#Жаңа ҚазақстанБасты ақпарат

Қайтарымсыз грант кімге беріледі?



Ертеден мал бағып, төрт түліктің қызығын көрген қазақ заманына қарай кәсіптің түрлерін меңгере бастады. Бау-бақша, егін шаруа­шылығынан өзге заманауи кәсіптер өмірімізге дендеп ене бастады. Жаhандану заманында әлеуметтік желілермен тығыз байланысты қызметтер, жұрттың сұранысына орай ақысы қомақты, табысты кәсіптерді игеру жаппай белең алды.

 Қандай кәсіптен нәсіп тауып жүр?

Кәсіпкерлікті қолдаудың бизнес жобаларына қатысты қарап отырсақ, әкімдік бөлетін қаржыны алуға тілек білдіргендерді қарағанда, үйде отырып тағамдар (жартылай фабрикаттар, қатырылған нан өнімдері) дайындайтын, кірпік жалғап, қас бояйтын, маникюр жасайтын, тігін тігетін де адам көп екен.

Осы жолы басымдық таза былғарыдан аяқ киімдер жасайтын адамға, баланың ой-өрісін дамытуға арналған моторика ойындарына арналған құралдар жасайтын жандарға, қарауында мүмкіндігі шектеулі баласы бар, сынықшылығы бар, массаж жасайтын адамға берілді. Қайтарымсыз гранттың мөлшері – 1 380 000 теңге.

Қазақта кәсіп көп қой, отандық өнім өндірумен айналысатын, көптеген жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін ерекше бизнес жоба жоқтың қасы. Бәрі де тамақ жасау, мал шаруашылығы, полуфабрикат, кондитерлік өнімдер,  наубайхана ашу, ағылшын курсы, косметология немесе тігіншілікпен, я сән салонын ашуға қатысты ғана кәсіпкерлік жобасын айтады.

Іздену, жаңа жобалар ойлап табу тіпті жоқ десе болады. Алу, сату ғана, ал ұлттық ерекшеліктерімізді, салт-дәстүрлерімізді көрсететін жобалар өте аз, көбіне бірін-бірі қайталау болып келеді. Әсіресе, бала киімдерін тігетіндер көбейген,  бұған олар «адамдар бала үшін ақшасын аямайды» деген уәж айтады.

Бизнестің болашағы бар ма?

«Астана қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің берген мәліметіне сәйкес, гранттар беру тәртібі мына санаттағы адамдарға:

Гранттар атаулы әлеуметтік көмек, көпбалалы жәрдемақы және (немесе) оның жұбайы (зайыбы), асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақы алушылар, қоныс аударушылар, қандастар, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар баланы (балаларды) тәрбиелеп отырған адамдар жататын халықтың әлеуметтік осал топтарына (немесе) оның жұбайы (зайыбына) беріледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде «Біз шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілетін арттыру мәселесіне баса мән береміз. Осы орайда шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің бірыңғай кешенді бағдарламасын әзірлеу қажет. Ең бас­тысы, мемлекеттік қолдауға ие болатын жобаларды іріктеу ашық өтуге тиіс. Жобаның нақты әлеуметтік-экономикалық тиімділігін ескеру қажет. Осы орайда Үкіметке депутаттармен бірлесіп, орта бизнесті дамытудың тың тәсілдерін әзірлеуді тапсырамын. Өйткені орта бизнес ел экономикасын дамыту ісінде басты рөл атқарады. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады» деді.

Гранттар жұмыссыз немесе дара кәсіпкер ретінде грант беруге өтініш берілгенге дейін тіркелген, дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу мерзімі үш жылдан кем болған жағдайда халықтың әлеу­меттік осал топтарына тиесілі.

Азаматтардың жаңа бизнес идеяларын іске асыру үшін берілетін қайтарымсыз грант бойынша, комиссия мүшелерінің өтінім берушілер алған теріс шешімінің себебін қала әкімдігінің Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мекенжайына келіп, кеңсе бөліміне арыз қалдыру арқылы 10 жұмыс күні ішінде біле алады.

Мемлекет қолдауының көрінісі

Астана қаласы бойынша 2023 жылы 132 азаматқа (халықтың әлеуметтік осал топтарына) қайтарымсыз грант беру жоспарланған. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссиның құрамына халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық бірлестіктер, ғылыми-білім беру мекемелері өкілдерінің, бизнес, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің, салалық сарапшылар кіреді.

Бизнес-жобаның биылғы 1 легіне 809 азаматы өтінім білдірген, 33 жоба мақұлданды (жоспар бойынша).

P.S: Сонымен, қайтарымсыз грант алуды мақсат еткен елордалықтар жылдан жылға көбейіп келеді. Жаңа идеялары бар бизнес жобалар болса бірсәрі, жауыннан кейін­гі саңырау­құлақтай қаптаған бірсарынды жобалар, бір-бірінен айна-қатесіз көшіріп алған бизнес жобаларын ұсынған жоғарыдағы санаттағы азаматтар өзінің де, өзгенің де уақытын «ұрламай», тың ізденістерімен қуантса, елорда экономикасына сәл де болса өз үлесін қосса дейсің, ­ал бірыңғай жобалар ­шарықтай алмай жатып-ақ кәсіптің дөңгеленіп кетуіне кедергі жасары анық. Көлемді дүние қарапайым бір кірпіштен қаланады, ендеше, қазақтың керек кәсіпті таңдап, күнкөрісінің жақсаруына, мемлекеттен берілген қолдауды дұрыс мақсатқа жұмсауына әлі де мүмкіндігі бар.

 

 

 

 


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button