Басты ақпаратЖаңалықтар

ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫНА ТАРТУ



Кеше Астана әкімі Әсет Исекешев қалалық Ішкі істер департаменті қызметкерлеріне жаңа қызметтік автокөліктердің кілтін табыстады. Қазақстандық полицияның құрылғанына ширек ғасыр толатын мереке қарсаңында елордалық тәртіп сақшыларының автопаркі арнаулы көліктердің техникалық талаптарына сай келетін 94 көлікпен толықты.

nur_2996-kopirovat

Дабылды дауыс зорайтқыш құрылғылармен, радиостанциялармен, бейнетіркегіштермен және заманға лайық өзге де қондырғылармен жабдықталған бұл көліктердің барлығы дерлік Қазақстанда құрастырылған. Жаңа автокөліктерге жол-патрульдік полиция полкі, учаскелік полиция инспекторлары, Жергілікті полиция қызметінің кинологиялық взводы, аудандық басқармалар мен әкімшілік полицияның кезекші бөлімдері ие болды.

Бұл жағдай елордадағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету ісінде жедел әрекет етуге мүмкіндік туғызады.Қазіргі таңда елордалық полицейлер «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне шетелден және ел аймақтарынан келген қонақтар мен мектеп оқушыларына бағыт-бағдар сілтеп, қауіпсіздігін қадағалауда екенін айта кету керек.
Салтанатты шара барысында Астана қаласы Ішкі істер департаментінің бас­тығы, полиция генерал-майо­ры Амантай Әубәкіров қала әкімдігінің полицейлерді үнемі қолдауын атап өтіп, елордалық тәртіп сақшыларының материалдық-техникалық базасы мен қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жыл сайын жақсарып келе жатқанын айтып, шаһар басшылығына алғысын жеткізді.

nur_2922-kopirovat

Астаналық полиция былтыр­дан бері ірі республикалық және халықаралық маңызы бар қоғамдық-саяси, спорттық-мәдени іс-шараларды өткізу кезінде және жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында, жолдарда күрделі жағдайлар туындағанда көлік қозғалысын бақылау кезінде квадрокоптерлерді қолдануда.

«Құқық қорғау органдары жұмысының сапасын арттыру аясында атқарылып отыр­ған елордалық Ішкі істер департаментінің қызметтік автокөліктер паркін жаңарту ісі мемлекет бұл бағытта жүргізіп жатқан көлемді кешенді шаралар жоспарының бір бөлігі ғана» дейді Астана қаласы Ішкі істер департаменті жол-патрульдік полиция полкі командирінің орынбасары Кенжебек Дүйсебеков.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button