Мәдениет

Шежірелі қарттар, аман бол!



Ел қарттары – қоғам қазынасы. Олардың орны қашан да төр. Күздің алғашқы күні – ақынды да, алыпты да, батырды да, қайраткерді де өмірге әкелген алтын құрсақ, жаны ізгі абзал аналар мен ақылман қарияларды құрметтейтін күн. Осы бір атаулы күні Астана қаласы әкімдігі тарапынан ыждаһаттылықпен елорда тұрғындарының егде жасты еңсерген қарияларға құрмет көрсету дәстүрге айналған. Үлкенге құрмет көрсету кейінгі жастарға өнеге болары анық.

Осындай жағымды жаңалыққа мұрындық болып жүру қашан да ел басқаратын азаматтардың еншісіндегі игі іс деп білеміз. Ол азаматтар елге елеулі, сан жылдар қазақ қоғамының өркендеуіне, еліміздің гүлденуіне аянбай еңбек сіңіріп, ұрпақ өсірген, бүгінде төрге шыққан ақсақал, ардагер, қарияларды назардан тыс қалдырмай, құрмет жасауы жақсы дәстүрге айналған.

Астана қаласының әкімі ­Алтай Көлгіновтің басшылығымен аудан әкімдері де тұрғындарға зор құрмет көрсетуде. Қарттар күні үлкен мерекеге ұласып, кезегімен салтанатты кештер мен рухани басқосулар ұйымдастырылды. Қала әкімдігі шаһарда бой көтерген театрлардағы қойылымдарға тегін шақырылымдар жасап, ерекше көңіл бөлуде. Сөзімізге дәлел, Қарттар күніне арналған және Ардагерлер ұйымының құрылғанына 35 жыл толуына орай «Ардагерлер ұйымының шежіресі» атты аса маңызды іс-шара өтті.

Тарихы шежіреге бай елордалық ардагерлер тәуелсіздіктің бастауын қалаған аға буын өкілдерін еске алып, арнайы шақырылған отбасыларға қазақтың салт-дәстүрімен мерейлі отбасы иесінің алтын құрсақты аналары қалалық Ардагерлер ұйымының атынан қасиетті ақ жаулық жауып, Қазақстан Республикасының құрметті қарауыл ротасының сарбаздары ықыласын білдірді. Қонақтардың қатарында Халық қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов­тің қызы Айсұлу Сағадат­қызы және қала, аудан ардагерлері ұйымдарын кезінде басқарған, пандемия кезінде бақилық болған азаматтардың асыл жарлары мен ұл-қыздары, немерелері шақырылды. Дәстүрмен құрмет көрсеткен мәуелі бәйтерек иелері қатарында болғандар: Дариға Қазбек, Райхан Тілегенова, Рысты Атығаева, Әбеу, Үміт Дүйсенова, қажы Роза Шарапи, Күлзира Искакова, Майсара Нұрланова, Зағижан Бикебаева, Жанна Ақбергенова, Арайлым Рахымқызы, Сәуле Желдібаева.

Әлем таныған тәуелсіз Қазақ­станның елордасы Сарыарқа төрінде, аты қайта оралған Астанада Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның «Астана» концерт залында және қаладағы барлық мәдени ошақта бірнеше күн қатарынан концерттік бағдарламалар ардагер көрермендердің көзайымына айналды.

Уақыт жаңаруды, жаңаша ойлауды талап етуде. Соған орай күн тәртібіне ардагер қарияларымыздың хал-ахуалын жақсарту мәселесі қойылуда. Олар саналы ғұмырын қоғамның дамуына сарп етті. Арасында абыз қариялар мен ақылы асқан ардагерлер аз емес. Кеудесі алтын сандық қариялар қашан да құрметке ие. Қазақ ақылман ақсақалдарын, қазыналы қарияларын, көп арасындағы ел ағаларын төрге отырғызып, қадір тұтқан. Осы кездесудің құрметті қонақтары: Оралбай Әбдікәрімов, Өмірзақ Озғанбаев, Валентин Щербаков, Төлеген Мұхамеджанов, Өмірзақ Болсамбеков, Марат Нағұманов, Фарид Галимов, Сансызбай Есілов, Есет Байкен.

Бұл атадан кейінге дәстүр сабақтастығы болған, тіпті аманат ретінде қалыптасқан жарқын құрмет санатында жүзеге асып келеді. Сөз жоқ, бұл арада қалалық әкімдік аппараты ел қамын жеген азамат ретінде танылып, үлкен жауапкершілік танытып жүргеніне астана жұртшылығы дән риза. Бұл қазақ бойындағы қарияларға жасалатын сыйластық үрдісі екенін, мейірім мен қамқорлық қасиетінің маңызы зор екенін паш етеді.

Иә, көп арасында қариялар атына лайық адамдар баршылық. Қартайғанда қадірі қашып, қатардан шығып қалған жоқ. Қазақы ұғымда «Ауылыңда қартың болса, жазылып қойған хатпен тең» деп жасы кішілерге үлгі болар құрмет көрсеткен. «Төріңнен қарт кетпесін» деп той-томалақ, басқосуды батасыз бастамаған, қариялардан алғыс алуға тырысқан. Бұл үрдіс қазақ арасында әлі де назардан тыс қалып, көңілде жат болған жоқ. Қала әкімі Алтай Көлгінов осы үрдісті жаңғыртып, Астана қарияларының батасын алып, алғысына кенелуде. Иә, қоғам сан алуан өзгерістерге толы. Алайда ардагерлер алаңдамай, әдемі қартаюға лайық. Қоғам дамуында түрлі реформалар жасалуда. Ел ақсақалдары мен мейірім шуағын төккен ана-кейуаналар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған Конституцияға енгізілген өзгерістерге оң пікірмен қолдау жасайды.

Жаhанданудың салқыны тиіп жатқанмен, елімізде мемлекет тарапынан қарияларымызға айтарлықтай көңіл бөлінуде, бір реттік болса да көңілге демеу боларлық әлеуметтік көмек көрсетілуде. Сондай-ақ әкімдіктің де қолдауымен зейнет жасындағы қарияларға қолайлы жағдай, тиімді көмек жасалуда. Оған дәлел елорда аудандарында «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарының ашылуы. Аталған орталықтарда барынша зейнеткерлердің хал-ахуалын, күй-жағдайын бір жүйе арнасына жұмылдыратын сан алуан үйірмелер мен секциялардың жұмыс істеуі қолайлы болып тұр. Бұл орайда қаладағы орталықтардың директоры М.Еркетаевтың еңбегін атап айту орынды. Қашан да ел арасында бата берер аталар барда жастар тәрбиесі салтанат құрмақ. Ата тәрбиесін алған ұрпақ пен батасын алған балаға халықтың ықыласы ерекше. Жақын туған-туысы болмаса да, қазақ халқы қарияларды жалғыз қалдырмаған. Жалғыз басты қария­ларға арнайы әлеуметтік үйлер ашылып, қамқорлық жасалуда.

Астана қалалық ардагерлер жеке қайырымдылық қорының құрылтайшыларына 1 қазан – Халық­аралық қарттар күніне арналған елордалық аға буынның жағдайына атсалысып, қайырымдылық көмек көрсеткені үшін, әсіресе әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту жолында қосқан сүбелі үлесіне шын жүректен алғыс білдіреді. Атап айтқанда, көкейге қонымды игі шараларға көмек қолын созған кәсіпкерлерге ризашылық танытып: «Құрылысконструкция» АҚ директоры Виктор Буллерге және «КАZРАСО» ЖШС директоры Гайнулла Тажиевке, сонымен бірге жеке қайырымдылық қорының президенті Ғабит Сәтмағамбетовке, тағы басқаларға, яғни осындай үлкен жүректі азаматтарға алғыс айту лайықты.

Барша аға ұрпақ өкілдері, соғыс және еңбек ардагерлерінің атынан қайырымдылық қорының ұжымына, өз елінің патриоттарына зор денсаулық, отбасыларына амандық, еңбекте табыс, тәуелсіз мемлекетіміздің экономикасының нығайту жолында өрлеуіне тілектестік білдіреді. Ендеше қалалық әкімдік осындай ізгілікке толы жұмысты атқаруда, ел сенімінен шығуда және бұл жұмыс жалғасын табады деп нық сеніммен айтуға болады.

Маржан БЕКТҰРСЫНҚЫЗЫ,

Астана қаласы  Ардагерлер кеңесі

медиатобының мүшесі

 

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button