Мәдениет

Әйгерімнің ән кеші



Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда өнер ұжымының әншісі Әйгерім Нартүйенің «Меруерт моншақ» атты шығармашылық кеші өтті.

Әйгерім Нартүйе жер жәннаты – Жетісу өңірінде дүниеге келді, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «дәстүрлі әнші» мамандығы бойынша түлегі. Консерваторияда Арқа әншілік мектебі бойынша Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Исатаева сыныбын бітірді. Оның ұстаздары мен тәлімгерлерінің арасында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, танымал әнші Ақан Әбдуәлиев бар.

Мектеп қабырғасынан бастап Әйгерім түрлі музыкалық байқауға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Жүлделерінің қатарында Дәнеш Рақышев атындағы І республикалық әншілер байқауының бас жүлдесі, Ж.Елебеков атындағы ІІІ республикалық дәстүрлі әндер байқауында Қ.Байжанов атындағы арнайы жүлде бар. К.Әзірбаев атындағы V рес­публикалық «Шырқа, дауысым» әншілер байқауының I орын иегері, «Шабыт» XX халық­аралық шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты.

Сүйінбай Аронұлы атындағы Алматы филармониясында еңбек етіп, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Дәстүрлі орындаушылық өнер» кафедрасында және П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде «Дәстүрлі ән» мамандығы бойынша ұстаздық қызмет атқарды. 2014 жылдан бастап Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының «Халық әні» бөлімінде жұмыс істейді.

Әйгерімнің ән кешінде «Ақшоқы», «Керім сал» халық әндері, ақын Бармақтың «Мәті Дәурен», Дәнеш Рақышевтің «Саясында алманың», Қапез Байғабылұлының «Меркі», Бексұлтан Байкенжеевтің «Ақбаян», Ермұрат Үсеновтің «Меруерт моншақ», т. б. әндер орындалды.

Концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, әншінің ұстазы Ардақ Исатаева және әріптестері Бейбіт ­Мұсаев, Перизат Тұрарова, Бибігүл Сауытова, Гүлім Алшынова қатысты. Сондай-ақ «Қорқыт» этноансамблі мен «Шалқыма» халық би ансамблі өнер көрсетті.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button