Руханият

Ғасырмен құрдас майдангер



Әдетте талай ардагер, өнер адамдары мен қоғам қайраткерлерінен сұхбат алып, сырласып, ой бөлісіп жүргенде осыншалықты қиналмаған шығармын. Бұл жолғы кейіпкеріммен кездесу барысында қобалжығаным рас. Өйткені замандас, әріптес, құрбының жөні бөлек. Ал сонау сұрапыл соғыста, оқ пен оттың ортасында, майдан шебінде күдік пен үміт алмасқан ұйқысыз түн, күлкісіз күнді басынан өткізіп, ғасырға жуық ғұмыр кешкен кешегі майдангер – бүгінгі ардагер Рзағұл ата Байкешұлымен сырлы сұхбат құру аса зор жауапкершілікті қажет еткені ақиқат.

Қазақ баласының өмірі қай кезде де өзі ойлағандай бола қоймағаны анық. Мың өліп, мың тірілген қазақ аумалы-төкпелі заманды бастан өткізіп,  тәуелсіздікке жетті. Алайда тәуелсіздік кезеңі де оп-оңай орнай қоймағаны көкірегі ояу ересек пен бүгінгі саналы ұрпаққа аян. Айтуға оңай болғанымен, бұл бақытты заманның орнауына кім тер төкті, кім қалай, қай жерде жан тапсырды, ажал құшып, құрбан болды, бұл – тіпті тарихи-танымдық терең әңгіме.

Сыртқы есік қоңырауын басқанымда іштен биязы ғана үнмен, жағымды жас әйел дауысы естілді. Кім екенімді сұрамастан қай қабатқа көтерілу керектігін айтты.

Пәтер есігі ашық, тіпті рұқсат түймесін басудың қажеті болмады. Ішке еніп, немере келіні Гүлжанның бағыттауымен Рзағұл атаның бөлмесіне  жақындай бергенімде:

– Балам, кім келді? – деген атаның ап-анық дауысынан алдымен соғыста ерлік көрсеткен нағыз майдангердің ордендер мен медальдарға толы кеудесі көз алдыма келді.

– Иә, кімсің, қарағым, не туралы білгің келеді?

– Армысыз, ата, қал-жағдайыңыз қалай? Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің тапсырмасымен келіп едім, шаршамай отырсыз ба?

– Қазір бейбіт өмір, соғыстағы жағдайдан әлдеқайда жақсы, шаршамай отырмын.

– Майдандағы кездерді жиі еске аласыз ба?

– Ол жадыңда сақталып тұратын жаңғырық, санаңды сұққылап тұратын жаман түс қой, – деді қария.

Басталып кеткен сұхбат Рзағұл ата Байкешұлының балалық шағы, жастық кезеңі одан ары соғыс жылдарындағы күрең күндері мен сүреңі мол сәттерін суреттеумен жалғасын тапты.

Ол 1923 жылы күз мезгілінің 18 қазан күні Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында туған. 1933 жылы бастауыш мектепке барып, оны 1939 жылы бітірген. Халқымыздың басына ауыр күн туып, жаппай майданға шақырылып жатқанда 10 жастағы Рзағұл ауылдағы мектепке барады. Отбасылық тұрмыс жағдайына қатысты үш сыныптық білімді қанағат тұтады. Саяси-қуғын сүргін жылдарында жанкештілік танытып, тіршілік көріп, ауылда қара жұмыс істейді. Он сегіз жасқа толмай әскер қатарына шақырылады. Майданда Польшаны азат етуге қатысып, Румыния мен Венгрия жерін фашистерден азат ету жолында аянбай ерлік танытады. Орта мектепте оқып, толыққанды білім ала алмаған Рзағұл Байкешұлы жоғары білім алуды мақсат та тұтпаған.

Ата соғысқа дейін қатардағы қарапайым жұмыскер болған. Майданда Калинин облысына қарасты Рыжков және Великий Луг қаласында соғысқан. Ол жоғарыда аталған Польша, Румыния және Венгрия мемлекеттерін азат етуге қатысып ерлік жасаған. Әскери атағы – ефрейтор. Ал ефрейтор  бүгінгі патриоттық сезімі жоғары жас ұрпақ – оқырман үшін айтатын болсақ, сарбаздан жоғары, кіші сержанттан төмен, бірнеше елдің қарулы күштеріндегі әскери атақ.

«Ефрейтор» атауы 16-ғасырда Германияда пайда болған екен. Содан кейін Австрия мен Швейцарияда тағайындалады. Олар тәжірибелі және сенімді сарбаздардан сақшылардың ажырасуы, сотталғандарды сүйемелдеу және сенімді адамдардан талап ететін басқа да міндеттерді орындау үшін таңдап алынды. Міне, осындай жауапты қызметті атқарған Рзағұл Байкешұлы Днепрде үш ай уақыт болып, немістерді өткізбеуге күш салады. Алайда жау Киевке кіріп алғанын, Сталинградта 1943 жылы соғыс біткенін, Польшада бір жарым ай болғанын тәптіштеп айтып ескірмейтін естелікті есінде сақтаған. Ол Ұлы Отан соғысында генерал-лейтенант, 19-армияның қолбасшысы болған И.С.Коневтің 2-армиясында және Кеңес Одағының маршалы, Ұлы Отан соғысы кезіндегі қолбасшы, төрт мәрте Кеңес Одағының Батыры Жуков армиясы қатарында болғанын әңгімеледі.

Рзағұл ата Байкешұлы сондай-ақ Калинин қаласына барғанын, Москва жанындағы Ногинск және Рязаньда болған кездері оның жадында жаңғырып тұрғанын жеткізді. Сұхбат барысында майданда көрсеткен ерлігі үшін марапатталған наградалары мен куәліктерін санамалап, анықтап айтып берді. Атап айтқанда, «ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен, «КСРО Маршалы Г.К.Жуков» және көптеген мерейтойлық медальдар кеудесінен орын алған.

Ардагер ата 1983 жылы құрметті демалысқа шығады. Балаларының анасы 2001 жылы өмірден өткен. Ұлдары Рахым мен Аманжол да дүние салған. Тағдырдың жазғанына амалсыз көнген кешегі соғыс сарбазы, майдангер әке болған іске болаттай берік бола жүріп, күн кешуде.

Ол бүгінде елордада үлкен ұлы  Рахымның баласы, яғни  немересі Талғат Байкешевпен бірге бақытты қариялық ғұмырын жалғастыруда. Ата сыйлаған ибалы келін Гүлжан Нұрғазықызы Кабиева заманауи тұрғыда жоғары білімді маман болғандығына қарамастан қыз­меттен қол үзіп, ғасырға жуық өмір сүрген атасының жағдайын жасап, батасын алып, алғысына бөленіп отыр.

Ұлы Отан соғысынан кейін елге оралған Рзағұл Байкешұлы 1983 жылы зейнетке шықты. Ақмола облысының жоғарыда аталған Рождественка селосында экспедитор болып қызмет атқарғанын елімнің дамуына қосқан үлесім деп біледі. Қазақстанның болашағы туралы қандай пікірде екенін сұрадым.

Ол жатын төсегіне қарама-қарсы қолайлы қойылған үлкен теледидарды меңзеп:

– Мына теледидардан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты күнде көремін, тыңдаймын, ризамын, ел болашағы жақсы болады, – деп сөзін түйіндеді.

Сұхбат соңында:

– Қолыңды жай, қарағым, бата берейін, – деп ақ батасымен шығарып салды. Бата мазмұнында Жаңа Қазақстанның халқына тыныштық, ынтымақ, бірлік, бейбіт өмір тілеуді қайталай айтты.

Еңбекте ширыққан, соғыста шыныққан майдангердің батасы мен болашаққа деген сенімі, қайталай айтқан тілегі бүгінгі отандастарға айтылған аманат  тәрізді көрінді. Әрине, ынтымақ бар жерде ырыс, құт орнап, бірлік бар жерде тыныш тірлік болатыны анық. Ғасырмен құрдас атамыздың көкейіндегі ізгі тілегі де осы мазмұнда болды. Шын мәнінде бұл батаның мәні зор, қиын заман мен жақсы өмірдің арасына алтын көпір салған ардагер атаның өмір жолы, санасында сақталған ескермейтін естеліктің салмағы түсіндіруді қажет етпейді-ақ.

Маржан ПІРІМБЕТОВА,

Астана қаласы

Ардагерлер кеңесі

медиатобының мүшесі




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button