Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан
Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда «ALEM» заманауи би балеті «Mūra» пластикалық спектаклін көпшілікке ұсынды.
«Mūra» заманауи қойылымы ХХ ғасырдың басында қазақ зиялыларының бірқатар реформаларды жүргізген тарихи оқиғаларына арналды. Реформаларында білім мәселесін кеңінен көтерген қазақ зиялыларының қызметі – ұрпақ үшін үлгі.
«Mūra» заманауи эксперименталды спектаклі «Bastau», «Jüie», «Mädeniet kody», «Ün», «Üstel» («Tolqyn»), «Jamylğy», «Saule» («Jastyq»), «Besık», «Altybaqan», «Quat», «Öşpes mūra» атты 11 бөлімнен тұрады.
– Бұқараға бостандықты сезінудің сырын би арқылы жеткізуге тырыстық. «Mūra» – тарихи оқиғалардың дәстүрлі түрде қайталануы емес, адамның еркіндікке ұмтылуының көрінісі. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан спектакльдің ерекшелігі – асыл мұраның қазіргі заманға сай түрлендіріп, жас ұрпақ арасында насихаттау, – деді «Alem» би балетінің көркемдік жетекшісі және спектакльдің хореографы Анель Ислямова.
Хореографиялық қойылым заманауи композиторлардың музыкалық шығармаларымен сүйемелденді.