Қоғам

Әдебиеттанудың айтулы тұлғасы



Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде көрнекті ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың және Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстан Республикасы ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, ҰҒА академигі Зәки Ахметовтің туғанына 95 жыл толуына арналған «Гуманитарлық ғылымдар тоғысындағы әдебиеттанудың жаңа парадигмалары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Жиынға Парламент депутаттары, Қырғызстан, Өзбекстанның және еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының белгілі ғалымдары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, қаламгерлер, ұстаздар қауымы мен студенттер қатысты.

Конференция Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауымен ашылды. Президент кеңесшісі Бауыржан Омаров Мемлекет басшысының құттықтау сөзін оқыды.

«Қадірлі қауым! Сіздерді көрнекті әдебиеттанушы, ҚР ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Зәки Ахметовтің туғанына 95 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның ашылуымен құттықтаймын! Зәки Ахметов – қазақ ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан әйгілі әдебиет теоретигі. Ол – әлемге танымал түрколог Сергей Маловтың жетекшілігімен ғылыми еңбек қорғап, атақты әдебиеттанушы Виктор Жирмунскийдің жоғары бағасын алған ғибратты ғалым. Сондай-ақ Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті – Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры болған білікті басшы. Зәки Ахметұлы әдебиет теориясы саласында тыңнан түрен салды. Ұлы Абайдың мұрасының тереңіне бойлап, қазақ өлеңінің құрылысын жан-жақты зерттеді. Оның «Лермонтов және Абай», «Өлең сөздің теориясы», «Қазақ өлеңінің құрылысы», «Абайдың ақындық әлемі» сияқты іргелі еңбектері – ұлт руханиятының құнды қазынасы. Зәки Ахметов – білікті ғалымдардың тұтас шоғырын тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. Оның шәкірттері бүгінде аға-буынның жолын жалғастырып, ғылымға зор еңбек сіңіріп жүр. Бүгінгі алқалы жиында ғылыми еңбектері туралы салиқалы ой-тұжырымдар айтылады деп сенемін. Конференция жұмысына табыс тілеймін!» делінген Мемлекет басшысының құттықтау сөзінде.

Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтауын Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай жеткізді.

«Қазақ өлеңін зерттеу арқылы Зәки Ахметов әлем әдебиеттануына күллі түркі халықтарының өлең өнерін саралаған еңбегімен ерекше үлес қосты. Біртуар ғалымның 1964 жылы орыс тілінде жарық көрген «Қазақ өлеңінің құрылысы» атты монографиясы әлемдік түркітанушы ғалымдардың назарын аударды. Қазақ өлеңі құрылысын асқан білгірлікпен саралаған бұл еңбек әлем әдебиетінің кітапханаларында сақталуы – біз үшін мақтаныш» делінген құттықтауда.

«Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры Дихан Қамзабекұлы өз сөзінде ғалым Зәки Ахметовтің болмысын жастарға үлгі қылып, бүгінгі қазақ ғалымы қандай болу керек дегенге мысал келтірді.

Академиктің Абай мен әуезовтану ғылымын жаңа белеске көтергенін «Хабар» агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Берік Уәли баса айтты.

«Абайдың ақындық әлемі», «М.Әуезовтің роман-эпопеясы» сынды көптеген ғылыми еңбектері – соның куәсі. Абайдың тау тұлғасын Әуезовтер жарқыратып көрсетсе, Әуезовтің нар тұлғасын Зәки Ахметовтер аша білді.

Әдебиеттану ғылымының қатепті қара нарларының бірі – Зәки Ахметовтің 95 жылдығы ғылым үшін айтулы дата, алқалы той. Ұлт әдебиетінің дамуы мен әдебиеттанудың кемелденуі үшін талмай еңбектеніп, талай іс атқарған ғалымды ұлықтау, мұраларын насихаттап, атын әспеттеу баршамызға ортақ міндет болса керек. Ал Зәки атамыздан алдарыңызда тұрған мен де 1997 жылы сұхбат алған едім. Сіздер де жора-жолдас болдыңыздар, үкілі үміті, ардақты іні-қарындасы болдыңыздар! Сіздерден кейінгі жас буын көзін көрмедік деп опынбас. Оларға мирас болып саф алтындай қаншама құнды мұрасы қалды. Осылайша ұлы тағылым, рухани сабақтастық үзілмей жалғаса бермек» деді Берік Уәли.

Отандық және шетелдік ғалымдар академик еңбектерінің құндылығына баса назар аударды. Ғалымның монографиялары тек қазақ әдебиеттанушылары үшін ғана емес, бүкіл түркі әлемі үшін ауқымды зерттеу болғанын тағы бір мәрте атап өтті. Академиктің қазақ ғылымын академиялық жолға қойып, оны жаңа арнаға көтергені ортаға салынды.

Әдебиеттанушы ғалым туралы бірқатар естеліктермен оның белді шәкірттерінің бірі, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов бөлісті.

Конференция аясында академиктің үш томдық еңбектерінің таныстырылымы өтті. Кітаптардың құрастырушысы – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Мақпал Оразбек.

«Бірінші томға Зәки Ахметов­тің 1951 жылы белгілі түрколог Сергей Маловтың басшылығымен қорғаған «Абай және Лермонтов» атты алғашқы зерттеуі кірді. Бұл еңбекте екі ақынның шығармашылығына салыстырмалы талдау бар. Екінші томда үлкен іргелі зерттеуге айналған «Қазақтың өлең құрылысы» ұсынылған. Қазір аталған зерттеу еңбегі әлемдегі ең үздік кітапханаларда ұсынылған. Үшінші томға ғалым Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын зерттеуге арналған жұмысы енді.


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button