Елорда тынысы

4 мың үлескер пәтер кілтін алады



Астана әкімі Жеңіс Қасымбек құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аралады. 9 тұрғын үйдің үлескерлерімен кездескен қала басшысы құрылысты аяқтау бойынша ауқымды жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын, әрбір үй бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары жасалғанын мәлім етті.

«Қаладағы құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аралауды әрі қарай да жалғастырамыз. «Қорғалжын кварталы», «Мирный дом», «Араби 2 – Гранитный 2», «Зере-­2», «Арыстан», «Future Home», «Садовые кварталы», «Территория комфорта-1 2-кезек» тұрғын үй кешендерінің үлескерлерімен кездестім. Үлескерлермен бірге құрылыс барысын бақылауда ұстаймыз.  Құрылысы ұзаққа созылған ғимараттардың жағдайы әртүрлі. Бір жерінде үйдің тек жақтауы ғана бар болса, енді бір тұсында тек қазаншұңқыры ғана қазылған. Мәселен «Арыс­тан» тұрғын үй кешенінің құрылысы 11 жыл бұрын басталған. Ал нысанды өткізу кезінде тек 20-30%-ы ғана дайын еді. «Садовые кварталы» тұрғын үй кешені 8 жыл бұрын проблемалық деп танылса, нысанды өткізу кезінде іргетасы ғана болатын. Мыңдаған үлескер отбасы баспанасын күтіп жүр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау бойын­ша ауқымды, жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Әр үй бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары бар» деп жазды Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында.

Әкім биыл құрылысы ұзаққа созылған 30 тұрғын үй кешенін аяқтау жоспарланғанын жеткізді. «Бұл – шамамен 4 мың үлескер отбасы. Олардың бір бөлігін аяқтадық. Үлескерлер кездесулерде абаттандыру, инженерлік желілер салу және тағы басқа мәселелерді көтереді. Біз өз тарапымыздан мердігерлерге барынша көмек көрсетеміз. Дегенмен олардың үлескерлерді жалған уәдемен үміттендіруіне жол бермейміз. Біздің міндетіміз – ұзаққа созылған құрылыстарды аяқтау және үлескерлерге пәтер кілтін тапсыру» деді Ж.Қасымбек.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button