Мәдениет

Әуезов әлемін әспеттеді



Астанадағы Мұхтар Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназияда заңғар жазушының туған күніне орай «Әуезов әлемі» атауымен апталық өтті. Соның аясында викторина, интеллектуалды сайыс, сынып сағаты, сурет көрмесі ұйымдастырылды. Барлық шаралардың түйіні ретінде «Мұхтар Әуезов – кемеңгер тұлға» концерті ұсынылды.

Мектеп-гимназия директоры Гүлмира Оразбекованың айтуынша, екі жыл бұрын аталмыш білім ошағына ұлы жазушының аты берілді. Содан бері классик қаламгерді ұлықтау шаралары тұрақты түрде өтіп жатыр. Ал туған күні қарсаңында апталық өткізу дәстүрге айналды.

Концертте бала Мұхтардан дана Мұхтарға дейінгі сахналық қойылымдар көрсетілді. Яғни балалық пен студенттік шағы, кемелденген кезеңі қамтылды. Әр көріністен ұлы Абай мұрасы тұлға болып қалыптасуына әсер еткені менмұндалап тұрды. Бір кезеңдері жазушының кеңестік жүйеден қысым көргені белгілі. Ол да қамтылмай қалған жоқ. Мектеп ұстаздары мен оқушылары классиктің кейпіне еніп, бейнесін әсерлі сомдап шықты. Арасында Абай әндері әуеледі. Атап айт­қанда, белгілі музыкант, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашев жетекшілік ететін оқушылар хоры «Көзімнің қарасы» әнін шырқады. Мың бұралған би биленіп, күй күмбірледі.

Концертке Астана қаласы Білім басқармасының бөлім басшысы Асыл Амангелдиева, қалалық Әдістемелік орталығының қызметкері Күнімбала Баяхметбаева, ақын, абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызы қатысып, ізгі тілегін жеткізді. Үздік үлгі көрсеткен бір топ ұстаз «Мұхтар Әуезов» медалімен марапатталды.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button