Басты ақпаратСараптама

АЭС салсақ, қауіпсіз бе?



Соңғы кезде елде энергия тапшылығы туралы жиі айтыла бастады. 2021 жылдың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Алматы қаласында қаржы секторының өкілдерімен кездескен кезде атом энергетикасын дамытудың өзектілігіне тоқталды. «Біз бұл мәселеге қатысты нақты шешімге келеміз деп ойлаймын. Болашақты ойласақ, біз атом станциясының құрылысына қатысты нақты шешім қабылдауымыз керек» деген еді.

Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесін Президент бірінші рет ауыз­ға алып отырған жоқ. Бұл – бұдан бұрын да айтылып, бірнеше рет талқыға түскен тақырып. Әрине, энергияға болған сұраныс тұрғысынан алғанда, даму үстіндегі елдердің атом электр станциясын салуы энергия жетіспеушілігінің алдын алудағы және ел іші өнеркәсібін қуатты электрмен қамтамасыз етудегі маңызды тәсіл екені рас. Әйткенмен, ол бізге керек пе? Салдырсақ, кімге салдырамыз деген мәселе жөнінде ел ішінде әртүрлі көзқарас бар. Мәселен, жұрттың кейбірі «бізге атом электр станциясы керек» десе, «Қазақстан өзі атом электр станциясын сала алмайды. Мұндай ірі құрылысты қарызданып салғанша, салмаған артық. Оның қауіпсіздік жағы тағы бар» деп санайтын екінші топ Қазақстанда АЭС салуға мүлде қарсылық танытып отыр. Ал үшінші топ болса, «АЭС салсын, бірақ оны Корея немесе Жапонияға салдырған жөн» деген пікірде. Ал Мемлекет басшысы болса, «Менің ойымша, бұл мәселені егжей-тегжейлі қарас­тыратын уақыт жетті, себебі Қазақстанға АЭС керек» деп қатысты орындарға тапсырма берген болатын. Ендеше, АЭС салу жұмысын зерттеп-зерделеу жұмысы қалай жүріп жатыр? Ол еліміздің болашағы үшін қауіпсіз бе деген мәселелер төңірегінде

«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин мырзаны әңгімеге тарттық.

– Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі өзекті тақырып болып тұр. Бізге атом электр станциясы қажет пе? Қажет болса не үшін қажет? Жалпы сіздердің мекеме қандай жұмыстармен айналысады?

– Біздің ұйым «Самұрық-­Қазына» АҚ Қорының еншілес компаниясы болып табылады. Үкімет біздің компанияға Қазақстанда АЭС салу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Бүгінгі таңда Қазақстан аумағында атом электр станциясын салу жобасы бойынша зерттеу, зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Атом электр энергиясын генерациялаудың артықшылығы – парниктік газдар шығарындыларының болмауы. Қазақстан Республикасының аумағында АЭС-ті пайдалануға беру, көмір мен газ негізіндегі электр энергиясын өндіруді алмастыру есебінен атмосфераға көмірқышқыл газы шығарындыларының жалпы көлемін орта есеппен жылына 8 млн тоннаға қысқартуға ықпал етеді.

Қазақстанда АЭС салу экономиканың барлық саласына, сондай-ақ ғылымға, білімге, әлеуметтік салаға оң мультипликативтік әсер етеді, жоғары технологиялық, ғылымды қажетсінетін технологиялар мен аралас салалардың жедел дамуына мүмкіндік береді.

Оның үстіне, құрылыс кезеңінде шамамен 7-8 мың жұмыс орны құрылады, одан әрі пайдалану персоналы үшін шамамен 2 мың адам қажет болады. Жоғары білікті кадрларды даярлау қазақстандық жоғары оқу орындары бағдарламаларының дамуына әкеледі және олардың деңгейін айтарлықтай көтереді.

АЭС орналасатын ауданда инфрақұрылым дамиды. Негізгі нысандар – жолдар, мектептер, ауруханалар және тұрғын үйлер секілді объектілердің құрылысына алып келеді.

– «Ерін айтпағанды емеу­рін айтады» дегендей, сіздің пайымыңыздан АЭС салуды қолдайтыныңыз аңғарылып тұр. Қазір атом электр станция­сын салу мәселесінде жұрттың пікірі де екіге жарылады. Бір тарап, бізге атом электр станциясы керек десе, екінші тарап, жоқ керек емес деген көзқараста отыр. Украина мысалында атом электр станциясы геосаяси жағдайды одан әрі асқындыратын өзекті мәселеге айналып кетуге шақ қалды. Бұл мәселелер сіздерді алаңдатпай ма?

– АЭС жобасын біздің мекеме саяси емес, техникалық және экономикалық жағынан қарастырып жатыр. Жоғарыда айтқанымдай, АЭС Қазақстанға қажет. Кез келген компания серіктес ретінде таңдалғанымен тек атом электр станциясын салумен ғана айналыса алады, бірақ ол нысанға иелік етпейді. Қазір 4 әлеуетті серіктеспен келіссөздер жүргізілуде. Вендорды таңдап, АЭС құрылысы жобасы барысында біз жұртшылықтан келетін барлық сигналды қарас­тырамыз және ескереміз.

– Жапониядағы атом электр станциясының апатынан кейін кейбір елдер электр станция­сынан бас тарта бастады. Мәселен, Германия атом электр станциясынан толығымен бас тартты. Emsland, Isar 2 және Neckarwestheim жабылды, яғни соңғы 3 атом электр станция­сы жұмысын тоқтатты. Ал біз енді салғалы жатырмыз? Бұл қауіпті емес пе?

– Қазіргі уақытта әлемде жалпы қуаты 368,6 ГВт болатын 410 ядролық реактор жұмыс істейді. 57 реактор немесе 59,1 ГВт энергетикалық эквивалентте салынуда. Атом электр станциясы Қытай – 17 энергоблок, БАӘ – 1, Оңтүстік Корея – 3, Үндістан – 8, Түркия – 4, Ұлыбритания – 2, Ресей – 4, АҚШ – 2 сияқты елдерде салынуда. Өзіңіз айтып отырған Германия, одан бөлек, Бельгия, Испания және Швейцария атом энергиясынан бас тартады. Мұнда баламалы энергия көздеріне көп көңіл бөлінеді, бұл оларға әлдеқайда қымбатқа түседі.

Климаттың өзгеруі жөніндегі Париж келісіміне сәйкес Қазақстан Республикасы 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 15%-ға қысқартуға міндеттелді. Бүгінгі таңда еліміздің негізгі жұмыс істеп тұрған энергия көздері жылу көмір станциялары болып табылады, олар негізгі жабдықтардың тозуының жоғары деңгейімен қатар қоршаған ортаның ластануының жоғары деңгейімен (парниктік газдар шығарындылары, қалдықтардың үлкен көлемі) ерекшеленеді.

Экологиялық таза және қауіпсіз технология болып табылатын атом электр станцияларындағы дәстүрлі жылу станцияларын ауыстыру энергетика секторындағы парниктік газдар шығарындыларын, сондай-ақ ЕО-ның импортталатын өнімге көміртегі салығын енгізу жөніндегі жоспарларымен байланысты мұнай-газ, тау-кен және экономиканың басқа да секторларының болжамды шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Электр энергиясын өндіру көздерін әртараптандыру Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздік деңгейін едәуір арттыруды қамтамасыз етеді.

– Атом электр станциясын салмай-ақ, электр тапшылығы мәселесін шешудің басқа жолдары жоқ па?

– Әрине, біз көмірмен жұмыс істейтін станцияларды салсақ болады, бірақ біздің елімізде электр энергиясын генерация­лайтын жабдықтардың тозуы 70%-дан астамды құрайды, ал әлем елдері мен Еуропалық Одақтың көміртексіз таксономиясына сәйкес, Қазақстанға көмірсутек көздерінде жұмыс істейтін энергетикалық станциялар құрылысына инвестициялар көзделмеген. Сондықтан атом энергетикасын дамыту және атом станциясын салу барлық санаттағы тұтынушыны, оның ішінде өнеркәсіптік кәсіпорын мен халықты үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін неғұрлым қолайлы болып табылады.

– Қазірге дейін атом электр станциясын салып беруге ниет білдірген елдер бар ма? Сіздер қай елге басымдық беріп отырсыздар?

– 2019 жылдан бастап реак­торларды талдау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атом технологияларының 6 негізгі әлемдік иелерінен техникалық-коммерциялық ұсыныстар алынды: KHNP (Оңтүстік Корея), CNNC (Қытай), Росатом (Ресей), EDF (Франция), NuScale (АҚШ), GE-Hitachi (АҚШ-Жапония) компаниялары реакторлардың 13 түрлі нұсқаларын қарастыруға ұсынды.

Осы ұсыныстарды қарау және зерттеу барысында ең перспективалы нұсқалар таңдалды және KHNP, CNNC, Росатом және EDF-тен 4 жобаны қамтитын қысқа тізім алдын ала құрастырылды. Барлығы дерлік техникалық жағынан сәйкес. Таңдау жұмыс­тары жобаның Қазақстанның қажеттіліктеріне сай жасалады. Демек, бұл мәселе әлі де зерттеліп, зерделенеді. Алдын ала бір елге басымдық берілмейді.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button