Білім

Қоғаммен байланыс – өзекті мәселе



Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетінде «Қазақстандағы және шетелдегі жұртшылықпен байланыс (PR): өзекті мәселелері және даму аспектілері» атты халықаралық-практикалық конференция өтті.

Бүгінгі нарық заманында мемлекеттік және коммерциялық мекемелер өзінің жұмыс бағытында кәсіби PR қызметтеріне мұқтаж. Себебі, PR арқылы олар мықты имидж, қоғамдық пікір қалыптастыра алады, компания атының тез танылуына ықпал етеді. Жарнамаға қарағанда шығын да аз кететінін ескерсек, мұның пайдалы жақтары көп. Мекеменің атқарып жатқан жұмыстарын елге танытуда PR мамандарының да рөлі ерекше. Осы тақырыпқа арналған басқосуды Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасы ұйымдастырды. Аталмыш конференция әлемдегі және Қазақстандағы қоғаммен байланыс (PR) саласының даму перспективаларын анықтау, дағдарысқа қарсы PR технологияның шығармашылық саладағы рөлін айқындау, жоғары оқу орындарында PR мамандарын дайындаудың заманауи әдіс-тәсілдерімен бөлісуге бағытталды.

Онлайн және оффлайн форматта өткен жиынға еліміздің және Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекетінің ғалымдары, докторанттар мен магистранттар, мемлекеттік және комерциялық ұйымдардың қоғаммен байланыс (PR) саласында қызмет етіп жүрген кәсіби мамандар қатысты. Конференция барысында қатысушылар Қазақстандағы және шетелдегі қоғаммен байланыс қызметінің өзекті мәселелерін айтып, елімізде PR саласын дамытуға қатысты салмақты пікірлерін ортаға салды.

Білім беру, әлеуметтік-мәдени саладағы қоғаммен байланыстың даму тенденциялары, саяси имидж қалыптастырудағы PR маңызы, оның құралдары, таргетивті жарнаманың тиімділігі сөз болған жиында түрлі ұсыныстар айтылып қана қоймай, болашақ PR мамандарын оқытуға қатысты жоспарлар да сөз болды.


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button