Ел тынысы

1 маусымда елімізде суға шомылу кезеңі басталады



1 маусымда елімізде суға шомылу маусымы басталады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары Алексей Советов мәлімдеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz. 

ТЖМ су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында орталық мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп кешенді дайындық, алдын алу жұмыстары ұйымдастырылып, іске асырылуда. ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары Алексей Советовтің айтуынша, оқу жылының аяқталуына байланысты құтқарушылардың назары суға шомылу кезеңінде балалардың қауіпсіздігіне аударылды. Жыл басынан бері ауқымды профилактикалық жұмыстар белсенді жүргізілуде.

«20 мыңнан астам балаға жүзу дағдылары үйретілді, осы бағыттағы жұмыс жалғасуда», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.

Профилактикалық іс-шараларды өткізу барысында 200 мыңнан астам көрнекі оқыту өнімдері таратылды, су айдындарында 128 қауіпсіздік белгісі орнатылды. ТЖМ Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, тыйым салынған жерлерде адамдардың қаза болу қаупін азайту мақсатында 20 мыңнан астам рейд пен судағы қауіпсіздік ережелерінің талаптарын бұзудың жолын кесу бойынша патрульдеу жүргізді.
    «Анықталған құқық бұзушылар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 364, 412 және 440-баптары бойынша жауапқа тартылады. Жыл басынан бері жалпы сомасы 4 млн астам теңге құрайтын 525 хаттама жасалды», – деді ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары Алексей Советов.
Қосымша 105 рұқсат етілген суға шомылу орны жасалмақ. 2023 жылы ел бойынша су объектілерінде 612 рұқсат етілген жаппай демалыс, туризм және спорт орны белгіленді. Оның 167-сі коммуналдық және 329-ы жекеменшік жағажайлар. Барлық коммуналдық жағажайлар тегін.
«Шомылу маусымы басталғанға дейін әкімдіктер суға шомылу үшін тағы 105 рұқсат етілген қосымша орын жасауды жоспарлап отыр. Нәтижесінде 2024 жылы суға шомылуға арналған ресми орындардың саны шамамен 700 бірлікті құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14%-ға көп», – деді ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button