Басты ақпаратМәдениет

ӘДЕБИ МУЗЕЙЛЕРГЕ БЕТБҰРЫС ҚАШАН БОЛАДЫ?



Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада қазақ әдебиетінің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан көрнекті қаламгерлер мен ғалымдар атында бірнеше зал бар. Бұл қатарда алдымен «Абай» академиялық залын атап өту керек. Кітап ордасында «Әкім Тарази» залы, ­Тұрсынбек Кәкішев атындағы «Ғылым» залы, Дүкенбай Досжан атындағы «Жазушы» оқу залы, ­Мырзатай Жолдасбековтің мемориалды кітап-коллекциясы оқу залы, «Әбіш ­Кекілбайұлы» оқу залы, Немат Келімбетов пен Бейсенбай Кенжебаев атындағы «Түркология» оқу залы ашылған. Астаналық қаламгер Нұрғожа Ораз бен жазушы-публицист, аудармашы Марал Хасеннің мұраларына жеке бұрыштар берілген. Осы тізімге таяуда Әбдіжәміл Нұрпейісов атындағы зал қосылды.

Біраз уақыт бұрын бір әріптесіміздің осыны жақтырмай: «Ұлттық академиялық кітапхана музейге айналып кетті» дегені бар. Ақиқатын айтқанда, жоғарыда аталған залдар кезінде қаламгерлердің өздері немесе олардың туыстары кітапханаға сыйға тартқан кітаптар мен жәдігерлерден құралған. Мәселен, Мырзатай Жолдасбеков талай жыл жинаған кітаптарын сыйлады. Руханият ордасында сол сияқты Хамит Ерғалиевтің кітап қоры да сақтаулы.

Әрине, бұл бір жағынан қарапайым оқырмандар мен ғалымдарға пайдалы. Олар іздеген сирек кітаптар мен құнды құжаттар осы жерден табылуы мүмкін. Ал екінші жағынан бір мәселенің басын ашып тұр – елімізде қазір әдеби музейлер өте аз. Мысалы, елордамызда осы сипаттағы жалғыз ғана Сәкен Сейфуллин атындағы мұражай бар. Рас, №54 мектеп-лицейде Ақселеу Сейдімбек мұражайы мен бас қала іргесіндегі Жібек жолы ауылында Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы мектепте «жасынан топтан асқан» ақынның музейі жұмыс істеп тұр. Бірақ олар орта білім беру орындары ішінде ашылғандықтан, мәдени мекемелер қатарына жатпайды.

Елорда айналасына келсек, Атбасарда Ілияс Есенберлин мемориалдық музейі ашылған. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Ақмола облысының Бурабай ауданында Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәкен Жүнісовке қос қабатты үй салына бастады. Бірақ құрылыс аяқталмастан, тоқтап қалды. Жазушы дүниеден озған соң, бұл үй ешкімге керек болмады. Тіпті, есік-терезелері тоналып, қаңғыбас адамдардың, ит пен мысықтардың мекеніне айналды. Осы үйдің құрылысын аяқтап, қаламгердің музейіне айналдырайық деген ұсыныстар талай айтылды. Жазушы көзі тірісінде өзі осындай ниет танытты. Еш нәтиже шықпады.

– Бұл үй енді осы қалпында жеті-сегіз жыл тұрса, құлайды. Кезінде Сәкен ағамыз маған берген сұхбатында: «Бұл Сәкен Жүнісовтің мұражайы емес, қазақ жазушыларының мұражайы болар еді» деген еді. Осы үйдің астында сегіз көлік сыятын гаражы, ішінде конференция өткізетіндей үлкен зал бар. Қазір Бурабайға жан жақтан келетін адам көп. Ақмола облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы үйді қолға алып, құрылысын аяқтаса, дұрыс болар еді. Ең бастысы, үйдің сырты бүтін. Есік-терезелері салынып, жөндеу жүргізіліп, мемлекет меншігіне алынса, басқарманың балансына берілсе, керемет болар еді. Бұл үй Бурабай ауылының ең шетінде, ғажап жерде орналасқан. Арғы жағында орман, Бурабай көлі, Оқжетпес тұр. Жазушының үйін мұражай қылып жасауға болады. Обал, тіпті, – дейді жазушы Толымбек Әбдірайым.

Қаламгерліктен үлкен қайраткерлік деңгейге көтеріліп, Еңбек Ері атанған Әбіш Кекілбайұлы өмірден озған соң туған жері Ақтау қаласында жазушы атында орталық ашылады деген жаңалық шықты. Бірақ ақыр аяғында мәселе сұйылып кетті. Екі жылдай бұрын, қаламгердің туғанына 80 жыл толуына орай Маңғыстау облыстық өлкетану музейі жаңадан бой көтеріп, оған жазушының аты берілді. Естуімізше, музейде Әбіш Кекілбайұлының мұрасына көп орын берілмеген. Мәдени ошақ жалпы өлке тарихынан сыр шертеді. Біздіңше, аса көрнекті қаламгерге арнап Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы үлгісімен жеке әдеби музей ашу керек еді.

Осы тұрғыдан алғанда, Батыс Қазақстан облысындағы қаламгерлерге қатысты жұмыстар дұрыс бағытпен келе жатыр. Облыс орталығында Қасым Аманжолов пен Абдолла Жұмағалиев атындағы әдебиет үйін ашу жоспарланып отыр. Қос қаламгер өмірде дос болып, Абдолла Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқанда, Қасым оған әйгілі «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасын арнады. Сондықтан облыс басшылығының бұл шешімі қисынды да орынды.

Биыл дауылпаз ақынның туғанына 110 жыл толады. Осыған байланысты алдағы күзде Қарағанды қаласында «Қасым үйі» ашылмақ. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов хабарлады. Осы мәселенің көтерілгеніне біраз жылдың жүзі болғанын айта кету керек. Нәтижесін, бұйырса, алда көрерміз.

Бүгіндері елімізде, жалпы алғанда, 20-30 шақты ғана әдеби үй ашылған. Әрқайсысының өзінің мәселесі бар. Мәселен, Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы музейі әлі күнге дейін мемлекет балансына алынбаған. Шығыс Қазақстан облысындағы Топқайың ауылындағы Қалихан Ысқақ музейі мен «Алтайдың кербұғысы» атанған Оралхан Бөкейдің туған ауылы Шыңғыс­тайдағы музейінің жағдайы да сондай. Есіктерінде қара құлып тұр. Былтыр әріптесіміз ­Қалиакбар Үсемхан Оралханның ауылына арнайы барып, сол туралы мақала жазды. Бірақ бұл музейлердің мәселесі әлі шешілмей келеді.

Қазіргі жастар әдеби кітаптарды оқымайтынын көп айтамыз. Біздіңше, құзырлы мекемелердің көрнекті қаламгерлердің мұрасына көзқарасы дұрыс емес. Ең алдымен қолында билігі барлардың бетін әдебиетке бұру керек. Ақын, жазушылардың аттары жиі аталса, әдеби музейлері ашылса, бары дұрыстап ұқсатылса, жағдай бірден түзелмесе де, бірте-бірте түзеледі деп ойлаймыз.

Әдеби музейлер елімізге туристерді де көптеп тартушы еді. Әр нәрсені көрші Ресейдегі жағдаймен салыстыруға бейімбіз. Бірнеше жыл бұрын бір ақын досымыз Рязань облысының Константиново селосындағы Сергей Есениннің мемлекеттік музей-қорығында болды. Қайтып келген соң, сондағы жағдайды тамсанып айтты. Есенин орыстың нөмірі бірінші ақыны емес, алдында Александр Пушкин тұр. Бізде Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі бар. Абай – қазақтың жазба әдебиетінің негізін салушы екені анық. Абайдан кейінгі толқынның да ескерілгені жөн.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button