Басты ақпаратЖаңалықтар

2012 жыл



2012 жыл ел тарихында елеулі оқиғаларға толы болды. Кезектен тыс өткен Парламент сайлауында тұңғыш рет көппартиялы жүйе жүзеге асырылды. Жоғары заң шығарушы органға үш партияның өкілдері өтті. Лондон Олимпиадасында Қазақстан құрамасы 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль алып, жалпы есепте 12-орыннан көрініп, тарихи жетістікке жетті.

———————————————————————————

ЕСІМІ ЕЛГЕ ҚАДІРЛІ

12 қаңтарда Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында халқымыздың біртуар перзенті, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған салтанатты жиналыс болып өтті. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, есімі елге қадірлі ерен тұлға хақында сөз сөйледі.

———————————————————————————

КҮЙ АТАСЫ – күй тартып отыр

4 шілдеде елордада қазақтың ұлы күйшісі Құрманғазының ескерт­кіші салтанатты жағдайда ашылды. Оған Мемлекет ­басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. «Бабаларымыздың құрметіне ескерткіштердің ашылуы – біздің ұрпақтың оларға деген шынайы ризашылығы мен зор құрметінің көрінісі. Қазіргі кезде Астанада Жәнібек пен Керейге, Абылай мен Кенесарыға, Абайға, Жамбылға және Бауыржан Момышұлына ескерткіштер орнатылған. Енді олардың қатарына Құрманғазы ескерткіші қосылып отыр. Ол – халықтың сенімін қасиетті аспап арқылы жарқын және бейнелі түрде жеткізе білген ұлы композитор. Оның «Сарыарқа», «Адай», «Балбырауын», «Қайран, шешем», «Кішкентай» атты күйлерін әрбір қазақ біледі, сүйсініп тыңдайды. Ал «Сарыарқа» күйі күллі әлемге таралып, қазақ музыкасын танытты» деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Күйшінің қолындағы аспабы – Құрманғазы домбырасының дәл көшірмесі. Қоладан құйылған ескерт­кіш «Думан» қонақүй кешенінің алдында тұрғызылған. Мүсін 5,5 метр биіктіктегі тұғырға орнатылған, ал жалпы биіктігі – 10 метр.

———————————————————————————

Жаратушыға дұға бағыттады

30 мамырда Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV құрылтайы өтті. Астана төріндегі төртінші басқосуға әлемнің 40 елінен 87 қатысушы келді. Жиынды ашып, сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қонақтарға шын жүрегімен алғыс айтып, 9 жыл бұрын әртүрлі дін өкілдерінің басын қосатын үлкен сарай салу туралы идеясының іске асырылғанына тоқталды.

Президент алқалы жиынның алмағайып кезеңде өткізіліп отырғанын мәлім етті. Нұрсұлтан Әбішұлының айтуынша, бұрынғы құрылтайлар да күрделі жаһандық үдерістер кезінде өткізілген. Ол тұңғыш басқосудың дінді халықаралық терроршылар мен экстремизм мақсатында пайдаланушыларға қарсы жауап ретінде ұйым­дастырылғанына, одан кейінгілері ғаламшарды қаржы дағдарысы шарпыған тұста ортақ алаңның рөлін атқарғанына тоқталды. Бұл жолғысы да әлемде алуан түрлі өзгерістер орын алған кезеңмен сәйкес келгенін қадап айтты.

———————————————————————————

Олжасы мол ОЛИМПИАДА

27 шілдеде Лондонда ХХХ жазғы Олимпиада ойындары салтанатты жағдайда ашылды. Әлемдік спорт саңлақтары тізбегінде Қазақстан құрамасы өткен кезде стадиондағы мың сан қошемет білдірушілер қатарында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев
та болды. Елбасы Лондонға жасаған бұл сапарында бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Ал 17 тамызда Астанада Лондон Олимпиадасында бақ сынаған Қазақстан ұлттық құрамасы мүшелеріне құрмет көрсету салтанаты болды. Рәсімнің Тәуелсіздік сарайында өткен негізгі бөлігінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің аты мен даңқын Ұлыбритания жерінен аспанға шарықтатып, айдай әлемге таратып қайтқан саңлақтарымызды қабылдады.

Қазақстан Лондон олимпиадасында жеті алтын, бір күміс, бес қола жүлде иеленіп, жалпы командалық есепте 12-орын алды. Олимпиада ойындарына әлемнің 204 елінен он мыңнан астам спортшы қатысты. Жарыс кезінде қауіпсіздікті 14 мың полицей, 17 мың әскери маман қадағалаған. Ойындарда барлығы үш жүзден астам медаль жұбы сарапқа салынған. Олимпиада жүлдесін 85 елдің спортшылары иеленді.

Қазақстан 12-орын алып, Голландия, Украина, Куба, Иран, Чехия, Испания, Бразилия, Аргентина сияқты елдерді артқа тастады. ТМД елдері арасынан Қазақстан Ресейден кейінгі екінші орынды алды, Азия құрлығы бойынша Қытай, Оңтүстік Корея, Жапониядан кейінгі төртінші сатыдан көрінді.

———————————————————————————

ҮЗДІК ҚАЛА ҚАТАРЫНДА

Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясы ұйымдастырған байқаудың қорытындысы бойынша Астана «ТМД және ЕурАзЭҚ-тің үздік қаласы» атанды. Бұл Астананы «ақылды қалалар» қатарына бастаған «Е-жедел жәрдем» және «Болашақ мектебі – бүгін» жобалары үшін берілді.

———————————————————————————

ӘЛЕМДІК ҰЙЫМДАРҒА ТӨРАҒАЛЫҚ ЕТТІ

12 қарашада БҰҰ Бас ассамблея­сының 67-сессия­сында Қазақстан БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мүшелігіне сайланды. Аталмыш кеңес 2006 жылдың 15 наурызында Адам құқықтары жөніндегі комиссияның орнына құрылды. Бұл органға 47 мемлекет мүше. Әр мемлекет үш жылға сайланады. Қазақстан кеңес мүшелігіне 2013-2015 жылдарға Азия-Тынық мұхиты мемлекеттері тобынан сайланды.

Сол жылы еліміз Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) мен Ислам ынтымақтастығы ұйымына (ИЫҰ) төрағалық етті. 2012 жылдың көрсеткіштері бойынша Қазақстан ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің 40-тан астамымен сауда, көлік, туризм, қаржы салаларында ынтымақтастық орнатты.

———————————————————————————

Зобалаң жылдар зары – «ҚАСІРЕТ КЕРЕГЕСІНДЕ»

1 маусымда елордадағы Рес­публика даңғылы мен Абай көшесінің қиылысында ерекше сәулеттік туынды бой көтерді. Жаңа монументтегі «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарының рухына тағзым» деген жазу алыстан анық көрінеді. Ерекше ескерткіш жас ұрпаққа зобалаң жылдардың қасіретін жеткізуді мақсат еткен. Екінші жағынан, ол жігері жасымаған бабалар рухына көрсетілген құрмет деп білуге болады.
Монументтің ашылу салтанатына қатысқан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан ­Назарбаев: «Біз тарихқа жіті көзбен қарап, осындай нәубеттердің қайталанбауы үшін өткенді ұмытпауымыз керек. Халықтың қасіретті сәттері әрдайым елдің жадында болуға тиіс. Бұл ретте тұтас ұлтты жойып жібере жаздаған ашаршылық ешқашан ұмытылмақ емес. Есімізде болуы тиіс, мағлұмат алуымыз керек. Сол себептен біз Астананың қақ төрінен ашаршылық құрбандарына арналған ескерт­кіш ашып отырмыз» деді.
Қазақтың талай-талай зобалаңды бас­тан кешкеніне кәрі тарих куәгер. Қазан төңкерісі, Алқакөл сұлама, бірнеше рет болған ашаршылық, 37-нің қуғын-сүргіні, Екінші дүниежүзілік соғыс. Алайда қазақ сол қырғындардың бәрінде дәл ашаршылық жылдарындағыдай адам шығынына ұшыраған жоқ. Нәубет жылдары ұлтымыздың жартысынан астамы қынадай қырылды. Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты рәсімдегі сөйлеген сөзінде аштық болмағанда қазақ халқының саны бүгінгіден бірнеше есеге көп боларын айт­ты. «1932-1933 жылдары кем дегенде 1,5 млн қазақ аштықтан ажал құшты. Аман қалған 200 мыңдайы басы ауған жаққа босып кетті. Біздің тарихтан білеріміз – осы. Әйтсе де, бұл кезең әлі терең зерттеуді қажет етеді. Себебі ол кездегі басшылар есепті өз пайдасына орай берген» деді Президент.

———————————————————————————

«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІ – ӘСЕМ ҒИМАРАТ

Әлемнің ең көрікті 10 мешітінің қатарына кіретін Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешіті Орта Азия­да­ғы әсем де зәулім ғибадат орындарының бірі саналады. 2012 жылдың 6 шілдесінде Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен салтанатты жағдайда ашылған бұл мешіттің жалпы сыйымдылығы – 12 мың адам. Жоба авторлары – Қазақстанның құрметті сәулетшісі, Мемлекеттік сыйлық лауреаты Сағындық Жанболатов, ҚР Суретшілер одағы мен Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Есенғали Ахметов.
Мешіт атауын Елбасының өзі ұсынды. «Төрт мұ­наралы сәнді және сәу­летті мешіттің «Әзірет Сұл­тан» деп аталуы бекер емес. Бұл – кезінде күллі қазаққа рухани орталық болған Түркістанның рухы енді елордамызда жаңғырады деген сөз. Ғұлама бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің Түркістандағы кесе­несі осылай аталатынын баршаңыз білесіздер. Енді Астананың да өз «Әзірет Сұлтаны» бар» деген еді Мемлекет басшысы мешіттің ашылу салтанатында.
Мешіт үш қабаттан тұрады. Төрт мұнарасының әр­қайсысының биіктігі – 77 метр. Күм­без саны – 10. Олардың диаметрі – 10,45 метр. Үлкен намаз залындағы күмбез Орталық Азиядағы ең үлкен күмбез болып есептеледі. Оның биіктігі – 51 метр, ені – 28 метр. Мешіт аумағында 800-ге тарта көлікке арналған автотұрақ бар.
Мешіттің әлемнің өзге мешіттерінен ерек­шелігі – оның дизайнында қол­данылған ою-өрнектердің 80 пайызы – ұлттық нақыш үлгілері.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button