Мәдениет

«Адам айнасына» үңіліңіз



Тұңғыш Президент кітапханасында суретші, мүсінші, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Сырым Мүсіреповтің «Адам айнасы» атты жеке көрмесі ашылды. Көрме кітапхананың еліміздің мәдениет саласындағы жетістіктерін кеңінен насихаттауға, сондай-ақ жас дарындардың шығармашылығын қолдауға бағытталған «Тәуелсіздіктің мәдени коды» ғылыми-экспозициялық жобасы аясында ұйым­дастырылды.

Кітапхана директоры Бақытжан Темірболат соңғы екі жылда «Тәуелсіздіктің мәдени коды» жобасының арқасында елорда тұрғындары мен қонақтары белгілі шеберлермен қатар, бүгінгі көрменің авторы секілді жас таланттардың жұмыс­тарымен де танысуға мүмкіндік алғанын атап өтті.

Сырым Мүсірепов ­ЮНЕСКО клубының Ақтөбе қалалық көркемсурет лицейінде оқыды. Екі жыл бұрын Қазақ ұлттық өнер университетін бітірген. Республикалық және халық­аралық көрмелердің тұрақты қатысушысы. «Шабыт» халық­аралық фестивалінің ­лауреаты. Суретшінің туындыларын Тәуелсіздік сарайында, ­Әскери-тарихи музейде, Ұлттық музейде, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұража­йында, облыстық музейлерде, сондай-ақ Қазақстандағы жеке коллекциялардан табуға болады.

Көрме авторы жиналғандарға алғыс айта отырып, көрмені «Адам айнасы» деп бекер атамағанын атап өтті. Ол өз туындыларында адамзат болмысының әралуандығын, рухының күштілігін, өзіне деген сенімділігін көрсеткісі келді. Көрмеге әртүрлі жанр мен техникада орындалған 10-ға жуық мүсін мен 40 картина қойылған.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button