Мәдениет

5 алтын қоржында, 4 алтын көкейде



Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт сарайында өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан балуан­дарына жанкүйер болып, тақым қыстық. Әсіресе астаналық балуан Жәмила Бақбергенованың өнерін жіті бақыладық.

Азияның 24 елінен келген 400 балуан Астана төрінде өзара  үздіктерді анықтауға күш салды. Біз Жәмиланың бәсекесіне назар аудардық. Ол алдымен тайпейлік қарсыласын оңай ұтса, жартылай финалда моңғолиялық Даваанасан Энх Амардан айласын асырды. Финалда жапониялық Сумирэ Ниикурамен алтын медальды сарапқа салды.

Әсілі, Жапонияның қыздары еркін күрестен аты озып тұр. Олимпиада ойындарында төрт рет алтын медаль алған бір ғана балуан болса, ол – Каори Ичо. Одан бөлек, Азия мен әлем чемпионатында жапон қыздарынан медаль артыла бермейді. Қысқасы, Жапониядан келетін балуандардың осалы жоқ. Бір жыл бұрын Моңғолияның Ұланбатыр қаласында өткен Азия-2022 бәсекесінде Сумирэ біздің Жәмиладан ұтылған еді. Кеткен есесін қайтаруды ойлаған Сумирэ бозкілемге қайраттанып шықты. Жанкүйерінің қолдауынан қанаттанған Жәмила өзіне сенімді көрінді. Ол қарсыласының әр қадамын бақылап, ұрымтал сәтте үйреншікті әдіс-тәсілін орындап, ұпай санын еселеді. Сөйтіп, үшінші рет Азия чемпионы атанды. Бұл – Қазақстан әйелдер күресі тарихындағы ең үздік көрсеткіш.

76 келіде белдескен Эльмира Сыздықова ақтық сында қырғыз­стандық Айпере Медетқызын ұтып, екі дүркін Азия чемпионы атанды. Сондай-ақ 55 келі салмақта Марина Седнева, 57 келіде Нилуфар Раимова, 59 келіде Қалмира Білімбек, 68 келіде Елена Шалыгина қола медальды місе тұтты.

Грек-рим күресі бойынша 72 келі салмақта Ибрагим Магомедов алтын медаль олжаласа, 82 келіде белдескен Диас Қален мен 87 келіде сынға түскен Нұрсұлтан Тұрсыновқа күміс медаль бұйырды. Аманғали Бекболатов (55 келі), Мұхамедали Мамұрбек (63 келі), Алмат Кебіспаев (67 келі), Олжас Сырлыбай (97 келі), Әлімхан Сыз­дықов (130 келі) қола медальды қанағат тұтты.

Жарыстың соңғы екі күні еркін күрес шеберлері кілемге шықты. 70 келі салмақта күш сынаған Санжар Досжанов пен 79 келіде белдескен Болат Сақаев алтыннан алқа тақты. Бұл екі балуан да жартылай финалда Иранның мықтысын ұтса, финалда Өзбекстан өкілінен айласын асырды. 57 келідегі Рахат Қалжан қола медальмен шектелді.

Бұған дейін Азия чемпионатында дараланған Азамат Дәулетбеков (86 келі) пен Юсуп Батырмурзаев (125 келі) финалға шықты. Дархан Есенғали (74 келі) мен Ризабек Айтмұхан (92 келі) ақтық сынға шығып, алтын медаль үшін белдеседі.


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button