Қала мен Сала

11 мектеп салынып жатыр



Елордада ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған түзету мектептері жетіспейді. Алдағы уақытта Астанада осындай арнайы нысандар ашыла ма? Бұл мәселе қалалық мәслихаттың отырысында қаралды.

Жиын барысында елордалық білім берудің мәселелері мен жетістіктері талқыланып, техникалық білім беруді дамыту, мектептерді, оның ішінде кітапхана қорын жабдықтау туралы айтылды.

– Қаладағы түзету мектебінің бірі тозған, екіншісіне жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Одан бөлек, аталған мектептерге ұзын-сонар кезек. Бір ауданнан екінші ауданға балаларды жеткізу – проблема. Бұған дейін сол жағалауда жаңа түзету мектебін салу қажеттігі туралы айтқан болатынбыз, – деді мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов.

Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыевтің айтуынша, мұндай мектептің әлі жобасы жасақталмаған. «Түзету мектебі бойынша жерге өтініш берілгенімен, толық жауап жоқ, жер табылмай жатыр. Осы жылы жобалап, келесі жылы құрылысына кірісу керек» деді басқарма басшысы.

Одан әрі халық қалаулылары бас қаладағы мектеп тапшылығы мәселесін талқылады. Қалалық білім басқармасының басшысы елорда мектептеріндегі орын жетіспеушілігі және үш ауысыммен оқу мәселесі қашан оң шешімін табатынын айтты.

Қалада 164 мектеп бар, онда 236 мың оқушы білім алып жатыр. Дегенмен, жыл санап оқушылардың саны артып келеді. Бүгінде 27 мыңнан астам өтініш қабылданды. Қаладағы 18 мектепте бала толып кеткен және 8 мектеп үш ауысымда оқытады. Осы мәселелерді шешу жолында 15 700 оқушыға арналған 11 мектеп салынып жатыр

– Елордада білім беру саласындағы проблемалардың бірі – оқушы орындарының жетіспеуі. Қалада 164 мектеп бар, онда 236 мың оқушы білім алып жатыр. Дегенмен, жыл санап оқушылардың саны артып келеді. Бүгінде 27 мыңнан астам өтініш қабылданды, демек оқушылардың саны 250 мыңнан асып түседі деген сөз. Демек, өткен жылмен салыстырғанда 20 мыңға артық. Қаладағы 18 мектепте бала толып кеткен және 8 мектеп үш ауысымда оқытады. Осы мәселелерді шешу жолында 15 700 оқушыға арналған 11 мектеп салынып жатыр. Оның төртеуі осы оқу жылында пайдалануға беріледі, – деді Қасымхан Сенғазыев.

Сондай-ақ, басқарма басшысы «Жайлы мектеп» жобасы аясында елордада 24 мектеп салынатынын жеткізді. Айтуынша, бүгінде 15 мектептің құрылысы басталды. Қалғаны бойынша конкурстық жұмыс­тар жүргізіліп жатыр. Аталған жұмыс толығымен 2024-2025 жылдары аяқталады. Сол кезде орын жетіспеушілік және үш ауысымда оқу мәселелері шешіледі.

– Оқушылардың тамақтануы бойынша бірқатар сұрақ көтерілген болатын. Жаңа оқу жылынан бастап мектептердегі тамақ әзірлеудің ингредиент­тері, қосымша құн салығы және басқа да есептер негізінде бірыңғай ас мәзірі жаңартылды. Оның ішінде тағамдарды пісіру технологиялары мен буфет өнімдеріне қойылатын талаптар да бар. Жаңа мәзір тамақтану институты және медицина университетімен бірлесіп әзірленді, – деді басқарма басшысы.

Алдағы уақытта Астанада 15 қосымша білім беру нысаны салынатыны туралы айта келе, Қасымхан Сенғазыев жаңа оқушылар сарайының ашылғанын мәлім етті. Сонымен қатар, шалғай аудандарда олардың филиалы ашылды. Одан бөлек, биыл бір ауысымда 700 баланы қабылдайтын Оқушылар сарайы ашылды. Алдағы уақытта Президенттің тапсырмасы бойынша 15 қосымша білім беру нысанын салу жоспарланып отыр. Осыған орай, қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына, аудан әкімдіктеріне мектептерге іргелес аумақты абаттандыру, кірме жолдарды құру және жөндеу, белгілерді, жасанды бұзушылықтарды орнату, жарықтандыру мәселелерін жедел түрде пысықтауды тапсырды.

Жиын барысында қалалық мәслихат депутаттары Астана қаласының жерлеу рәсімдерін цифрландыру және жерлеу орындарын күтіп ұстау мәселесін талқылады. Бұл ретте Есіл ауданы әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбекұлы Ұлттық пантеонның жағдайына тоқталды.

– Ұлттық пантеон Астанадан 17 шақырым жерде, Қабанбай батыр кесенесінің айналысында орналасқан. Пантеонның жалпы ауданы – 4 гектар. 25 жерлеу орны бар. Оның ішінде қазір 21 орында жерлеу жұмысы жүргізілген, яғни 25 орынның төртеуі ғана бос қалып тұр. Ұлттық пантеон мемлекет, мәдениет, ғылым қайраткерлерін және Қазақстанның дамуына үлес қосқан азаматтарды еске алу үшін құрылған мемориалдық маңызы бар обьект болып есептеледі, – деді әкім орынбасары.


Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button