Басты ақпаратЕлорда тынысы

Әр бала мектепке баруға лайықты



Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпаратты тарату күніне орайластырып елорда әкімі Жеңіс Қасымбек Астана қаласының №89 «Қыз Жібек» бөбекжай-бақшасындағы инклюзияны қолдау кабинетінің жұмысымен танысқан еді.

Бұл – «Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасы аясында 2020 жылдың күзінде Астана балабақшаларында ашылған екі қанатқақты кабинеттің бірі. Оны «Болашақ» корпоративтік қоры қала әкімдігінің Білім басқармасымен бірлесіп жүзеге асырды. Дәл осындай екінші кабинет Астанадағы №34 «Ақ бидай» бөбекжай-бақшасында ашылды.

Жалпы, 12 жыл ішінде «Болашақ» қоры бүкіл Қазақстан бойынша 70 мамандандырылған оңалту мекемесі мен кабинетін ашты және жабдықтады. Соның ішінде еліміздің 22 қаласында 46 инклюзияны қолдау кабинеті, оның 2-еуі елорданың №34 және №89 балабақшаларында қанатқақты режимде іске қосылды. Жоба ерекше білім беруді қажет ететін 2000-нан астам баланы қамтыды. Нәтижесінде үйде дәріс алып жүрген 700-ден астам баланың балабақшаға және мектепке баруына мүмкіндік туды.

«Қыз Жібек» балабақшасының инклюзияны қолдау кабинетінде 4 пен 6 жас аралығындағы аутизм және басқа да менталдық бұзушылықтары бар 5 балаға қолдау көрсетіледі екен. Кабинетте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтендіру, сөйлеу, коммуникативтік және тұрмыстық дағдыларды қалыптас­тыру жүзеге асырылады. Негізгі уақытты балалар өз құрдастарымен бірге қарапайым топта өткізеді және күніне бірнеше сағат ассистент-педагогтармен бірге инклюзияны қолдау кабинетінде дәріс алады. Мұндағы 8 мұғалім, 5 тәрбиеші, дефектолог және логопед балалардың жеке даму бағдарламаларын игеруге, басқа балалармен өзара қарым-қатынас орнатып, араласуына көмектеседі.

Ресми деректерге сәйкес, елімізде аутизм диагнозы қойыл­ған 9 мыңға жуық бала тұрады, оның ішінде 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елордада 2256 бала бар. Бейресми деректерге сәйкес (ДДҰ дерегі), әлемдегі әрбір 54-балада аутистикалық спектрдің бұзылуы бар. Өкінішке қарай, жыл сайын бұл сан өсіп келеді. 2015 жылдан бері «Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасы аясында Астанада №8, 11, 37, 71, 85, 88, 89, 91, 92 мектептерде, сондай-ақ №34 және №89 балабақшаларда инклюзияны қолдау кабинеті ашылып, онда 130-дан астам бала білім алды.

Тәрбиеші-педагогтар мен ата-аналардың айтуынша, балабақшадағы инклюзияны қолдау кабинетіне келіп жүрген балалардың әлеуметік және білім алу дағдылары айтарлықтай жақсарған. Мәселен, бес жасар Самира бұған дейін тәрбие­шілермен де, балалармен де тіл табыса алмай, үнемі жылап отыратын. Қазір ол тәрбиешіні тыңдау керегін, балалармен тіл табысып ойнауға болатынын жақсы түсінеді, өз ойын жеткізуді үйренді. Аспергер синдромымен ауыратын алты жасар Нұрсұлтан бұрын тәрбиешілердің сұрағына жауап бермейтін, балалармен ойнамайтын. Қазір ол үлкендерді де, құрдастарын да жатырқамайды, барлық іс-шараға белсенді қатысады.

Ресми деректерге сәйкес, елімізде аутизм диагнозы қойыл­ған 9 мыңға жуық бала тұрады, оның ішінде 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елордада 2256 бала бар. Бейресми деректерге сәйкес (ДДҰ дерегі), әлемдегі әрбір 54-балада ау­тистикалық спектрдің бұзылуы бар. Өкінішке қарай, жыл сайын бұл сан өсіп келеді. 2015 жылдан бері «Әр бала мектепке баруға ла­йықты» жобасы аясында Астанада №8, 11, 37, 71, 85, 88, 89, 91, 92 мектептерде, сондай-ақ №34 және №89 балабақшаларда инклюзияны қолдау кабинеті ашылып, онда 130-дан астам бала білім алды

Балабақшадағы инклюзияны қолдау кабинетінің жұмысымен танысқан қонақтар Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамытудың проблемалық мәселелерін талқылады. «Болашақ» қоры қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан бұл мәселелерді шешу үшін мемлекет пен қоғамдық ұйымдардың белсенді ынтымақтастығы қажет екенін атап өтті.

– Қазір ресми инклюзивті білім беруден бас тартуды қамтамасыз ету және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ инклюзивті білім берудің сапалы жүйесін дамыту үшін, оның ішінде аутизмі және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балалар, шынымен, тиімді және сапалы білім ала алатын инклюзияны қолдау кабинеттерін ашу арқылы оларға жағдай жасау ерекше өзекті болып отыр. Сондай-ақ, инклюзияны қолдау кабинеттерін әдістемелік оқу құралдарымен жабдықтау керек. Қордың зерттеуіне сәйкес, мұнда жұмыс істеп жүрген мамандардың 60 пайызының ерекше балалармен жұмыс істеуге қажетті білімі мен тәжірибесі жоқ. Арнайы және жалпы білім беру ұйымдарында, сондай-ақ денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау ұйымдарында жұмыс істейтін психологтарды, логопедтерді, дефектологтарды, ассистент-педагогтарды, әдіскерлерді ABA-терапиясына оқыту аса маңызды. Біз инклюзивті білім беруді дамытудағы 8 жылдық жүйелік тәжірибемізге сүйене отырып, жобамыздың үлгісінде осы міндеттерді шешу жолдарын ұсынуға дайынбыз. Қазіргі уақытта қор мамандарды АВА-терапиясының негіздеріне оқытуда, Қазақстаннан және Орталық Азия елдерінен 3000-нан астам маман білім алды. Сондай-ақ, біз инклюзияны қолдау кабинеттерін ашуға сарапшылық қолдау көрсетуге дайынбыз. Қор қаражатына оқып, білімін жетілдірген білікті мамандар бүгінде бүкіл ел бо­йынша осындай кабинеттерді әдістемелік сүйемелдеуге әзір, – деді Динара Гаплан.

«Әр бала мектепке баруға ла­йықты» жобасы аясында инклюзивті білім беру саласында 500 жаңа мамандандырылған жұмыс орны ашылды. 3000 маман мен ата-ана инклюзивті білім беру және мінез-құлықты қолданбалы талдау бойынша оқудан өтті.

Жобаның арқасында өз ойын ауызша еркін жеткізе алмайтын балалардың 90 пайызы сөйлеу­ді үйренді, 33 ерекше бала өз бетінше оқуды меңгере бастады, дамуында ерекшеліктері бар 150 бала мектепішілік, қалалық, облыстық жарыстар мен олимпиадалардың жүлдегері атанды.

Балалар үйлерінің 2,5 мыңнан астам тәрбиеленушісі қордың шығармашылық бағдарламаларына қатысты.

Заңнамалық актілерге инклюзивті білім беруді дамытуға қатыс­ты 80-нен астам сапалы ұсыным мен түзетулер енгізілді. Қор – ҚР Үкіметінің, ҚР Парламенті Сенатының және ҚР Оқу-ағарту министрлігі жанындағы қа­йырымдылықты дамыту және инклюзия жөніндегі жұмыс топтарының белсенді қатысушысы.

«Болашақ» корпоративтік қоры ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды сүйемелдеу және олармен жұмыс істеу бойынша ассистент-педагогтарға арналған «Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды мінез-құлықты қолданбалы талдау әдістерін (АВА-терапия) қолдана отырып, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу» оқу курсын әзірлеп, іске қосты. Бүгінгі таңда Қазақстанның 17 өңірінен және Орталық Азия елдерінен 3000-нан астам маман оқытылды.

Балалар үшін жобаға қатысу тегін. Жоба Amanat партиясының қолдауымен «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында жүзеге асырылуда. Осыған орай, Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпаратты тарату күнінде «Болашақ» корпоративтік қоры Астана қаласында «Аutism Talks: ерекше балалы ата-аналарды шабыттандырар әңгімелер» атты дәстүрлі мотивациялық кездесу өткізді.

Кездесуде аутизмі бар балалардың ата-анасы өз тәжірибелері туралы әңгімелеп, аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктері бар балаларды тәрбиелеудегі кеңесімен, ұсынысымен бөлісті. Сондай-ақ, балаларының оларды қандай табыстар мен жетістіктерге жетуге шабыт сыйлағанын айтып берді. Психотерапевтер, психиатрлар, мінез-құлық талдаушылары және басқа да мамандық иелері қатысқан іс-шара ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасы мүшелеріне де, ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандар үшін де ерекше әсерлі өтті.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button