ЖаңалықтарМәдениет

«АДАСЫП» ЖҮРГЕН «АҚЖЕЛКЕН»



Ақжелкен

…Қаллеки театрының сахнасында «Ақын мен ажал» атты трагедиясын қойған «Ақжелкен» студенттік театрын көргенде көкейіме келген алғашқы ой осы болды.  Өзім елордаға жақында келгендіктен, студенттік театрдың құрамымен танысқан бетім осы. Өздері С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университетінде білім ала тұра, актерлік шеберліктері анау-мынау әртістен кем түспейді екен. Ал, қойған қойылымы…

«Ақын мен ажал» – ақын Ғазиз Ештанаевтың Сәкен Сейфуллинге арнап жазған трилогиясының соңғы бөлімі. Бұған дейін студенттер «Емен ұзақ жасайды» және «Жолайрық» спектакльдерін сахналаған екен. Шығармада Сәкен Сейфуллиннің абақтыдағы ақырғы күндері баяндалады. Балаң әртістердің ойынында көрерменді финалға дейін жетелеп отыратын тегеурінді динамика бар. Түрмедегі қатігез жендеттер ақынды аяусыз тепкілеп, бір жағынан Ажал кеп, алқымынан алады. Жалғыз қалса болды, «халың қалай, «халық жауы»?» деп жалмаңдап жетіп келетін Ажал бейнесі – сәтті таңдалған образ. «Өзің құрған өкімет құртты сені» деп мысқылдай күлетін жағымсыз кейіпкерді студент Дәурен Аманжановтың сендіре ойнағаны соншалық, соңғы сәттерде біз оның образын шынымен жек көріп қалдық. Дәурен болашақ инженер екен.
– Мынадай өнеріңмен аграрлық университетте не істеп жүрсің? – деген сұрағымызға: – Әке-шешем әртіс болғанымды қаламады. Бірақ, түбінде өнер саласынан бір-ақ шығатынымды сеземін, – деп жауап қатты.
Спектакльде негізгі салмақ Сәкен рөліндегі Әлібек Мырзақұловқа түскен. Сәкеннің түбіне өзі сенген өкіметтің жеткенін сезгендегі күйзелісі, ішкі арпалысы, ата-анасының рухымен тілдесуі… Біресе «сен сатқын ұл тумадың ғой, анашым!» деп шарқ ұратын, ендігі бір сәтте «аққуларды атпаңдар!» деп сахнада жанұшыра жүгіретін кейіпкерді ойнау Әлібекке оңай соққан жоқ. Әсіресе, ақынның ажалмен текетіресі үлкен психологиялық дайындықты талап еткені көрініп тұр.
Студенттерге арнап ықшамдалған шығарма көпшілікке ұғынықты әрі мағыналы сөздерге толы. «Тыныштықтың да өз үні бар» дейді Ажал. «Елдің ертеңгі күнге аман жетуі үшін бүгін үндемеу керек» деп, күбірлейді Сәкен. Артқы фонда баяу ойналып тұрған Қуат Шілдебаевтың «Тораңғы қасіреті» композициясы трагедияның мазмұнын одан сайын тереңдете түседі. Режиссер Нұрфат Вахитов қойылымға дайындалуға екі ай кеткенін және бұл студенттердің репертуарындағы алғашқы трагедия екендігін айтты. Ал, Ғазиз Ештанаев «алғашында менде студенттер спектакльді алып шыға ала ма?» деген сенімсіздік болды. Алайда, жігіттер өздерінің тамаша ойынымен көңілімдегі күдікті әп-сәтте сейілтті. Енді бұл оқу ордасының атауын «агротехникалық және театр университеті» деп өзгертуге болатын шығар» деп әзілдеді.
С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев Қаллеки театрының басшылығына алғысын білдіре отырып, орынды ұсыныс айтты. «Келесі жолы студенттеріміздің қойылымына Үкімет мүшелері мен министрлерді де шақырайық! Сонда олар қазіргі студенттердің өмірімен, оларды толғантатын мәселелермен танысар еді» деді ректор.
Ақын Несіпбек Айтұлы, актриса Рымкеш Омархановалар жас әртістердің өнеріне оң бағасын беріп, сәттілік тіледі.
Осыдан сегіз жыл бұрын С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде құрылған студенттік театрдың репертуарында онға жуық қойылым бар. Студенттер бұған дейін «Құмдағы үй», «Пай-пай, жас жұбайлар!», Тахауи Ахтановтың «Күшік күйеу», Сұлтанәлі Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда» және тағы басқа пьесаларды сахналаған. Жас әртістер университет сахнасында жылына екі-үш спектакль қояды. Былтыр олар Ақтөбе облысының төрт-бес ауданына гастрольдік сапармен барып қайтты.

Роза ӘРЕН




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button