Елорда тынысы

300 көше жөнделеді



Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек биыл жаңадан ашылатын көпір мен жөндеуден өтетін көшелер туралы ақпарат таратты. Бұл туралы қала басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Қала басшысы ­Жеңіс ­Қасымбек жол инфрақұрылымын дамытуға көңіл бөлінетінін айтты. Осыған орай бас қаладағы 300 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. ­Сонымен ­қатар биыл қалаға 400 автобус жеткізу жоспарланып отыр. ­Оның ­басым бөлігі шілде айынан бастап әкелінеді. «Қала мен тұрғындардың өсуін назарға ала отырып, тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің нысандарын салумен бірге, жол инфрақұрылымын дамытуға да көңіл бөлеміз. ­Биыл қалаға 400 автобус жеткіземіз. Ал басым бөлігі шілде ­айынан бастап жеткізіле бастайды» ­деді әкім.

«Сондай-ақ қала жолдарындағы көлік ағынын сейілту үшін биыл Есіл өзені арқылы өтетін Тәуелсіздік даңғылындағы көпірдің құрылысын аяқтаймыз. Бұл көпір жолдардағы кептелісті едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді, сол сияқты сол жағалауды Тәуелсіздік даңғылымен, жаңа теміржол вокзалымен, Қошқарбаев даңғылымен, Нәжімеденов көшесімен, Әзірет Сұлтан мешіті ауданымен, Байтұрсынов, Қордай, Айнакөл көшелерімен, Момышұлы даңғылымен және т.б. қосымша байланысты қамтамасыз етеді» деп жалғады сөзін қала басшысы.

Сонымен қатар ол барлық ауданда жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. «Биыл ұзындығы 54 км-ден асатын 70-тен астам көшені жөндеуді жоспарлап отырмыз. Мәселен, олар Ғұмар Қараш, Қордай, Бурабай, Белжайлау көшелері, Кенесары көшесінің Ғабдуллин көшесінен Республика даңғылына дейінгі аралығы, Уәлиханов көшесінің Кравцов көшесінен Бөгенбай батыр даңғылына дейінгі аралығы, Тәшенев көшесінің Республика даңғылынан Амман көшесіне дейінгі тұсы, Иманбаева көшесінің Иманов көшесінен Кенесарыға дейінгі аумағы, әл-Фараби даңғылының Алаш тасжолынан Пушкин көшесіне дейінгі жері, Жеңіс даңғылының Бөгенбай батыр тұсынан Кенесары көшесіне дейінгі аралығы, Еңбекшілер көшесінің құрылысы Ұлы дала даңғылынан Бұқар жырау көшесіне дейінгі тұсы; Рысқұлов көшесінің Мәңгілік ел даңғылынан Қайсенов көшесіне дейінгі аралығы, Сарыарқа, Р.Қошқарбаев даңғылдары және тағы басқалары. Биыл шамамен 300 көше жөндеуден өтеді» деп сөзін түйіндеді әкім.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button