ЖаңалықтарМәдениет

«Абай» – «Астана Опера» театрында



_DSC7739

Кеше «Астана Опера» театрында «Абай» операсының тұсауы кесілді. Көрнекті композиторларымыз Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің аталмыш музыкалық туындысы (либретто авторы – М. Әуезов) астаналық театрда алғаш рет қойылып отыр.

Көрермен бұл операны көп күтті. Өйткені, қойылымның шығармашылық құрамы әдеттегіден өзгеше. Алдымен, есімін бүкіл ел білетін дирижер Алан Бөрібаев туралы айтайық. Әлемнің «мен» деген әйгілі театрларында қызмет істеген Алан – «Астана Операға» аттай қалап шақырылған дирижер. Ал «Абай» – оның астаналық ұжымдағы алғашқы жұмысы. Бұдан бұрын ол Германияда осы операның еуропалық премьерасын жасаған болатын. Қойылымдағы басты партиялар Майра Мұхамедқызы, Сүндет Байғожин, Талғат Мұсабаев, Салтанат Ахметоваларға тиесілі.
Операның қоюшы-режиссері – атақты опера әншісі Марио дель Монаконың ұлы Джанкарло дель Монако. «Ұят та болса, айтайын, алғашында маған осы опера туралы ұсыныс түскенде, Абайдың кім екенін білмеген едім. Кейін Абай тұлғасымен жақынырақ таныса келе, оның қазақ халқының қоғамдық-саяси және рухани өміріндегі маңызды рөлін аңғардым. Бақсам, Абай дала пайғамбары екен. Операны қоярда қазақтың салт-дәстүрін зерттеп, әрбір детальға мән бердім» дейді режиссер. Жүрген жерінде сол елдің бас киіміне айрықша назар аударатын дель Монаконың басына қазақтың тақиясы жараса қапты. Өзі баспасөз мәслихатында «неліктен бұл операны қазақстандық режиссерлер қоймайды?» деген тілшінің сұрағына аздап шамданып қалды. «Өнерде шекара жоқ. Мәселен, киіз үйге 200 адамды сыйғыза алмайсыз. Ал театрдың үлкен залына одан да көп көрермен сыйып кетеді. Түптеп келгенде, Абай – жалпы адамзатқа ортақ тұлға» деді италиялық режиссер.
Ал режиссердің кеңесшісі, ҚР Халық әртісі Есмұқан Обаев италиялық әріптестері қойған қойылым біз бұрын көрген спектакльдерге ұқсамайтындығын айтады. «Абай» операсы Алматыдағы опера және балет театрында 1944 жылдан бері қойылып келеді. Онда Серкебаев, Қоңыратбаев, Досымжанов, Жаманова, Байсейітовалар шырқады. Енді осы опера заманауи нұсқада қойылып отыр. Қамшысын сермеп, шоқпарын сүйретіп жүретін қазақтар жоқ мұнда. Бәрі де – тартылған аттай, сыптай қазақтар. Ашыққан, азаттықты аңсаған қазақтар» дейді ол ойын бүкпей.
Қойылымның безендірілуі сахна суретшісі Эцио Фриджерио мен костюм жөніндегі суретші Франка Скуарчапиноға жүктелген екен. Баспасөз мәслихатында Фриджерио декорацияны ойластырғанда қазақ мәдениетінің кемелденген тұсын көрсетуге басымдық бергенін түсіндірді. Фриджерио бұған дейін астаналықтарға «Аққу көлі», «Ұйқыдағы ару», «Ромео мен Джульетта» қойылымдарындағы жұмысымен танылған болатын. Әдетте тек әртістердің көңіл-күйіне қарап әсерленетін көрермен «Абай» премьерасында 3D технологиясының көмегімен жасалған бейнеинсталляцияларды көріп таңдай қақты. Бұл, әрине – Фриджерионың еңбегі.
Костюм жөніндегі суретші Франка Скуарчапино да киім тігудің ең озық дәстүрін сақтап қалған Италия елінен арнайы шақырылған. Өзінің еңбектері үшін атышулы «Оскар» сыйлығын жеңіп алған суретші ең алдымен, қазақтың ұлттық бас киімдері мен оқалы етіктерінің эскизіне ерекше мән берген екен. Өзі қазақтың ұлттық киімдерімен танысарда мұражай мен кітапханалардағы ескі суреттер мен деректердің көмегіне жүгініпті. Ал, спектакльдегі билерді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Нұрқалиев пен Ғалия Бөрібаева қойған.
«Абай» операсы туралы айтыла бастағаннан-ақ, өнер сыншылары оны «Қазақстанның мәдени өмірінде елеулі резонанс туғызады» деп болжаған болатын. Ал, Алан Бөрібаев қойылымды «күллі әлемге ұялмай көрсететін экспорттық қойылым» деп бағалады. Дегенмен, негізгі баға – қашанда мәртебелі көрерменнің еншісінде.

Роза ӘРЕН




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button