылғы 29 тамызындағы №409 Жарлығымен Семей ядролық  полигоны мәңгілікке  жабылды. Жарлықтың шығуы елде орнығып келе жатқан демократияның жеңісі болатын.

Содан кейін 1994 жылдың желтоқсанында әлемнің ядролық алпауыттарымен біздің еліміздегі қауіпсіздіктің кепілі туралы Меморандумға да қол қойылды. Сол  жылы ел аумағынан барлық ядролық қаруды шығару аяқталды. Қазір Қазақстан өз жеріндегі ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан мемлекет ретінде әлемге үлгі болып отыр. Бұл мемлекет тарихындағы келелі іс болып  қалды.

Семей ядролық полигонын жабуда белгілі ақын, қоғам және мемлекет қайраткері Олжас Сүлейменов пен Халық конгресі партиясының, «Аттан» қозғалысы өкілдерінің еңбегі орасан зор. Сондай-ақ, Семей өңірінің белгілі перзенті Кешірім Бозтаевтың да осы іске төккен маңдай терін атап айтқан жөн. Семей полигонын жабу мәселесіне атсалысқан осындай азаматтар сол уақытта аз болмады».

Шынында да Семей полигоны – ел тағдырындағы ғана емес, адамзат тағдырындағы үлкен қасірет. Жарты ғасырға жуық уақытқа созылған жарылыстан бірнеше ұрпақ зардап шекті. Қоршаған ортаға келтірген залалы да ұшан-теңіз. Ол жердегі ядролық зарядтардың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2,5 мың есе асып түседі екен. Алайда соншалықты бүлінген табиғатты қайта қалпына келтіру оңай шаруа болмай отыр. Семей полигоны алғаш жабылған жылдары экологиялық аймаққа көңіл бөлініп, түрлі бағдарламалар, жоспарлар жасалған-ды. Бірақ уақыт өте келе солардың барлығы дерлік аяқсыз қалды. Бұл істе әлемдік тәжірибесі бар елдермен бірлесіп жұмыс атқару керек-ақ.

Осы өлкедегі ядролық сынақтың салдарынан соңғы жылдары әр жүз мың адамға шаққанда жүйке-психологиялық ауруға шалдыққан адамдардың саны 960-тан 1624-ке, ақыл-ойы кем адамдар 3105-тен 4612-ге, невроз және жүйке тамыр дерті бар адамдар 3692-ге көбейген. Ал сары ауру, іш ауруы, туберкулез сияқты ауру түрлері халықты әбден меңдеп, арасында көпшілігі нағыз тұқым қуалайтын дауасыз рак, паралич, анемия, жазылмайтын тері ауруларының алуан түрлеріне душар болып отыр.

Әлемдік технологиялардың көмегімен біраз зардабын жоюға әрекет жасалып жатыр. Ең алдымен елдің денсаулығын нығайтып, экологияны қалпына келтіру басты мәселе болып келеді. Ол үшін халықаралық деңгейде көптеген зерттеу жұмысын жүргізген жөн. Олай дейтініміз, өңірдегі экологиялық көрсеткіш әлі де қауіпті деңгейде. Бірақ соған қарамастан жергілікті тұрғындар сол жерде малын бағып, суын ішіп, ауасын жұтып, өмірін сүріп жатыр.

Полигон жабылып, ядролық сынақ жүргізу тоқтатылғанымен, сол бір қорқынышпен еске алатын үрейлі күндер халықтың жүрегінде қалып қойды. Уланған ауа мен топырақтың зардабы, экологияға келген орасан шығынның орны енді қайтіп толмаса да, үкімет сол жердің қарапайым халқына денсаулығын түзеп, табиғатты барынша сауықтыру үшін қолдан келгенше жағдай жасаса дейді семейліктер. Семей тек сол топырақта туған жанның қасіреті, сол жерде өсіп-өнген ұрпақтың жан жарасы болып қалмаса екен деген тілек зор.

Сағи ОРАЛҰЛЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button