Әлеумет

Алақай, аққалпақ қайта оралды!



Ұлтты ұлт, атап айтқанда, қазақты қазақ қып небір қан­құйлы қиындықтардан, жаға-жеңін жыртса да, ұрқын құртпай аман алып келе жатқан асыл қасиеттің бірі – салт-дәстүріміз десек еш артықтығы жоқ.

Шүкір, барған сайын салт-дәстүр жаңғыра жоғалғаны табылып, атажол даңғылданып келеді. Соның бірі – қазақы байырғы киім үлгілері. Жалпы киім үлгілері бір мақалаға жүк боларлық аз дүние емес, соның ішінде тілге тиек етеріміз ата-бабамыздан қалған аққалпақ жайлы болмақ.

Қазақ жұртында бас киімді жерге тастамайтын, аяққа баспайтын, кірлетпей таза ұстайтын, жыртылғанша алба-жұлба тоздырып кимейтін, өзі киіп жүргендерін албаты біреуге бермейтін… бас киімді ерекше қадірлейтін салт бар.

Адамның бас мүшесі – ең қымбатты мүше. Онда көру, есту мүшелері, иіс-дәм қатарлыларды сезу мүшелері мен қоректену мүшелері бар, одан да маңыз­дысы бүкіл іс-қимылға қолбасшылық ететін ми сақталған. Осы қасиеттеріне орай ол дененің ең жоғарғы бөлшегіне орналасқан. Осы құндылықтарды сезе де, сене де білген ата-бабамыз бас сынды осы бір қасиетті мүшені қорғай жауып тұрған бас киімді қадірлеп, қашан да керегенің басына, адал бақанға іліп қоятын немесе жерге түспейтін биік орынға шығарып қоятын болған.

Заманның жаңалануы, дәуірдің өзгеруі бірте-бірте шляпа, шапка қатарлы өзге жұрттың өзіндік ерекшелігі сіңген «жаңаша» бас киім кидіруге, тіпті ата салтта жоқ жалаң бас жүруге еліктіргені де, мәжбүрлегені де өтірік емес.

Бақытымызға орай, егемен ел болдық. Соның арқасында ата-бабаларымыз қалдырып кеткен тарихи жәдігерлерімізді бүгінгі ұрпақ жалғастырып жатыр. Солардың ішіндегі ең құнды бір түрі – кәдімгі қазақы «аққалпақ».

Аққалпақтың ерекше құндылығын ел іші қазыналы қарттарымыздың нар кеудесіне сақтаған пайымымен мына бірнеше жағынан көруге болады:

Бірінші, аққалпақ жай бас киімдерге қарағанда 20-25 см көлемінде биік болады, бұл ұлт рухының биік, еңселі болуын білдіреді.

Екінші, биік тұлғасы ақ киізден жасалады, бұл – халқымыздағы ақ ниет, пәк көңілдің белгісі.

Үшінші, етегі түкті қара матамен астарланып аударыла аумақтанып тұрады, бұл өзінің неше мыңжылдық атамекен – қарақонысының белгісі.

Төртінші, қалпақ төбесінде біршоқ қара шашақ болады, ол осы атамекен – қарақонысын қорғаған қара тамақ қайқы қылышы мен ақ найзасының шашағы. Оған желбірете ең биігінен орын беруінің мәні – отанын қорғау бәрінен де биік борышың екенін білдіргені.

Бесінші, аққалпақтың етегінен өрлейгі биіктігі шымқай қара матамен бұлықталған (шымшыған) төртқырлы болады, қалпақты төрт қабырғаға бөліп тұрған қалпақ қырына жіберген төрт қарасу (бұлық) төрт төңірегін мөлдір қара сулы қара өзен (қара сөзі қазақы ұғымда байырғы, мол, бай дегенді білдіреді) болсын деген халықтық ырымды білдіреді.

Алтыншы, қалпақтың төрт қабырғасында бір бөлек қара ою-өрнек болады, ол төрт төңірегі түгел оюдай ұйысқан қаранор халқы болсын дегенді білдіреді.

Жетінші, қалпақтың төрт қабырғалы тұтас өңіріне бейімделе, етегі өрге тарта аударылып, қалпақтың тұтас денесін өзінің дөңгелек әлеміне сыйдыра қоршап тұрады, бұл қасиетті қара қонысың (отаның) – қара орман халқына да, суына да, нуына да, туына да киелі мекен болады дегенді білдіреді.

Оу, халқым,

Аққалпақта кие бар,

«Қазақ» деген ие бар.

Жатырқама, жатсынба,

Мәнді, құнды дүние бар!

Қазақтың аққалпағын біреу қыр­ғызға, біреу қызайға телиді. Қырғыз – жаратылысы қазаққа жақын бөлек ұлт. Аққалпақ оларда да бар, бірақ олардікі біздікінен өзгешерек. Ең басты айырмашылығы, ою-өрнегі, жалпы пішіні ұқсастау болғанмен, төрт қабырғасы да, етегі де ақ болады.

Қызай – қазақ орта жүзінің белді ұлыс-тайпасының бірі болған найман атаның садыр-матайынан тарайтын кіші рудың бірі. Аққалпақты оларға телудегі маңызды себеп, аққалпақ бүгінге дейін қытай елінің Іле қазақ облысына қоныстанған найманның қызай руы мен үйсіннің албан руында сақталған.

Алақай, жұртым, қазақтың аққалпағы өз ортасын тапты!

Мінеки, аққалпақ бүгінде «Елорда билер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің бас биі Әнуарбек Қайкенұлы Ералының бастамасымен құрамында 50-60 білікті ақсақал жұмыс істейтін үлкен топтың атажол – салт-дәстүрінің жалауындай шашағын төбесіне желбірете айбынын асыратын тұрақты бас киіміне айналды.

Уа, жұртым, киіңіздер, құнды сыр-­сипатын біліңіздер, атажол – салт-дәстүрді сүйіңіздер!

Жұмашәріп ШӘҺАДАТҰЛЫ,

педагог-публицист




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button