Мәдениет

Әбдірашев оркестрінің әуендері



«Qazaqstan» орталық концерт залында Т.Әбдірашев атындағы Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің концерті өтті. Аталмыш гастрольдік концертті Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы және Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» Мемлекеттік концерттік ұйымымен бірлесе ұйымдастырды. 

Концертке Еуропаның жетекші скрипкашысы, Мадридтегі «Katarina Gurska» жоғары музыка мектебінің профессоры, отандасымыз – Ержан Құлыбаев, сондай-ақ бүгінде халқымыздың ұлттық музыкалық өнерін дәріптеп, музыкалық саз аспаптарын әлемге танытып жүрген Қазақстанның ең танымал «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі қатысты. Концерттік шара Т.Әбдірашев атындағы ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Қанат Омаровтың басқаруымен өтті.

Астаналық тыңдармандар назарына жауһар туындылар – Я.Сибелиустің оркестр мен скрипкаға арналған ре минор концерті, С.Рахманиновтың екінші симфониясы мен композитор А.Райымқұлованың «Дала сыры» симфониялық поэмасы ұсынылды. «Дала сыры» симфониялық поэмасында орган, скрипка, флейта, басқа да классикалық аспаптардың үні домбыра, дауылпаз, жетіген, қобыз, сыбызғымен жарасым тапты. Қазақ даласының тарихын, ерлік пен өрлік, сабыр мен даналық философиясын елестететін шығарманы симфониялық оркестр «Тұран» ансамблімен бірігіп орындады.

Бір айта кетерлігі, «Дала сыры» симфония­лық поэмасының халықаралық премьерасы Құрманғазы атындағы консерваторияның студенттік оркестрімен Германияның бес қаласында концерттік тур аясында өтті. Сондай-ақ поэма тек Еуропада ғана емес, Ресейдің Мария театры мен Мәскеу мемлекеттік консерваториясының Үлкен залында орындалып, тыңдармандар тарапынан жоғары бағаға ие болды.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button