Елорда тынысы

Әлемде астанасы жоқ елдер де бар



Астана қаласындағы ЭКСПО көрмесіне дүние жүзі елдерінен қаншама турист келді. Сан тілде сөйлеген халықтың аузынан «Қазақстан, Астана» деген сөздер құлаққа жылы естіледі. Оларға бәрі қызық, бәрі таңсық! Әсіресе көрменің басты нышаны – «Қуат», «Мөлдір», «Сәуле» сатылатын жерге сырттан келгендер көп жиналды. Оларға Айман үш тілде қызмет көрсетуде.

Айман кәдесыйға қызыға қараған қара торы қызға қарап:

– Ұнағанын алыңыз. Қай елден келдіңіздер? – деп сыйлықты алдына ыңғайлап жайғастырды.

Абигейл (Айманға жымия қарап):

– Африканың Науру дейтін елінен келдім. Атым – Абигейл.

Айман (қасын керіп, таңданыс білдіре):

– Менің атым – Айман. Сіздің еліңізді біле қоймайды екенмін.

Абигейл: – Сіздерді, Қазақстанды, Қазақстанның астанасын біз де кейін білдік. Жалпы біз астана дегеннің қандай болатынын білмейміз.

Айман (таңданып, дегенмен артық сұрақ қоймау керек шығар деп, қыздың бетіне күлімсірей қарады):

Абигейл (аузы-аузына жұқпай тез сөйлеп кетті): Біз Қазақстанға Астана қандай болатынын көруге келдік. Көрменің «Болашақ энергиясы» деген тақырыбы қандай тамаша! Қалаңыздағы «Нұр әлем» деп аталатын шар тәріздес ғимаратыңыз ұнады. Ғимарат ішіндегі ғарыш, күн мен жел, биомасса, жоғары қабаттағы қаланың көрінісі тіптен керемет, өскен, өркендеген жер екені бірден байқалады. Астана болатын қала осындай болу керек қой!

Айман (Астанасы жоқ мемлекет болатыны мүмкін емес қой, не бұл түсіндіре алмай тұр, не мен оның тілін білмей тұрмын деп ойлап, батылсызданып сұрақ қойды):

– Сіздерде неге астана жоқ?

Абигейл: – Тынық мұхитында жатқан шағын аралдағы елміз. Үш мың жыл өмір сүріп келеді. Оны алғашында ағылшындар ашқан. Одан кейін голландықтардың отарына, одан Ұлыбритания қарамағына, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Жапонияға өтіппіз. Тарих солай. Сендерде астана көп пе? Жоқ, біреу ме?

Айман: – Біздің кейінгі астанамыз – осы. Бұған дейін Орынбор, Қызылорда, Алматы деген қалалар да ел астанасы болды. Біздің Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз бар.

Африкадан келген қонақ тамсанып, таңданып, кәдесыйды алып кетті.

Айман келесі қонақпен тілдесіп, жұмысын жалғастырды.

– Менің есімім – Айрина, Жапониядан келдім. Мен сыныптастарыма «Қуат», «Мөлдір», «Сәуле» деген қуыршақтарды сатып алайын деп едім. Өте ұнады.

– Енді мемлекетіміздің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны бар дедіңіз ғой. Сонда Елтаңбаның болуы нені білдіреді? Астананың да туы, елтаңбасы бола ма? Мысалы, Жапонияда елтаңба жоқ, – деп Айман мен Абигейлдің әңгімесін тыңдағанынан хабар берді.

Айман (шетелдіктермен араласқанда өз еліңнің тариxын білуің керек екен ғой деп іштей ойын жинақтап, кеудесін еліне деген мақтаныш кернеп):

– Елтаңба – егемендік пен біртұтас­тықты білдіретін басты рәміз. Онда бейнеленген шаңырақ, оған шаншылған күн сәулесіндей уықтар ортақ қонысты, біртұтас Отан екенін білдіреді. Пырақтар – сенімділік пен батылдықтың белгісі.

Айрина: Иә, сіздерде тіптен Астананың өз елтаңбасы, туы бар екенін көрдік. Тулар желбірегенде, елдің ерлігі, өрлігі байқалады екен. Айман мемлекеттің астанасы, елтаңбасы болмауы деген де бір кем дүние шығар деп ойланып қалды.

Айманның өзі тұрып жатқан қаласы туралы естіген жылы сөздері жүрегін шаттыққа бөледі. Қыздарға өз атынан бір-бір «Сәуле», «Қуат», «Мөлдірді» сыйлады. Сыртқа шыққанда жел ақторғын бұлтты көтеріп, Ту астананың ажарлы өмірін әлемге паш етіп тұрғандай әсер етті. «Бәйтеректің» басына алтын қанатты құс келіп қонақтады.

«Сен қандай бақыттысың, Астанам!» деді Айман құшағын ашып.

Кәусар ШАЛҚАР,

Қаныш Сәтбаев атындағы

Binom School мектебінің оқушысы




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button