Руханият

Абайдың қара сөздері – өмір сүру қағидасы



(Жалғасы. Басы газетіміздің №85, 86, 90-91, 92 сандарында)Отызыншы сөздің астары

«Ұялмас бетке талмас жақ береді деп, көп былжыраған арсыз, ұят­сыз­дың бірі-дағы» деген тұжырыммен аяқтапты, Абай отызыншы сөзін.
Біз осы сөздерді оқып отырып, жалпы адам баласы көп өзгере қоймайды екен-ау деген ойға келдік.
Бар ғұмырында қолына балға алып, бір шеге қақпаған, көп пайдасына асар бір ауыз сөзі болмаған, көпшілік басын қосар бір өнері болмаған, бірақ жұрт жиналса болды, қайыртпай сөйлеп, айыртпай төбелесіп жүретіндер әлі бар.
Бар кемшіліктен ақтала, бар қасиетімен мақтана бөседі дейсің.
Әлемді ұстап тұрған соның ақылы, билеп тұрған соның жақыны, өзі бар адамның батыры, руы мен жұрты елдің тақылы.
Абайды кем тұтқан Абай замандастары өлмей, осы заманға шетінен тірі жеткендей. Әлде Абай солар мінезі мен болмысын дәл суреттеп бергесін, өз замандастарымыз бен Абай замандастарын айыра алмай қаламыз ба екен? Өздері көп секілді.
Тіпті көбейе түспесін…

Отыз бірінші сөздің астары

…Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі – көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші – сол нәрсені естігенде, я көргенде, ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші – сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші – ой кеселді нәрселерден қашық болу керек.
Біз Абайдың отыз бірінші сөзін бір әрпін қалдырмай көшіріп алмаққа ниеттендік.
Ой кеселдері: уайымсыз салғырт­тық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді. Бұл төрт нәрсе – күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер.
«Құйма құлақ» болу Абай талабы бойынша оңай шаруа емес секілді. Көкірегі байлаулы берік болу деген сөз – өзіңді не бір талапқа, не бір ғылымға, не бір өнерге бағыттауың керек деген сөз болар. Өзіңді байлай алсаң, өзіңе қажетті деректі, әлгі өзіңді-өзің байлаған нәрсеге қажетті деректі ұмытам десең де ұмыта алмайтын боларсың. Себебі сен оны іздеп жүрдің ғой. Содан барып естіген бойда «апырым-ай бұл солай екен-ау» деп сезімдене қалдың. Абай сол кезде сол деректі ойша екі-үш рет қайталап қой, содан соң (төртіншісі) – сол мезетте ой кеселдерінен аулақ бол дейді.
Ой кеселдерін Абай тізіп жазып кетіпті. Бұлар ақыл мен ғылымды ілгері бастырмайтын, барын тоздыратын қылықтар екен.
Уайымсыз салғырттық деген не?
Ойыншыл-күлкішіл деп кімдерді айтамыз?
Қайғыға берілген жан қандай болады?
Құмарпаздар кімдер?
Бұл Абай айтып кеткен кеселдер құпиясын түсіну үшін күнде естіп жүрген бірнеше тұрмыстық мақал, мәтелдерді, қямпорыс сөз тізбектерінің бірлі-жарымын еске сала кетелік, қалғандарын өздеріңіз жалғастырып ала саларсыздар…
…Құдайдың күні көп қой, несіне жанталасасың..
…Ертең де күн бар емес пе…

Отыз екінші сөздің астары

Отыз екінші сөзде Абай абзал ойларының үшеуін, Абай өлеңдерінде кездесер асыл ойлар үшеуін осы өзіміз «талап» деп ат қойған осы сөзімізде келтірмек болдық.
Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейір­леніп, тезірек қолға түседі.
Ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек.
Ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын!
Өзі білгісі келіп, сағына жүріп кездесіп, шын мейірлене оқып
үйренбесе адам осындай сөзді жаза алар ма еді!
Абай не үшін ізденді? Іздеп тап­қанын кім пайдасына асырмақ болды? Абай осындай адал еңбегін, асыл ойларын қайран жұрты қазағына арнамай кімге арнай алады…
Бала күнімізде өрістен қайтқан «Қарамая» дейтін түйеміздің алдынан шығатынбыз. Күні бойы дала нәрін жинаған жарықтық ботасын сағынып, мейірлене боз­дап келе жатушы еді. Ботасы бауырына жақындамай-ақ баласына деген сағыныш махаббатына иіп жүре беруші еді. Төрт емшектен сүт тамшылай бастайтын.
Абай да сол. Қайран жұрты қазағын біраз сынап-мінеп алып, бо­йындағы бар махаббатын, сезімін осылайша ақтарады.
Абайдың өзіне жанынан жақын көретін қазағы болмаса, осы сөздердің бірі де жазылмаған болар еді.
Абай бойындағы барлық қуатты, барлық білімді, барлық қасиетті ойлар мен сезімдерді идіріп асыл сөздерге айналдыратын Абайдың өз жұртына, адам баласына деген махаббаты болатын.
Единица – жақсысы,
Ерген елі бейне нөл.
Единица нөлсіз-ақ,
Өз басындық болар сол.
Единица кеткенде,
Не болады өңкей нөл?
Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз
қалдыр­ған.
Әсемпаз болма әр неге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де – бір кірпіш, дүниеге,
Кетігін тап та, бар қалан!

Отыз үшінші сөздің астары

…Егер де мал керек болса, қол­өнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі – сол.
Өзіміз қолөнерге сүйенген жан болғандықтан ба, Абайдың бұл сөзі біздің жанымызға бал болып жағып, май болып жұғып тұр. Әрине, біз әулиелікке таласа қоймаспыз, бірақ Абайдың қолөнерлі кісіні қоғамның ең бір пайдалы адам екендігіне жұрт көзін жеткізіп кеткені қандай ғанибет болған. Әйт­песе бірнеше жылдар бойы алақаныңның қаныменен, маңдайыңның теріменен салып шыққан, өмірге келтірген нәрселеріңді көлденең көк атты кие жарып: «Мен салдым, мен салғыздым» деп тұратынын қайтерсің.
Бірақ «Құдай тағала қолына аз-маз өнер берген қазақтардың кеселдері болады» депті Абай.
Қолөнерлі жандарға Абай бірнеше ақыл-кеңес жазып қалдырады:
Әуелі қолөнерлі жан бойында барға қанағат етіп қалмай ізденіп, үйреніп, ұдайы өзін-өзі жетілдіруге тырысқанының дұрыстығын;
Екінші ерінбей еңбек етіп, өнері мен тапқанына бола кербездікке салынып кетпеуді;
Қулардың мақтағанына бой алдырмауды;
Өнерлі жанына тамыршыл боп жинала бастайтын шайтандардан бойды аулақ ұстауды тапсырады.
Абай осы сақтандырғыш кеңес­терін жаза отырып, өнерлі жан қадірін, өнерін жетілдіре түсуге көмек көрсеткісі келген секілді.
Қолөнерлі жан өз өнеріне мейірлі болып жақсы көрмек керек екен. Өзің жақсы көрмей, өзің сүймей, басқаға жақсы көрсете алмайсың, сүйдіре алмайсың дейді.
Қаруыңның барында қайрат қылмай,
Қаңғып өткен өмірдің бәрі де – жел.
Абайдың өлеңдерінен алынған осы бір ауыз сөз қөлөнерлі жандар өмірінің нағыз өмір екеніне көз жеткізе түсетіндей.

Отыз төртінші сөздің астары

…Кімде-кім ахиретте де, дүние­де де қор болмайын десе, білмек керек: еш адамның көңілінде екі қуаныш бірдей болмайды, екі ынтық құмарлық бірдей болмайды, екі қорқыныш, екі қайғы – олар да бірдей болмайды…
…Қай адамның көңілінде дүние қайғысы, дүние қуанышы ахирет қайғысынан, ахирет қуанышынан артық болса – мұсылман емес.
Адам баласына адам баласының бәрі – дос.
Бұл сөздерді, Абай ойларын Абай сөзінен көшіріп алдық. Көшіріп алдық та, көңілімізге күдік ұялаттық.
Шыныменен біз (жеке басымды сөз етіп отырмын) бұ дүние қуанышын о дүние қуанышынан артық қадірлеп жүрген жоқпыз ба?
Біздің қай қылығымыз сауапқа, қай қылығымыз күнаға жазылып жатыр? Оны кім білмек?
Біреумен қастасып, біреумен өштесіп, адамның бәрін өзімдей етіп аламын деп, Алла тағаланың, Ұлы Жаратқанның жарлығына қарсы болып жүрген жоқ па екенбіз?
Бәрі өзіңдей болғанда, өмірдің түзеліп кететініне кім кепіл?
Өзіңді-өзің түсініп болдың ба?
Абай барлық адамдарға дос болуды уағыздайды, ал қазақтарға «біріңді қазақ бірің дос, көрмесең, істің бәрі – бос» деп ескертеді.
Егер адамдар, Абай ойлағандай дәрежеде адамдарға деген сүйіспеншілік сезімге иелік ете алмаса, адам өміріндегі, бұл дүниядағы басты қатесі де сол болатын болар…
Қамшы сабындай қысқа өмірдегі аз ғана ләззәт үшін, сәл ғана мақтаныш үшін, жұрт көзінше тәуір атану үшін мәңгілік атты мекенді ұмытып жүрген жоқпыз ба? Солай болса, қандай қорқыныш…

Отыз бесінші сөздің астары

Отыз бесінші сөзін жазып отырып, Абайдың қандай ойда болғанын, қандай күй кешкенін кім білсін?
Абай да өз өмірін бірден білікті болып бастаған жоқ болар. Әуелі бала болды. Балалық қылықтарын бастан өткізді. Соңынан ағалары мен әке сөзіне иланды, солардың істеткенін істеді. Сөйлеткенін сөйледі. Ол кезде істеген шаруаларының бәрі Абай басына сауап болып құйылып жатты десек, онда біз өмірді танымайтындар, зерделей алмайтындар қатарына қосылар едік.
Билік басында жүрген адамға ары мен адамшылығын өмір бойы таза сақтап жүру қиынға соғатын секілді. Абай да Құнанбайдың, Ырғызбай ұрпақтарының шындығымен, көзқарасымен тіршілік талқысына талай рет түсті. Өмірдің сауабын да жинаған болар, күнәсін де арқалаған болар.
Ержеткенде, Абай аты шығып, танымал болған шақта, «қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп өкінген шақта өз білімімен, өмірге өз танымымен араласты. Әрине, бұл сөздер сол шақта жазылған болар.
Абай осы сөзді жазғалы отырғанда, және бұл сөзі бұ дүниелік емес о дүниелік, адам пендесіне жұмбақ нәрсе болса, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп, Алланың ақиқаттығына сенген кісі өткен өмірін еске ала, өзінен де есеп ала отыр­ған болар.
Көз алдынан қандай жағдайда қандай шешім қабылдады, бәрі сайрап өтпеді дейсің бе…
Сол кезде, даналық, кемеңгерлік жасқа жеткенде, өзіне қай ісі қалай көрінді екен?
Өкініші көп болды ма, шүкіршілігі көп болды ма?
Бұ күн бір күндерде бәріміздің де басымызға түседі.
Сол күні, өзіңе өзің есеп берген сәтте, о дүниеге онша қорықпай аттана алсақ, шіркін…

Отыз алтыншы сөздің астары

Абайдың: «кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ» деген сөзін оқыған кезде қатты шошынып қалдым.
Әрине, алдымен өзіңді ойлайсың. Ұятсыздар қатарына өзіңді қоса алмайсың. Сосын өз замандастарыңның біразын еске алады екенсің. Солардың кейбіреуі туралы ойланып, тап сол адамда ұят бар ма еді, жоқ па еді деп, жауап таба алмай сасады екенсің.
Абай ұят деген сезімді екі түрлі болады дейді.
Дұрыс адам, ұятты адам, мысалы, Абайдың толық адамы біреудің не шариғатқа, не адамшылыққа, не ақылға теріс ісін көріп далада тұрып әлгінің қылығына басқалардан ұялып тұрады екен.
Екінші ұят түрі де сондай қы­лықтарды өзің істеп алып, өзіңді-өзің жерлеп, өзіңе-өзің жаза тарт­қызатын болсаң керек..
Абай: «Ұят деген – адамның өз бойындағы адамшылдығы, иттігіңді өз мойныңа салып, сөгіс қылған қысымның аты» депті.
Ұят деген сезім оянып кетіп, өз қатең түгіл өзгенің кемшілігі үшін ұялатын болсаң сен кімсің?
Жетім мен жесірдің қақын жеп, ауру мен әлсіздің үлесін ұрлап, байлығын арттырып жатса, ол кім? Олар жүрегінде туа біткен ұят сезімі болды ма екен? Болса, қайда кетті?
Бұл сұрақтарға өмір бойы жауап іздеп өту қажет болар.

Отыз жетінші сөздің астары

1. Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес.
2. Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады.
3. Хикмет сөздер өзімшіл наданға айтқанда, көңіл уанғаны да болады, өшкені де болады.
4. Кісіге адамына қарай болыс­тық қыл; татымсызға қылған болыс­тық өзі адамды бұзады.
5. Әкесінің баласы – адамның дұшпаны. Адамның баласы –
бауырың.
6. Ер артық сұраса да азға разы болады. Ез аз сұрар, артылтып берсең де разы болмас.
7. Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың
8. Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал.
9. Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват.
10. Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім.
11. Дүниеде жалғыз қалған адам – адамның өлгені. Қапашылықтың бәрі соның басында. Дүниеде бар жаман да көпте, бірақ қызық та, ермек те көпте. Бастапқыға кім шықпайды? Соңғыға кім азбайды?
12. Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?
13. Ашулы адамның сөзі аз болса, ыза, қуаты артында болғаны. Егер де аузынан қан ағызса, домбыт мақтаншақ, я қорқақ.
14. Қуанбақтық пен бақ – мас­тықтың үлкені, мыңнан бір-ақ кісі к…н ашпайтұғын ақылы бойында қалады.
15. Егер ісім өнсін десең, ретін тап.
16. Биік мансап – биік жартас,
Ерінбей еңбектеп жылан да шығады,
Екпіндеп ұшып қыран да шығады.
17. Дүние – үлкен көл,
Заман – соққан жел,
Алдыңғы толқын – ағалар,
Артқы толқын – інілер,
Кезекпенен өлінер,
Баяғыдай көрінер.
18. Бақпен асқан патшадан
Мимен асқан қара артық.
Сақалын сатқан кәріден
Еңбегін сатқан бала артық.
19.Тоқ тіленші – адам сайтаны,
Харекетсіз – сопы монтаны.
20. Жаман дос – көлеңке:
Басыңды күн шалса, қашып құтыла алмайсың;
Басыңды бұлт алса, іздеп таба алмайсың.
21. Досы жоқпен сырлас, досы көппен сыйлас;
Қайғысыздан сақ бол, қайғылыға жақ бол.
22. Қайратсыз ашу – тұл,
Тұрлаусыз ғашық – тұл,
Шәкіртсіз ғалым – тұл.
23. Бағың өскенше тілеуіңді ел де тілейді, өзің де тілейсің, бағың өскен соң – өзің ғана тілейсің.

 

Сайын НАЗАРБЕКҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері

(Жалғасы бар)

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button