Басты ақпаратМәслихат

«Адам боп қалу – парызымыз»

Астана қалалық мәслихатының VIII шақырылымының депутаты, Кәсіподақтар федерациясы  төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев елордаға 2003 жылдың басында келген. Ол уақыт Астанада құрылыс қарқынды жүргізіліп, сол жағалау енді салына бастаған кез. Әкесі құрылысшы, өзі жастар конгресіне қызметке кіріп, елордадағы алғашқы жұмысын бастаған. Екі жыл ішінде олар бірқатар ірі маңызды жобаларды жүзеге асыруға атсалысып, жастар шығармашылығы одағына құрылтайшы болды, студенттер құрылыс отрядтарының республикалық штабын құрды. Бас қаладағы басқа да қызметтері, әсіресе мәслихат депутаты ретінде елорда өміріндегі маңызды жұмыстар туралы Нұрлан Өтешев сұхбат барысында баяндады. 

– Өзіңіз кезінде құрған студенттер құрылыс отрядтарының республикалық штабы тәжірибесі қазіргідей су тасқыны мәселесі өткір тұрған кезеңде керек бола ма?

– Меніңше, қазіргі таңда өңірлерге кез келген көмек керек. Себебі су тасқынынан кейін нағыз маңызды жұмыс­тар басталады, яғни қираған, бүлінген тұрғын үйлерді қайта тұрғызып, өмірді жаңадан бастау керек болады. Оның үстіне мұндайда эпидемия басталып кету қаупі бар, сондықтан халық арасында тас­қын су салдары үлкен қатер тудыруы мүмкін екенін айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл ретте бейіттер мен мал көметін жерлерді де ұмытпау керек. Көшеде тұрған су тұндырғыштар, әжетханаларды су шайып кетті, тасқын бітіп, су жерге сіңген кезде, сол сумен біраз жерге тараған зиянды заттар ауру тудырады, соның алдын алуға тиіспіз. Астанаға келсек, елордалық ең егде жастағылардың өзі Есіл өзенінің қашан соңғы рет бұлай қатты тасығанын есіне түсіре алмайды. Мұнда тасқынға қарсы үлкен ауқымды жұмыстар жүргізілді.

– Елорда мәслихатының депутаты және кәсіподақ қозғалысының төрағасы ретінде қандай маңызды мәселелерді шешуіңізге тура келеді?

– Кәсіподақ федерациясы – елдегі ірі қоғамдық ұйым, 2022 жылы тәуелсіз кәсіподақтар мемлекеттен бөлініп, өзінің Декларациясы жария­ланғанына 30 жыл толды. Содан бері қоғамдық-саяси салада да жұмыс­тар жүргізіп келеміз. Бірінші кезекте елдегі жалдамалы жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғаймыз. Қазіргі таңда Қазақстан бойын­ша кәсіподақтар атынан ұсынылған 272 депутат бар. Барлық облыс орталықтарында «Еңбек» депутаттық топтары құрылып, олар әлеу­меттік-еңбек қатынастарын реттеуге басымдық береді, яғни ұжымдардағы кикілжіңдер мен әлеуметтік пакеттер алу ісіне дейінгі мәселелерді қарайды, әсіресе, қауіпті жағдайда, зиян­ды жұмыс орындарында немесе бюджеттік секторда істейтін жұмысшыларды назарға алады.

Жергілікті өкілдікті органдар деңгейінде шешілуі тиіс мәселелердің бірі – бюджеттік мекемелер қызметкерлері жалақысының төмендігі. Мәселен, қазіргі таңда елде ең төменгі жалақы мөлшері – 85 мың теңге. Мектептегі еден жуушының болмаса, медициналық мекемедегі санитарканың жалақысы сондай. Осы ретте ауылдағы адамның қосымша бау-бақшасынан түсетін азғантай табысы болады, ал қалалықтарда ондай мүмкіндік жоқ, қиын жағдайдан шығу үшін олар қызмет уақытынан тыс та жұмыс істеуге мәжбүр болады.

Былтырдан бері Астана қаласының Білім басқармасының алдына қосалқы техникалық персоналдың жалақысын көтеру мәселесін қойып келемін, әрі бұл қызметкерлер – кез келген ұжымда ең қорғалмаған мамандар. Сауықтыру бойынша қосымша айлықты мұғалімдер екі рет алса, бұл қызметкерлер мүлдем алмайды.

Одан әрі, құрылыс компаниялары өз кәсіпорындарында кәсіподақтар құруға қарсылық білдірумен келеді, сол себепті кәсіподақ олардың еңбек қорғау және қауіпсіздік мәселелеріне араласа алмайды. Бұл мәселе қазір күн тәртібінде тұр. Өйткені Қазақстанда жыл сайын тек осы қауіпсіздік техникасы және еңбек қорғау талаптарының бұзылуымен байланысты 200-ге жуық адам көз жұмады.

– Сіз құқықтық тәртіп, заңдылық және қоғаммен байланыс бойынша комиссия мүшесісіз. Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Ішкі саясат бойынша жұмыс істейтін құқық қорғау органдарының жұмысы, яғни жастар, ішкі саясат, дін істері мәселелері, азаматтық қорғаныс жайы – біздің назарда. Бұл ретте мәслихат жұмысы жүйелі түрде құрылған. Қандай да бір мәселені мәслихатта қарау үшін алдымен оны тұрақты комиссия көруі керек. Оған дейін біз барлық мән-жайын осы мәселе бойынша адамдардың ортасына өзіміз барып анықтаймыз. Сол жерде сұрастырып, бәрін білеміз. Депутаттардың әрбір сауал, мәселе бойынша хабары болады. Әрбір депутатқа бекітіліп берілген округтер, тұрғын алаптар бар.

– Қалада ең көп мәселелер қай салада?

– Бірінші кезекте, инфрақұ­рылым мәселесі ең өзекті. Былтыр әкімдіктің арқасында 3-сорғы-сүргі стансасын дер кезінде іске қосып, халық содан сусыз қалмады. Жазғы маусымда оның деңгейін азайтты да, жаздың ортасына таман бұл мәселе шешімін тапты. Келесі кезеңге дейін су мәселесінде қиындық жоқ. Дегенмен суды бөлуге байланысты мәселелер туындады, нысандардың бәрі бірдей бұл мәселені толық шешпеді.

Одан соң әлеуметтік және мәдени нысандар мәселесі де өткір тұр. Балалар саны артып, мектептер жетпеуде. Медициналық мекемелерде кадрлар жетіспейді, әсіресе орта персонал – медбикелер тапшы, олардың көбі жекеменшік ұйымдарға кетуде. Мемлекет оларды қызметке тартып, тұрақты ұстап қалуы үшін не істей алады? Оның бір шешімі – жатақханалар салу.

Өртке қарсы қызмет туралы айтар болсам, 2023 жылы өрт бригадалары мен өртке қарсы қауіпсіздік инспекторлары үшін техника сатып алынды. Дегенмен алдымен халықты өрт қауіпсіздігі жағдайына дұрыс мән бере қарап, балаларына қарапайым ережелерді түсіндіруі керек.

– Астаналықтарға айтар қандай ұсыныс, тілегіңіз бар?

– Біздің қаламыз қазіргі таңда жеке көліктен бас тарту деген түсінікті әр тұрғын өзі ұғынуы керек кезеңде тұр. Қазір бәлкім қатты байқалмайтын да шығар, алайда 2-3 жылдан кейін қоғамдық көлікте жүргеннен гөрі жеке көлікпен ұзақ жүретінімізді және оның қымбатқа түсетінін түсіне бастаймыз. Бұл жерде бізге климаттық жағдайды есепке ала отырып қайта бағалау қажет болады. Тағы бір айтарым – су мен электр жарығын үнемдеу жайы, бұлардың бәрі өткір мәселелер.

Елордамыз әдемі, таза, ұқыпты көрінгенін қаласақ, астаналықтар да соған өз үле­сін қосуы керек. «Таза Қазақстан» сияқты экоакциялар бізді уақытша болса да айналамызға қоқыс тас­тамауға шақырады, сол біздің әдетімізге айналып, күнделікті дағды болып, мәдениеттілігіміздің деңгейін көрсетуі қажет. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қала тұрғындарына, жұмыс берушілерге айтарым – кәсіподақ ешкімге артық етпейді. Бәлкім онымен жұмыс істеу қиындау шығар, бірақ соның қызметімен соңында бәрі де ұтады.

– Осынша жұмыстың арасынан жеке өмірге уақыт табасыз ба?

– Бос уақытым көп те емес, егер болып жатса бар уақытымды отбасыма арнаймын. Кіші ұлым бірінші сыныпқа барғалы жатыр, күнде кешке сол баламмен бірге уақыт өткіземін. Сондай сәттерде бастауыш сынып мұғалімдерінің қажырлы еңбегінің қаншалықты зор екенін, жалақылары соған сай ма екен деп ойлаймын. Одан бөлек достарыммен кездесемін. Мен жас кезімнен көңілді және тап­қырлар клубының ойыншысы болғанмын. Қазір осы бағытта қандай шығармашылық жобалар іске қосуға болатынын ойластырып жүрміз. Себебі қала тұрғындары бос уақытын рухани жағынан да байыта отырып өткізуі керек. Сатира арқылы жастарды да тәрбие­леуге болады. Ең бастысы әрбіріміздің басты парызымыз – бұл өмірде адам боп қалу.

Бақтыгүл Бурбаева




Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button