Құқық

Әке жолын қуған ұл



Астана қаласының ­Полиция департаментінде әулет сабақтас­тығын жалғас­тырып, жемісті қызмет етіп жүрген жандар жеткілікті. Бүкіл саналы ғұмырын ішкі істер органдарына арнаған ардагерлердің балалары да бүгінде мұндағы түрлі бөлімдерде жұмыс істейді. Ұрпақ сабақтастығы қай кезде де ерекше құрметтелген. Аға буынның орнын басқан жас буынның тәжірибе жинауда да мүмкіндігі зор.

Өйткені олар бұл қызметтің қыры мен сырын бала кезінен көріп, біліп өсті. Сондықтан белгілі бір ойлау тәсілі мен мінез-құлықтарында алдыңғы буын ағалармен ұқсастық болатыны – заңдылық.  Азаматтардың қауіпсіздігі жолында жанқиярлық пен қызметтік борышын мінсіз атқару – бүгінгі полиция қызметкерлеріне тән қасиет. Өмірінің көп бөлігін осы кәсіпке арнаған әке өзінің жолын ұлының таңдағанына дән риза.

Осындай үлгілі отбасының бірі – Біртаевтар әулеті. Сонау 1989 жылы Талғат Рахымбекұлы Біртаев ішкі істер органдарына қызметке келді. Өзі қызмет еткен жылдары ол патрульдік ­қы­з­­мет­те сержант шенінен Жезқазған қаласы Арнайы мамандандырылған күзет қызметі басқармасының бастығы лауазымына дейін өсіп, полиция полковнигі дәрежесіне дейін көтерілді.

Араға жылдар салып, әкесінің жолын ұлы Біркен Біртаев жалғады. Ол Ішкі істер органдарындағы қызметін Дипломатиялық өкілдіктерді қорғау полкінен бастады. 2016 жылы Сарыарқа аудандық криминалдық полиция бөлімінде қызмет істеп, екі жылдан кейін аға жедел уәкіл болды. 2022 жылы Сарыарқа ауданы жанындағы ПБ криминалдық полиция бөлімі бастығының орынбасары қызметіне тағайындалды.

Біркеннің атсалысуымен «ізі суымай» ашылған қылмыстардың саны аз емес. Еңбегі еленіп, басшылық тарапынан бірнеше рет мақтау қағаздары мен алғыс хаттарға ие болған.

2018 жылдың мамыр айы болатын. Пәтерлердің кілттерін сәйкестендіріп алып, Алматы, Сарыарқа аудандарында үй тонаумен айналысып жүрген әккі ұрыларды қолға түсірді. Бұл жолы олар қанша кәнігі баукеспе болса да капитан Біркен жетекшілік ететін криминалды полиция жасағынан айлаларын асыра алмады. Бөгенбай батыр даңғылы бойындағы №24 үйді үптеп үлгермеді, ауласында құрықтады. Осы жолы бұлардың қырағы көзінен қылмыс әлемінде «Фара-қайық» лақап атымен танылған Фархат Қанағатов пен бұған дейін бірнеше ауыр қылмыстар жасап, халықаралық іздеуде жүрген Бақыт Арыстанов деген ұры тұтқындалды. Оның айлакерлігі сондай өзіне қатты ұқсас адамның куәлігімен бірнеше жыл бойы бой тасалап, қолға түспей келген.

Міне, осындай ыждаһатты қимылы мен білікті тәжірибесі арқасында ол қылмыстың тез ашылуына барынша атсалысып, әріптестері арасында сый-құрметке бөленіп жүр.

– Мен бала жастан полиция болуды қаладым. Оған себеп болған әкемнің осы салада еңбек етіп, күнде көз алдымда қоғамдық тәртіпті қадағалауға белсене атсалысып, елмен, халықпен тығыз араласып жүргені болса керек. Әсіресе, оның үстіне оқалы киім киіп, жып-жинақы күйінде таңертең қызметке кетіп бара жататыны ұнайтын. Полицияға тәртіп те, әдеп те, жинақылық та үнемі керек қой. Содан мен де осы жолды, осы мамандықты таңдадым, – дейді Біркен Талғатұлы.

Кейіпкеріміз үшін полиция қызметі мен спортты бөліп қарауға болмайды. Ол бірнеше рет республикалық футбол турнирлерінде елордалық департаменттің намысын қорғады. Оның ойынша, денесі шыныққан, моральдық тұрғыда берік, ерік-жігері мықты полиция қызметкері ғана жүктелген міндеттерді өз деңгейінде атқара алады.

«Спортпен шұғылдану кезінде мен үнемі жағымды әсер мен жаңа қуат аламын» дейді полиция қызметкері.

Біз де әке жолын қуған ұлдың өмірде де, спортта да зор жетістіктерге жете береріне сенімдіміз.

 Эльмира ШАУЛЕНОВА,

Астана қаласы Полиция

департаменті  баспасөз қызметінің жетекшісі




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button