Елорда тынысы

Әйел – әлем шуағы



Елдің және елорданың саяси-қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық,
рухани-мәдени дамуында әйелдердің үлесі қомақты. Осы орайда Астана қаласының жетістігі әйелдермен тығыз байланысты екенін мақтанышпен айтқым келеді.

Елордада 1,4 миллионнан аса адам тұрса, соның 750 мыңнан астамы – әйел. 30 мыңға жуық көпбалалы отбасының 6,5 мыңы – «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иесі.

Басқа өңірлермен салыс­тырғанда елордада саяси және қоғамдық өмірге белсенді араласатын әйелдің қатары басым. Мәселен, қалада экономикалық белсенді әйелдердің үлесі 51 пайызды құрайды. Бұл – 353 мыңнан астам адам. Оның ішінде өнеркәсіп кәсіпорындарда жұмыс істейтін әйелдердің саны 100 мыңнан асады. Шағын және орта бизнес субъектілерін 90 мыңға жуық нәзік жанды басқарады. 75 мыңнан аса әйел медицина мен білім беру саласында еңбек етеді.

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әйелдерді саяси-қоғамдық жұмысқа тартуға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде қаладағы әйелдердің 50 пайызға жуығы мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Қалалық мәслихаттағы әйелдердің үлесі 24 пайызды, қоғамдық кеңесте 20 пайызды құрайды. Қоғамдық ұйымдардағы басшылық қызметтің 80 пайызын әйелдер атқарады.

Amanat партиясының қалалық филиалы жанынан әйелдер қанаты құрылып, ол көшбасшы әйелдердің жаңа буынын тәрбиелеуге бағытталды. Іскер әйелдер қауымдастығымен бірлескен «Мейірімділік керуені» жобасы іске асуда. Мақсат – азаматтық бастамаларды қолдау, адамгершілік құндылықтарды нығайту.

Әлеуметтік саясат моделі отбасының әл-ауқатын жақсартып, қоғам мүшелерінің тұрмыс деңгейін көтеріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, оны жастардың бойына сіңіріп, ұрпақтар сабақтастығын сақтау­дан көрінеді. Әрине, елордада әйелдер істері және отбасы-­демография саясаты жөніндегі комиссия осы бағытта тиімді жұмыс істеуді жолға қойды. Комиссия құрамына әр салада жұмыс істейтін азаматтардың енуі әйел құқығы мен мүмкіндігін қорғау, отбасы-демография саясатын нығайтуға ықпал етеді. Мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен, азаматтық қоғам институттарымен ынтымақтаса жұмыс істеп, тың ұсыныстар дайындап, отбасы мүддесін қорғауды басшылыққа алдық.

Үш жұмыс тобын (көшбасшы және өмірлік қиын жағдайдағы әйелдер, сондай-ақ, отбасы құндылықтары) құрып, осы бағытта жұмыс істейміз.

2023 жылы комиссия 50-ге жуық іс-шараны жүзеге асырды. 100-ден астам көпбалалы отбасы мен қиын жағдайға тап болған әйелдерге қолдау көрсетілді.

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы жұмыс істейді. Онда 800-ден астам қызмет көрсетілді, оның ішінде «әлеуметтік желілердегі маркетинг», «электрондық коммерция», «бухгалтерлік есеп», «веб дизайнды» ерекше атауға болады.

Елордада әйелдерді жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке тарту жұмысы жалғасуда. Жұмыспен қамту шаралары 16 мыңға жуық әйелді қамтыды, жаңа бизнес-­идеяларды жүзеге асыруға 85 грант және жастарға 274 шағын несие берілді.

Әйелдер істері жөніндегі комиссияның жүйелі жұмысы әйелдерге психикалық қысымға қарсы бағытта көрінеді. Мемлекеттік органдармен бірлесіп қабылдаған шаралар арқасында елордада тұрмыстағы зорлық-зомбылық фактілерінің азайғаны байқалады. Нәтижесінде отбасы-тұрмыста құқық бұзушылық 30 пайызға төмендеді. Қалалық полиция тұрмыс­тағы құқық бұзушылықты тіркеудің декларативті сипатынан анықтау сипатына көшті. Бұл жәбірленушілердің арызынсыз әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғауға мүмкіндік береді.

 Қарлығаш СӘРКЕНОВА,

Астана қаласы әкімдігінің бас инспекторы,

әйелдер істері және

отбасы-­демография ­саясаты жөніндегі ­комиссия хатшысы

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button