Елорда тынысы

Әр бала мектепке баруға лайықты



Елорданың Триатлон паркінде 29 сәуірде «Run for autism» атты қайырымдылық марафоны өтеді. Жүгіру жарысына қатысушылар іс-шара аясында кеше қаладағы №89 «Қыз Жібек» балабақшасындағы инклюзияны қолдау кабинеттерінің жұмысымен танысты.

«Run for autism» қайырымдылық марафонын «Болашақ» корпоративтік қоры ұйымдастырып отыр. Қор еліміздің 22 қаласындағы мектептер мен балабақшаларда 46 инклюзия кабинетін ашты. Нәтижесінде аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктер бар 700-ден астам бала мектепке баруға мүмкіндік алды.

– Бізді серіктестеріміз бен достарымыз қолдағанына өте қуаныштымыз. Бүгін біз оларды «Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасының жұмысын көрсетуге және қайырымдылықтың негізінде жиналған қаражаттың қайда жұмсалатынын көрсету үшін шақырдық. Бүгінде жарысқа жүзден аса адам тіркелді. Қатысушылар саны әлі де артады деп үміттенеміз, – деді «Болашақ» қоры қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан.

Ресми деректерге қарағанда, елімізде аутизм диагнозы қойылған 9 мыңға жуық бала тұрады. Ал 2022 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша елордада 2256 бала бар. 2015 жылдан бері «Болашақ» қорының «Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасы аясында Астана қаласынан 130-дан астам бала білім алды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қайырымдылық жүгірісінен жиналған қаражат «Әр бала мектепке баруға ла­йықты» жобасы аясында аутизм және басқа да менталдық бұзушылықтары бар балаларды қолдауға жұмсалады.

Айта кетейік, жүгіру жарысына кәсіби спортшылар, жүгірушілер, әуесқой спортшылар, ерекше балалар, ата-аналар қатысады. Жарыс 1, 2,5, 5 және 10 шақырым қашықтық бойынша өтеді.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button