Мәдениет

Әлихан Бөкейхан мектебіндегі кездесу



Әлиханның мұрагерлері

Жаhандану деп жалаңаштанған қоғамымыз неге жабайы жарнамаға, жалаң дақпыртқа үйір, себебі, рухымыз аш, ішіміз жұтаң, ұлтты төрге бастайтын отаншылдық пен мейірімге зәруміз. Ұлттық болмысымыздағы бар құндылықтарды қадірлей алмай отырмыз. Осындайда Алаштың аспаны астында өмірге келіп, үкілеген үмітін жалғаған «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының қайраткерлерін айтпай тағы тұра алмаймыз.

Алаштың туын көтеріп, негізін қалаушы, саяси қайраткер Әлихан Бөкейханов «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» дейді Жаһанша Əлмұхамедұлы Сейдалинге жазған Ашық хатында. Халық даналығынан нәр алған тұлға қазақ тілінің жасампаздық құдыретін де керемет нақыл сөздерімен паш етті. Алашорда үкіметінің төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері, энциклопедист ғалым Әлихан Бөкейхан – ұлттық және әлемдік ой-сана биігіндегі алып тұлға. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің тарихи негіздерін қалаған Әлихан Бөкейхан бастаған ұлт перзенттері лайықты ұлықталуы керек. Тәуелсіздікпен рухтанып өскен саналы ұрпақ, жаңа толқын даңқты бабаларымыздың шын мәніндегі мұрагерлері болуы үшін де Алаш қайраткерлерінің мұрасынан рухани нәр алып отыруы шарт. Әлиханның мұраларын жинақтап, ізбасарларын тәрбиелеп отырған елордадағы оқу ордасында болып, мектептегі музейін тамашалап, оқушылармен жүздесіп қайттық. Экскурсияны жүргізген Еркін Еміл «Ұлтын сүйген ұлы жүрек», «Омбы кезеңі», «Самар кезеңі», «Алаш кезеңі», «Мәскеу» кезеңі деп Әлихан туралы 5 кезеңге іріктеліп, жинақталған материалдарды, төрдегі бояумен салынған портреті мен түрлі фотосуреттері мен құжаттарын өте тыңғылықты таныстырып өтті. Мұнда музейдің заманауи үлгісі бар, Алаш арыстарының Ә.Бөкейханның ұлтқа жасаған орасан қызметі туралы айтқан пікірлері QRкод арқылы да білуге болады. «Алаш туы астында, Күн сөнгенде сөнбейміз» сөздерімен түйінделген музейде оқушы жастардың түрлі танымдық қызықты іс-шаралары өтіп жүр. Лицей директоры Ботагөз Болатбекқызының «Ендігі арманымыз – Алаш арысының Мәскеуде жатқан баға жетпес бағалы дүниелерін елге жеткізу!» дегені бәрімізді толқытты…

Ұлт құндылықтарын насихаттайтын, отаншыл, рухшыл осындай оқу ордасының басшылары көп болса дейсің!

Елорда мектептеріндегі «Elorda Aqparat» серіктестігі қызметкерлерінің кездесуі Астана қаласындағы Әлихан Бөкейхан атындағы № 76 мектеп-лицейінің акт залында өтті.Серіктестіктің «Мектеп және медиасауаттылық» жобасы аясында өткен кездесуде оқушылар газеттің танымал журналистеріне өздерін толғандырған сауалдарын қойды, қалам ұстаған аға-апаларының сөздерінен осы кәсіптің қыр-сырына қанығып, жауабын алды.

Лицей директоры Сейдеш Ботагөз Болатбекқызы «Елін, жерін шексіз сүйген, тағдыры талауға түссе де ұлтқа көзі жұмылғанша қызмет еткен Әлихан Бөкейханның мұрагерлері сіздерсіздер, ел болашағына да ие болатын өздеріңдей білімді, жалынды жас ұрпақ» деп кездесудің тізгінін озат оқушы, мектеп белсендісі Темірлан Тамабайға ұстатса, ол мектеп оқушыларына жиынның маңыздылығын айта келе серіктестік ұжымын бастап келген Олжас Сыдықбекке сөз берді. Журналистика мен өнерді тонның ішкі бауындай үйлестіріп, еліне ерекше қырымен танылған Олжас Дәуренұлы мамандық таңдауда бала кезгі ой-армандардың жақсы әсер еткенін айтып, еркін форматтағы жиынға айрықша серпін берді, өз өмірі мен шығармашылығынан балаларға қызықты сәттерін мазмұнды айтып берсе, сала ардагері, майталман журналист Таңатар Төлеуғалиев сонау бала кезгі журналист болғысы келген шақтан бастап, кешегі кеңес уақытында газеттің әрпін қолымен терген, таң атқанша кезекшілікте болған сәттерін айрықша әсерлі, сағынышпен айтты. Танымал журналист Төлен Тілеубай журналистиканың заманға сай түрленуін, журналист мамандығының қауіп-қатерге толы өмірін, шетелге барған сапарларындағы жазған дүниелері, аралаған елдері туралы мағлұматтарды өте қызықты жеткізс, осы жолдың авторы медиасауаттылыққа қатысты, оқу-білімге қатысты ой-пікірлерін білдірді. Ортақ пікірлесу, еркін форматта өткізілген кездесуде журналистер мен оқушылар арасында тартымды диалог болды, «Қазақ журналистикасы 50 жылдан кейін қандай болады?» деп жақсы сұрақ қойған оқушы Алуа Әшірбековаға толымды жауап берген Т.Тілеубай АҚШ-қа сапарында жазылған «Аласапыран Америка» кітабын сыйға тартты. Бұл тақырыпта О.Сыдықбек те өте танымдық мағлұматтар айтты.

Медианарықта айрықша жобаларымен көзге түсіп жүрген «Elorda Aqparat» серіктестігі осы жобаны қолға алғанда өсіп келе жатқан оқушылар арасында талантты жастар болса, қаламын ұштап, жақсы бағдар беруді, оқырман мен газет, медиа арасында дәнекер болуды, білімнің ең өзекті, ең салмақты дүниелерін жарыққа шығаруды мақсат тұтты. Бүгінгі кездесуге қарап бұл мұаттың толығымен орындалғанын ұқтық, әріптесім айтқанындай, қазақтың рухымен рухтанып, Әлиханмен әсерленіп, Алаш арыстарындай айбаттанып, шықтық. Сол балалардың арасынан кішкентай Әлихандардың шығарына сендік.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button