Ел тынысы

Әскери бөлім әлеуеті қандай?



Сенаттың Халықаралық қатынастар, қауіпсіздік және қорғаныс комитетінің төрағасы Асқар Шәкіров бастаған бір топ сенатор Ұлттық ұланның елордадағы №5573 әскери бөліміне бардық. Халық қалаулыларын Ұлттық ұлан бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары, полковник Қайрат Үмбетов пен әскери бөлім басшылығы қарсы алды.

Жауынгерлердің қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен жедел көмекке дайын тұруы – ең басты шарттың бірі. Ол үшін әскери күштерге тиімді тактикалық тәсілдерді түсіндіріп, қарым-қабілетін шыңдау керек. Осы бағыттағы жұмыстар жүргізілетін қоғамдық тәртіпті қорғау жөніндегі жауынгерлік қызметке дайындық және спорт алаңдары мен демалыс, тамақтану орындарын араладық.

Бүгінгі әлем ақпараттық соғыстың дәуірі болса да, әскери техникаға иелік ету үлкен сенімділік берері сөзсіз. Сондықтан геосаяси ахуал күрделі кезеңде біздің жан-жақты дайын болуымыз міндетті. Осыған қатысты әскери бөлімнің материалдық және арнайы әскери техникалары көрсетілді.

Әр әскери сарбаздың сенімді серігі ретінде қызмет атқаратын арнайы дайындықтан өткен иттер ерекше бағаға ие. Кинология – әскери қыз­меттің ажырамас маңызды бөлігі. Өйткені осы саланың қызметкерлері өздерін физикалық тұрғыдан шыңдалумен шектелмейді, сонымен қатар, жанында ертіп жүретін иттің дайындығына да толықтай жауапкершілікті өз мойнына алады. Әскери бөлімнің қыз­метімен танысу барысында осы қызметтік иттерді қолдану тәртібімен таныстық. Көз алдымызда жасырылған «жарылғышты», тығылған «наркотикті», қашқан «қылмыскерді» санаулы секундта дәл анықтап, ұстаған төрт­аяқты «із кесушілер» кәсібилігі тамсандырды.

Одан бөлек, әскерилердің тамақтану мәзірінің ұйым­дастырылуы, спорт кешені мен атыс тирі, киім нысанының, арнайы жабдықтың, қару-­жарақтың және арнайы құралдардың үлгілері көрсетіліп, Ұлттық ұланның орталық мұражайы, кітапхана жұмысымен де таныстық. Әскерилер көтерген мәселелерді комитет төрағасы Асқар Шәкіров сенаторлар сала мәселелерін талқылау кезінде басты назарда ұстайтынын жеткізді.

Ел тұтастығы мен қоғам тұрақтылығының негізі темірдей тәртіпке келіп тірелері анық. Еліміздің бейбіт, бейқам өмір сүруінде біздің әскери күштеріміз маңызды рөлге ие. Жас сарбаз – еліміздің сенімді қорғаны. Ал олардың өз қабілетін үнемі шыңдап, білімін жетілдіріп, үздіксіз дамуы үшін лайықты жағдай жасалуы шарт.

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде, төтенше жағдайлардың салдарын жоюда және әртүрлі қауіпті деструктивті ағымдарға қарсы күрес барысында Ұлттық ұлан әскерлеріне жүктелетін жауапкершілік жүгі зор.

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,

Сенат депутаты




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button