Қоғам

1000 орын ұсынылды



Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде елордалық жоғары оқу орны түлектері мен елорданың жұмыссыз жастары үшін бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Кезекті жәрмеңкеде 100-ге жуық жұмыс беруші қатысып, 1000-нан аса бос жұмыс орны ұсынылды.

Жәрмеңкені «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаровтың сөзінше, жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ай сайын өткізу көзделген.

«Жәрмеңке – жастар үшін бос жұмыс орындары нарығын өздері қалаған салада зерттеуге және бірнеше жұмыс берушілермен бір жерде тікелей сөйлесуге тамаша мүмкіндік. Жыл басынан жұмыссыз жастарға арналған үш бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізілді. Жұмыс жәрмеңкесін қаладағы 15 жоғары оқу орнының, одан бөлек, колледждер мен 22 базарлардың аумағында ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз» деді Қ.Қамбаров.

Жәрмеңкеге «Астана-Энергия» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Қазақстан халық банкі» АҚ, «Астана жобалау» ЖШС және қалалық прокуратура, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері қатысты. Солардың қатарында «Aiplus» республикалық оқу орталығы бар. Орталықтың менеджері Гүлзада Мағрупбекова пән мұғалімдері мен сату бөлімінің мамандарын іздейтінін айтты. Аталмыш орталық үш жыл қатарынан бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысып келеді. Мекеме қызметкерлерінің басым бөлігі – студент жастар.

Білім, сауда, қаржы, құрылыс саласындағы мекемелер жұмыс іздеп жүрген азаматтарға ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізіп, түйіндемесін қабылдады. Өз түйіндемесін ұсынған студенттер қатарында университеттің көлік-энергетика факультетінің 4-курс студенті Дулат Самұратов болды.

«Осы жылы бітіруші түлек болғаннан кейін, жұмысты, біріншіден, өз мамандығым бойынша қарастырып жатырмын. Яғни жылу-электр орталықтарындағы жұмыс өзіме қызық. «Астана-Энергия» АҚ-қа өзімді ұсындым. Жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне осыған дейін де қатыстым» деді студент.

Өткен жылы жұмыссыз жастарға арналған 5 бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Оған елорданың 221-ден астам жұмыс берушісі, 3400-ден астам жастар мен студенттер қатысып, 2250-ден астам бос жұмыс орны ұсынылып, 260-қа жуық адам жұмысқа орналасты


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button