Мәдениет

Әміре әлемін әспеттеді



«Қазақстан» орталық концерт залында «Ұлыларға тағзым» жобасы аясында «Ән атасы – Әміре» концерті өтті. Кешті Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының «Халық қазынасы» дәстүрлі өнер орталығы ұйымдастырды.

Жұрт Әміре Қашау­баевты дүлдүл әнші ретінде біледі. Бірақ ол – актер де еді, қазақ драма және опера театрларының негізін қалаған адамдардың бірі. «Еңлік-Кебек» спектаклінде Жапалдың, «Айман-Шолпанда» Жарастың бейнелерін сомдады. Концерт ұйымдастырушылары әйгілі әншінің өнерін әр қырынан көрсетуге тырысты. Бұл мақсатына жетті де. Халық әндері мен халық композиторларының туындыларымен қатар опералық шығармалар әуеледі.

«Сал-серілік кезең», «Ұлт өнерінің түрленіп дамуы. «Кәсіби өнердің негізін салушы – Әміре», «Кемелденген кезең. Әміре – әлемге қазақтың әншілік өнерін танытқан қайталанбас тұлға» бөлімдерінен құралған театрландырылған перфоманс көпшілікке «Даланың алтын дауысы» атанған Әміренің өміріндегі маңызды оқиғаларын қамтыды, ал шарықтау шегі 1925 жылғы Париждегі ұмытылмас жеңісі болды.

Әміре дегенде, белгілі өнертанушы Жарқын Шәкәрім еске түседі. Осыдан жарты ғасыр бұрын, 1974 жылы Әміренің фонографқа жазылған дауысын тауып, сүйіншілеген Жарқын Жақияұлы өмір бойы Әмірені зерттеп, ол туралы бірнеше кітап жазды. Өз заманында Әміренің өнері туралы қазақтан шыққан тұңғыш театр режиссері Жұмат Шанин, заңғар жазушы Мұхтар Әуезов жылы пікірлерін айтты. Жүсіпбек Аймауытұлының «Әнші» әңгімесінің, Ілияс Жансүгіровтің «Әнші» дастанының прототипі де – Әміре. Тәуелсіздік кезеңінде ол туралы бірнеше спектакль қойылып, көркем фильм түсірілді.

Ал фонографқа жазыл­ған дауысынан «Балқадиша, «Бес­қарагер», «Дударай», «Жалғыз арша», «Ағаш аяқ», «Смет», «Үш дос» әндерін шырқағаны белгілі болды. Алайда өнер зерттеушілер оның репертуарында бұдан да көп ән болғанын айтады. Кеште соның біразы қамтылды. Сондай-ақ Майра Уәлиқызы сынды Әміренің замандастарының туындылары шарықтады.

Концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Құмарбек Қалқатай, Клара Төленбаева, Ерлан Рысқали, Елмұра Жаңаберген, Медет Шотабаев, Мәдениет саласының үздігі Қайрат Айтбаев, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Асқар Мұқият, Азат Мәлік, т.б. әншілер қатысты. Дінисламбек Жайлаубай Әміре бейнесін сомдады. Сондай-ақ «Астана мюзикл» театры мен «Астана сазы» және «Гүлдер» ансамбльдері өнер көрсетті.

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button