Денсаулық

Ұлт саулығын сақтаған



Еліміз егемендік алғаннан бері онкологиялық аурулардың алдын алу, емдеу бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Соның ішінде елордада қатерлі ісікті емдеу ісінде белгілі дәрігер Мұхтар Төлеу­таевтың есімі бірінші аталады. Былтыр Президент Жарлығымен еліміздегі денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан зор үлесі үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы және «Алтын жұлдыз» белгісі, «Отан» орденімен марапатталған онколог-дәрігер соңғы 13 жылда елорда халқының саулығын сақтауға қызмет етіп келеді.

Семей мемле­кеттік медициналық институтын 1983 жылы тәмамдаған ол қаладағы №1 қалалық ауруханада хирург-дәрігер болып еңбек жолын бастаған. Одан әрі Абай, Ақсуат аудандарындағы емдеу мекемелерінде өңір халқының денсаулығын сақтауға қызмет етіп, тәжірибе жинақтады. Еліміз егемендік алған жылдары Семейде облыстық балалар ауруханасында бас дәрігердің орынбасары болып жұмыс істеді. 5 жылға жуық бас дәрігер болған соң, Семей қаласындағы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы, өңірдегі мемлекеттік медицина институтының медицина орталығы директоры, аталған институттың проректоры болып табысты еңбек етті. Астанаға 2009 жылы келіп, Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты емдеу-диагностикалау департаменті, одан кейін стратегия және даму департаменті директорының орынбасары қызметтерін атқарды. 2010 жылы елорданың жаңадан ашылған онкология орталығының бас дәрігері лауазымына тағайындалды. Орталық жаңа болса да, құрал-жабдық жетіспейтін, дәрі-дәрмек тапшы еді. Қазақстанда онкология саласында өлім көрсеткіші жоғары, диагностикалаудағы кедергілер де көп болды. Осыған орай, 2012-2016 жылдарға арналған онкология саласын дамыту бағдарламасы қабылданды.

– Ол кезде онкологиялық ауруларға диагноз кеш қойылатын. Арнайы бағдарламаға қаржы бөлініп, соның нәтижесінде бұл саланың бюджеті бір жылдың ішінде 3 есе артты. Бөлінген қаржы дәрі-дәрмекке, құрал-жабдықты жаңартуға жұмсалды. Күрделі диагностикалау жүргізетін аппараттар мен сәулелі терапия алуға мүмкіндік туды. Елімізде жоғары мамандандырылған 4 сәулемен емдейтін орталық ашылды. Соның біреуі Астанада 2014 жылы құрылды. Зертханалардың аппараттары түгенделіп, дәрі-дәрмектің түрі көбейді. Емдеу хаттамалары қайта қарастырылып, жаңартылған түрмен шықты. Қосымша скринингтер қосылды. Соның бәрі қатерлі ісік диагнозын уақытылы қоюға мүмкіндік берді, – дейді дәрігер.

2019 жылдан бастап аталған орталықтың құрамына қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы қосылғаннан кейін ол басқаратын мекеме көпсалалы медицина орталығы деген атау алды. 2020 жылы қаңтарда орталық құрамында инсульт орталығы ашылды. Қаламыздың бас онкологы Мұхтар Есенжанұлы осы істердің басы-қасында, тіпті бел ортасында жүріп, барлық жұмысты тиімді ұйымдастырды. Әсіресе әлемге қауіп төндірген екі жыл пандемия кезінде індетпен күресте алғы шепте болған дәрігердің бірі болды. Коронавирус инфекциясынан емделушілерге төсек-орын дайындап, шетелден келген науқастарды қабылдады, жаңа инфекциялық стационардың жұмысын ұйымдастыруға қатысты. Ол басқаратын көпбейінді медициналық орталықта инфекциядан 15 мыңнан астам науқас емделді.

– Еліміз егемендік алғаннан кейін біздің медицина қауымдас­тығына мол мүмкіндікке жол ашылды. Қабылданған бағдарламалар шеңберінде мамандардың білімін жетілдіруге жағдай жасалды, шетелге барып біліктілік арттыру, ол жақтан да белді мамандарды шақыртып, персоналды оқыту, шеберлік сабағын өткізу, сол сабақта сырттан келген хирург-дәрігерлермен бірігіп ота жасау, тәжірибе алмасу, жаңа тәсілдерді үйрену – осының бәрін бұрынғыдай Мәскеу рұқсатын күтпей, өз елімізде жасай алатын болдық. Егемендіктің арқасында сәулелі ем аппараттары, диагнос­тикалық құралдар, дәрілер саны артты. Елордада бүгінде УЗИ, рентген аппараттары жеткілікті, компьютерлік томография көбейді. Халықты медицинаның барлық соңғы мүмкіндігі арқылы емдеуге, диагностикалауға қол жеткіздік, бұған мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп келеді, – дейді Қазақстанның Еңбек Ері.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік гигиенаны ұйымдастыру бойынша жоғары санатты дәрігер экономика саласынан да екінші жоғары білім алған. Саладағы ең өзекті тақырыптарда жүздеген ғылыми еңбек жазған ол медицина ғылымдарының кандидаты атағына ие болған. Негізгі қыз­метінен бөлек, қоғам өміріне де батыл араласып, 2016-2021 жылдардағы Астана қалалық мәслихатының VI шақырылым депутаты ретінде ел ішіндегі өзекті мәселелерді шешуге атсалысты. Үш баланың әкесі, сүйікті немерелерінің атасы өз әулетінің ғана емес, ұлт денсаулығын сақтауда медицина көшін жетелеп келе жатқанына алдағы жылы қырық жыл толады. Бір айта кетерлігі, Мұхтар Есенжанұлы – дәрігерлер отбасының отағасы. Жұбайы тәжірибелі кардиолог болса, Ресейде жоғары медициналық білім алып келген екі ұлы да ата-анасының жолын қуып, елге қызмет етуде. Гиппократ антына берік Мұхтар Есенжанұлы сынды білікті дәрігерлердің медицинадағы даңғыл жолы ұзағырақ болса, денсаулық сақтау саласындағы қордаланып қалған мәселелер де орнымен шешіле бермек.

 

 


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button