Басты ақпаратЕлорда тынысы

Әйелдер – әлеуметтің тірегі



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Озық мемлекеттің бір маңыз­ды белгісі – әйелдердің қоғамдағы мәртебесі. Сондықтан әйелдердің құқығын қорғау мәселесіне ерекше назар аударуымыз керек» деп атап өткен болатын. Шын мәнінде, әйел қауымы қай қоғамның болса да әлеу­меттік дамуына оң ықпал ететіні айқын. Кеше елордада өткен форумда әйелдер бастамалары жайында жан-жақты айтылды.

Amanat партиясы Астана қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Елорданың дамуындағы әйелдердің рөлі» атты форум өткізілді.

Іс-шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов және саясат, білім, денсаулық, мәдениет, кәсіпкерлік, үкіметтік емес ұйымдар мен т. б. салаларда табысты қызмет етіп келе жатқан әйелдер қатысты. Іс-шараны Amanat партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сақтаған Сәдуақасов жүргізіп отырды. Модератордың айтуынша, қазіргі таңда әйелдер тұрмыстың барлық саласында табысты қызмет атқарып келеді. Астана қаласындағы 36 мыңнан астам партия мүшесінің 63 пайызын әйелдер қауымы құрап отыр.

«Президент Қасым-­Жомарт Тоқаев атап өткендей, озық мемлекеттің тағы бір ма­ңызды белгісі – әйелдердің қоғамдағы мәртебесі. Сондықтан әйелдердің құқығын қорғау мәселесіне ерекше назар аударуымыз керек. Мәселен, Amanat партиясы әйелдер қанаты атқаратын жұмыстың 10 басым бағытын әзірледі. Оның ішінде отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға жәрдемдесу, өндірістегі еңбекті қорғау, отбасы құндылығы, экономикалық құқықтар, әйел­дердің ғылымдағы рөлі және тағы басқа бағыттар бар. Әр бағыт бойынша сараптамалық топтар жұмыс істейді. Олар туындаған мәселелерді шешуге қатысты өз пайым-пікірін ұсынады» деді Amanat партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы.

Форумда Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып отырған әйелдер бастамаларын қала әкімдігі қашанда қолдайтынын айтты.

– Елорда тұрғындарының 52,4 пайызы – әйелдер. Ал әкімдіктегі қызметкерлердің тең жартысын құрап отырған әйелдердің 37 пайызы басшылық қызмет атқарады. Мәслихатта да нәзік жандардың қызметтегі үлес салмағы ескерілген. Солайша бас қаламызда гендерлік теңдік саясатына ден қойылып отыр, – деді Есет Байкен.

Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов өз сөзінде әйелдердің қоғамдағы рөлін айрықша атап өтті. Оның айтуынша, сайлаудың партиялық тізімінде әйелдерге арналған міндетті квота енгізілді. Amanat партия­сы мүшелерінің 62 пайызы – әйелдер. Партиялық тізімнің 30 пайызын арулар құрайды. Ал Астана қалалық мәслихатында 9 әйел депутат болса, мәслихат аппаратындағы қызметкерлердің 98 пайызы – арулар.

«Гендерлік теңдік қағидаттарының сақталуын қамтамасыз етуге қажетті құқықтық база құрылғанын атап өту маңызды. Президенттің Жарлығымен гендерлік теңдіктің кешенді стратегиясы бекітілді, сондай-ақ гендерлік теңдікке бағытталған «Ерлер мен әйелдер үшін тең құқықтар мен мүмкіндіктердің мемлекеттік кепілдіктері туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» екі заң қабылданды. Сонымен қатар қоғам мүддесі үшін мемлекеттік гендерлік саясатты іске асыру үшін тиісті институционалдық негіздер қалыптасты. Ел Президентінің жанынан мемлекеттік және қоғамдық институттардың келісілген өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жұмыс істейді. Қалада әйелдер көшбасшылығы мектептерінің желісі, әйел саясаткерлер клубтары жұмыс істейді, өңірлерде әйелдер мен балалардың мүддесін қорғау жөніндегі ресурстық орталықтар құрылды. Әйелдердің іскерлік белсенділігін ынталандыруға көп көңіл бөлінеді. Ағымдағы жылдың жазында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан республикалық және өңірлік іскер әйелдер кеңестері құрылды» деді Астана қаласы мәслихатының төрағасы.

Аталған форумға қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаты, Amanat партиясы жанындағы білім және денсаулық сақтауды дамыту жөніндегі кеңестің төрайымы Жұлдыз Сүлейменова әйелдер қанаты құрылуының маңызын атап өтті.

«Биыл Amanat партиясының әйелдер қанаты құрылды. Бұл – мемлекетімізде жүзеге асып жатқан конституциялық реформаларды, сондай-ақ Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан – бұл Әділетті Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған іс-шаралар. Мұнда әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау, құқығын қорғау, бәсекеге қабілетін арттыру, жалпы саяси-экономикалық рөлін нығайту тұрғысында жұмыс­тар жасалмақ» деді Жұлдыз Сүлейменова.

Форумды Астана қалалық мәслихатының депутаты, отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі кеңес төрайымы, әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту бо­йынша кеңесші Салтанат Дженалаева қорытындылады.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button