Қоғам

АГРОТЕХНИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТ АСУЛАРЫ



Кеше Астанада С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің 60 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтті. Оған Болгария, Италия, Ресей, Беларусь, Польша, Германия, Венгрия, Қытай, Моңғолия елдерінен келген қонақтар және Қазақстандағы бірқатар елшіліктер өкілдері қатысты. Салтанатты шара «Қазақстан» орталық концерт залында өткен мерекелік концертке ұласты. Университеттің мерейтойына орай жоғары оқу орнының ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Ақылбек Күрішбаевтың мақаласын назарларыңызға ұсынамыз.

1957 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысымен алғаш рет Ақмола жерінде жоғары оқу орнын құру туралы шешім шығарылды. Сол шешімнің негізінде қазіргі С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті құрылды. Сонау Кеңес дәуірінен университетіміз Арқа төсінде ауыл шаруашылығына қажетті мамандар дайындап, бүгінгі тәуелсіздігіміздің жарқын жылдарында республикадағы іргелі жоғары оқу орнына айналып отыр.
Қазіргі уақытта университеттің 9 факультетінде бакалавриаттың 37 мамандығы, магистратураның 31 маман­дығы, докторантураның 19 мамандығы бойынша 11 мыңнан астам студент білім алуда. Профессорлық-оқытушылар құрамы – 916 адам. Олардың 78-і ғылым докторы болса, 28-і – PhD докторы, ал 376-сы ғылым кандидаты дәрежесіне ие.
60 жылдық тарихында оқу орнымыздан ауыл шаруашылығы саласы бойынша 65 мыңнан астам маман білім алып шықса, олардың барлығы дерлік еліміздің әр өңірінде белді қызметтер атқарып жүр. Арасынан көптеген жетекші ғалымдар, ауыл шаруашылығы өнді­рісінің ірі ұйымдастырушылары, Социалистік Еңбек Ерлері мен Қазақстанның Еңбек Ері, еліміздің қоғам және сая­си қайраткерлері шыққан.
Өз кезеңінде университет ғалымдарының дәлелдеме­лері негізінде Қазақстан ас­тығын экспорттау мәселесі жөніндегі тың бастамалар жүзеге асырылды. Сол дәйектемелер нәтижесінде еліміз астық экспорты бойынша әлемнің көшбасшы елдердің біріне айналды. Университетіміз тәуелсіз Қазақстан экономикасының аграрлық секторын қалыптастырып,
дамытуға теңдессіз үлес қосып келе жатқанын мақтанышпен айта аламыз.
2014 жылы оқу орнымызды зерттеу университетіне көшіру жұмыстарын бастадық. Біз бұл бағытта аграрлық білім мен ғылым саласында әлемде көшбасшы болып саналатын Чили, Малайзия, Вьетнам және Қытай елдері­нің аграрлық білім мен ғылым жүйесін зерттеп, оң тәжірибеге ие болған Дэвистегі (АҚШ) Калифорния зерттеу университетімен серіктестік байланыс орнаттық. Алғашқы қадамымыз оқытушыларымызды аталған оқу орнының және әлемдегі басқа да жетекші университеттердің базасында оқытудан, оларды тағылымдамадан өткізуден басталды.
Біз шетелдік профессорлардың тікелей көмегімен және еңбек нарығындағы сұраныс­тарды ескере отырып, жаңадан 6 білім беру бағдарламасын әзірледік, ал келешекте 62 білім бағдарламасын әзірлеу және енгізу міндеті тұр. Оқыту жүйесінің тәжірибеге бағытталуын күшейттік. Студенттердің өндірістік іс-тәжірибесінің ұзақтығы
3 айдан 7 айға дейін ұзартылды, ауылшаруашылығы мамандықтары бойынша оқу үдерісі жазғы маусымға ауыс­тырылды, яғни ауылшаруашылық жұмыстардың
маусымымен үйлестірілді.
Соңғы жылдары 58 білім беру бағдарламасы үш тілділікке көшірілді. Бұл бағыт бойынша 126 оқытушы немесе профессорлық-оқытушылар құрамының 14 пайызы ағылшын тілінде дәріс береді. Осы бір тың өзгерістің арқасында ғылыммен айналысатын оқытушылар мен студенттердің саны екі есеге өсіп отыр. Нәтижесінде Web of Science басылымдарында шыққан ғылыми талдамалық мақалалар саны 18 есеге көбейді. Мұны университетіміз ғылыми-тәжірибелік бағытқа бет бұрғандығының айқын дәлелі деп білген абзал.
Бірнеше жылдың ішінде университетке шамамен 1,1 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, жаңа білім мен технологияларды трансферттеу мен бейімдеудің төрт халықаралық орталығы ашылды. Айтылған шаралардың нәтижесінде біздің оқу орнымыз әлемдік QS рейтингі бойынша дүние жүзінің үздік 800 университеті және QS EECA рейтингі бойынша Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның үздік 200 ЖОО қатарына кірді. Бұл – әлемдік деңгейдегі білім мен ғылымды жан-жақты ұштастырып отырғандығымыздың айғағы.
ҚазАТУ базасында зерттеу университетін құру еліміздің Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында қарастырылған. Қазіргі таңда университеттің даму бағдарламасы әзірленіп, мүдделі министрліктердің қолдауына ие болып отыр. Бағдарламаны іске асырудың іс-шаралар жоспары Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен бекітіліп, оны университет ұжымы жүзеге асыруға кірісіп те кетті. Алдағы уақытта осы бағдарламалардың оң нәтижесін көреміз деген сенім мол.

Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button