Мәдениет

Әлемнің жарығын сыйлаған



Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Халықаралық әйелдер күні мерекесіне арналған «Әлемнің жарығы» атты кеш өтті. Оған қала әкімінің орынбасары Есет Байкен, әлеуметтік сала қызметкерлері, медицина мамандары, ұстаздар, еңбек ардагерлері, көпбалалы аналар, әскери қызметшілер мен коммуналдық қызметкерлер қатысты.

Мыңнан аса көрермен жиналған мерекелік кеште қазақ эстрадасы мен дәстүрлі ән өнерінің белгілі өкілдері ән мен жырдан шашу шашты. Концерт барысында тек ән мен жыр ғана емес, қазақ даласында ғұмыр кешкен, сонау Ұмай анадан бастап, Домалақ ана, Марау ана, Жұпар ана, Қарашаш ана, Қыз Данай, Бопай ханым, Айғаным шеше, Қарқабат ана сияқты адамзат үшін, ұлт үшін еткен еңбегі ерен аналардың есімі аталып, олар туралы толымды мағлұматтар берілді.

Осы тұлғалардан бөлек, қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш дәрігер қыз Гүлсім Асфендиярова, алғаш мектеп ашып, бала оқытқан хан Жәңгірдің ұрпағы Құсни-Жамал Нұралыханқызы, әйел журналистердің қарлығашы Нәзипа Құлжанова, тағы басқа аттары тарих беті мен халық жадында мәңгі сақталып қалған айтулы арулардың есімі мен ел үшін еткен еңбегі аталып өтті.

Концертте танымал әнші Жұбаныш Жексен мен ұлы Абик Жексен, Ардақ Балажанова, Мәдина Сәдуақасова, Дастан Оразбеков шырқаған әндер, «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблі орындаған туындылар арулар мерекесіне естен кетпес шаттық тарту етті. Жастардың ықыласына бөленіп жүрген Қазбек Құрайыш, Тұрар, Олжас Құрманбек, Рамина Сатыбалды мен «Bala time» балалар хоры, Аян Байжігіт, Бағжан Октябрь, Ayree секілді жас өнерпаздардың өнері мерекелік көңіл күй сыйлады. Концерт барлық өнерпаздармен бірге көрермендер қосыла шырқаған Шәмші Қалдаяқов­тың әйгілі «Ана туралы жыр» әнімен қорытындыланды.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button